Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әке аманаты - АРҚА АЖАРЫ

Әке аманаты

Бір қауым елге тірек болып, тынысын ашып, ажарына әдемі сәуле себезгілеп отырған екі бірдей бәйтеректің қос бұтағы тәрізді жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер. Өтпелі кезеңде бірер отбасы қоныс аударып кетсе, соңғы жылдары бұл ауылға көшіп келуге тілек білдіргендер көп-ақ.

Серіктестік осыдан ширек ғасыр бұрын құрылған. Кейін екіге бөлінді. Біреуі бұрынғы «Байдалы» атауын иеленсе, екіншісі «Байдалы-2» ауыл шаруашылығы кәсіпорны деп аталады. Екіге бөлінгенімен, мақсат бір, мұрат ортақ.
–1992 жылы менің әкем Амандық Байдалыұлы осы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің алғашқы директоры болған еді,–дейді «Байдалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Бағдат Оразалин,–әкеміздің ұзақ жыл жинаған бай тәжірибесі, ауыл шаруашылығының тыныс-тіршілігін жақсы білетін білігі және қажырлы еңбегі зая кетпей, аз уақыттың ішінде қауқарлы шаруашылыққа айналды. Өкінішке орай, өткен жылы өмірден өтті. Өзі өмірден өткенімен, артында мол мұрасы қалды. Таратып айтатын болсақ, ол мұра материалдық игіліктен бөлек иманды дәстүрі, адамгершілікке толы ақиқат істері. Мәселен, біздің әкеміз көпшілікке қайырымды болды. Әсіресе, ауылдағы білім ошағына мейірімін көп төгетін. «Болашақ балаларда» деп есептегендіктен болар білім ошағына жиі барып, мұң-мұқтажын тыңдайтын. Құлағына тиісімен бірден мәселені шешуге тырысатын. Оның өз жөні де бар, мәселен, 1994 жылы осы мектепке біздің атамыз, Еңбек Ері Байдалы Оразалиннің есімі берілген. Атамыз бұл жоғары награданы сонау 1957 жылы алған екен. Міне, ата есімі берілген білім ошағына кейінгі ұрпағы қолынан келіп тұрғанда қамқорлық жасау керек деп түйсінген болар, біздің әкеміз осы мектепке көп қамқорлық көрсетті. Кейін бізге аманат етті.
Әке аманаты бүгінде бұлжымай орындалуда. Жаңа оқу жылы қарсаңында Веселое орта мектебінің жанында көпбейінді спорт алаңы ашылыпты. Шағын футболдан алғашқы турнир өткізілген. Бұл жарысқа осы ауданның ғана емес, Целиноград және Аршалы аудандарының спортшылары да келіп қатысқан. Балаларының айтуына қарағанда, әкелері үлгере алмай кеткен бір арман осы екен. Спорт алаңын салып берумен қатар, мектеп оқушыларының спорттық бұйымдарына 20 миллион теңге бөлген.
Ағайынды Оразалиндермен бірге білім ошағын аралап көрдік. Құрылысшының қалағының ізі сайрап жатыр. Еңсесі түсіп, ескірген мектепті күрделі жөндеуден өткізіп, жұтындырып қойыпты. Іші кірсе шыққысыз. Жаңалық жалғыз қабырғалар мен шатырларда ғана емес, ішінде де бар. Мәселен, өңірдің өткенін сабақтайтын мұражай. Мұндағы жәдігерлер ел тарихын екшеп, осы мектепте білім алып жатқан оқушылардың ғана емес, келімді-кетімді кісілердің де көкірегіне көрікті ой салып, тылсым сыр шертіп тұр. Айтқандайын, мектептің дәл алдында Еңбек Ері Байдалы Оразалинге қойылған ескерткіш бар екен. Ауыл тұрғындары мен мектеп оқушылары еңселі ескерткішті өз қамқорлықтарына алып, маңайын абаттандырып, көріктендіріп тұратындығы ешкім айтпаса да аңғарылады. Бұл да ұлы еңбекке тәрбиелеу, қоғам байлығын еселеуге бойындағы бар қажыр-қайратын жұмсаған Еңбек Ерінің еңселі бейнесі арқылы өнеге беру.
Өнеге беретін ізгі іс аз емес екен. Осыдан бірер ай бұрын аумағы ат шаптырым мешіт үйі пайдалануға беріліпті.
–Әкеміздің тағы бір арманы имандылықтың ұясы – мешіт салу еді, –дейді «Байдалы-2» ауыл шаруашылығы кәсіпорнының басшысы Бағдат Байдалыұлы,–өткен жылы жаңа мешіттің іргетасын құя бастадық. Содан соң құрылыс материалдарын тасыдық. Әдемі мәрмәр тастарды Ираннан алдырдық. Алдында зәуі бір себеппен Шығыс Қазақстан облысында болған кезімде сәулетті мешіт үйінің үлгісін көрген болатынмын. Әкеміз жобалаған, ғұмыр бойы қиялында жүрген үлгі осындай болар деп ойладым. Мешіттің жанын түгел абаттандырып, көгалдандырып біткенімізше бір жыл өте шықты.
Қос серіктестіктің басшылары Бағдат пен Марат Оразалиндер серіктестіктің әуел бастағы ізгілікті дәстүрлерін жалғастыруда. Соның бір мысалы, жергілікті отбасылық-дәрігерлік амбулатория. Шаруашылық басшыларының шалғайына ілесіп барып көрдік. Маңайы мұнтаздай таза, неше алуан гүлмен көмкерілген. Сол тазалық ішке өзіңмен бірге кіргендей. Медициналық құралдармен жабдықталған бөлмелер сыңғырлап тұр.
–Біздің дұрыс жұмыс істеуіміз осындағы екі серіктестіктің шынайы қамқорлығының арқасында,–дейді дәрігер Жібек Оразалина, осындағы алты медбике Веселое ауылымен қоса төрт елді мекеннің тұрғындарына тұрақты қызмет көрсетеді. Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылғанбыз. Ыстық су, суық суымыз бар. Қажет кезінде науқастарды аудан орталығы – Балкашин селосына тасымалдау үшін көлік бөлінеді. Бұл мәселеде ешқашан кідіріс болып көрген емес.
Отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның іргесінде шалғайдағы шағын елді мекендерде жағымды жаңалық болып есептелетін цех жұмыс істеп жатыр екен. Бұл жерде пластикалық терезелер шығарылады. Игілікті іске осы ауылдың тұрғындары ғана емес, өңірдің адамдары да назар аударып, тапсырыс бере бастаған. Одан сәл әріректе қоғамдық монша, наубайхана жұмыс істеп тұр. Бір айта кетерлігі, наубайхана ауылдық округтің бес елді мекені тұрғындарын сапалы нанмен қамтамасыз етуде. Нан бағасы алпыс-ақ теңге. Оған жалғас жайлы жатақхана. Жатақхана негізінен шеттен келіп серіктестікте жұмыс істейтін адамдарға арнайы салынған. Одан бөлек бұл өңірге жолы түскен адамдарға да қызмет көрсетеді.
–Екі серіктестік басшылары да ауылдағы мәселелерді шешуге көп көмектеседі,–дейді ауылдық округтің бас маманы Дина Тасмұратова,–әр жыл сайын ауыл көшелерін қатты жамылғымен қаптап жол салуда. Таяуда ғана Веселое-Новоселовка бағытындағы 26 шақырым жолды жөндеп шықты. Ал, бұрын ол жол адам жүргіссіз болатын. Жергілікті бюджетте мұншалықты қаражат жоқ. Осындай игілікті істердің басым көпшілігі ел жайын ойлайтын қайырымды адамдардың жанашырлығы арқасында жүзеге асуда.
Мұндай пікірді ауылдағы егде зейнеткер Лидия Якимова және еңбек ардагері Валентина Доценко мен Александра Соляниковалар да айтып отыр. Айтса айтқандай, қай кезде де туған жерін есінен шығармайтын ағайынды Оразалиндердің қайырымдылық істері өз алдына бір жыр. Мәселен, серіктестіктердің 455 пай үлескерлері өз қалауларына орай шөппен, отынмен, көмірмен үлестерін ала алады екен. Нақты есептерін таратып айтатын болсақ, былайша өрілер еді. Бір пай 17 гектарға тең. Серіктестік осы жер көлемін пайдаланғаны үшін пай иесіне 30 000 теңге өтемақы төлейді. Ал, көршілес шаруашылықтар 17 000 мыңнан 22 000 теңгеге дейін төлеуде. Айырмашылығы көрініп-ақ тұр емес пе. Серіктестік жұмысшыларының еңбекақысы атқарған шаруаларына орай орта есеппен жүз мың теңгеден айналады. Егер жұмысшының отбасында жарық дүниеге нәресте келе қалса шаруашылық есебінен жүз мың теңге көмек көрсетіледі, екінші балаға 150 мың теңге. Егер жоғары оқу орнында оқып жатқан жастардың мамандығы ауыл-селода сұранысқа ие мамандық болатын болса, арнайы келісімшарт жасалып, олардың оқу ақылары төленіп отырады. Міне, сондықтан да бұл жерде мұғалімдер мен медицина қызметкерлері кадрларының тапшылығы жоқ. Өйткені, әуел баста келісімшартта жас маманның кемінде бес жыл міндетті түрде жұмыс істейтіндігі көрсетілген. Шаруашылық есебінен оқып білім алған жастардың дені бес жыл жұмыс істеген соң бауыр басып, тұрақтап қалады. Өйткені, мұнда тіршілікке қажетті барлық жағдай тудырылған.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Сандықтау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар