Көкшетау сүт зауытының сапалы өніміне сұраныс жоғары

Өңірді өркендететін – өндіріс.  Бүгінде Ақмола облысы берекесі артқан құтты өңірлердің алдыңғы қатарында. Бұл алдымен, облысымызда орналасқан өндіріс ошақтарының тыныс-тіршілігінің жемісі. Қазіргі таңда ақмолалықтардың ақ дастарханы өзімізде өндірілген өнімге толы. Біз Ақмолада жасалған өнімдерді тұтынамыз! Бұл – зор мақтаныш емес пе? Өңіріміздің өндірістік әлеуетін арттыруға барынша үлес қосып, кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтіп келе жатқан осындай іргелі кәсіпорындардың бірі, әрине – «Көкшетау сүт зауыты».                   

Әр берекелі істің бастауында адалдық бар. Ал, адалдық – адамдық қасиетпен тығыз байланысты. Осы ұстанымды өмірлік қағидатқа айналдырғандар міндетті түрде абырой биігінен көрінетіні анық. Адал еңбектің нәтижесі қашан да көз қуантады ғой. Әр ісіне адалдықпен қарайтындар әркез еңбегінің жемісін көріп, халық алғысына бөленетіні  де рас.

Облыс оралығындағы  «Көкшетау сүт зауыты»  серіктестігінің тарихы сонау 1965 жылдан бастау алады. Аға буынның  есінде болар, ол кезде аталмыш өндірістің сүт өнімдері шыны бөтелкелерде шығарылатын. Ал, балалық шақтың бал дәмі балмұздақты кім ұмытсын. Оны айтасыз, осы  «Көкшетау сүт зауыты»  серіктестігі шығарған балмұздақтың дәміне алыс-жақын шетел де тәнті. Ал, қазақстандықтар қай өңірде жүрсе де, балмұздақ сатып алар кезде алдымен «Көкшетау сүт зауытында»  өндірілген балмұздақ бар ма деп сұрайды.  Себебі, біздегі зауыттағы өнімінің барлығы зиянды қоспадан ада, табиғи өнімдер. Осындай өзіндік тарихы, қалыптасқан дәстүрі, айқын мақсаты бар кәсіпорын жылдар бойы өзінің жүйелі жұмысымен ел алғысына бөленіп келеді.

Алайда, тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінде елімізде қаншама зауыт жабылып, құрдымға кеткені әмбеге аян. Бірақ, аталмыш кәсіпорында сол уақытта бас инженер болып қызмет атқарған  Дулат Жақсылықов бар жауапкершілікті өз мойнына алып, өз іскерлігінің арқасында кәсіпорынды сақтап қалғанын былайғы жұрт күні бүгінге дейін аңыз қылып айтып отырады. Ол кезде кәсіпорынды сол қалпында сақтап қалу оңай-оспақ шаруа емес-ті. Дулат Жақсылықов осы өндірістің өркендеуіне адал қызмет еткен абырой иесі болатын. «Бақыттың кілті – адал еңбек» деген ұстанымды өз балаларына да дарыта білді.

Өзі мезгілсіз өмірден өткеннен кейін оның адал кәсібін аманатым деп, әке жолын жалғаған ұлы Әсен өз қолына алды. Кейінгі жылдары Әсен Дулатұлы отбасылық бизнесті інісі Ерсайын Жақсылықовқа аманаттап тапсырған болатын. Қазіргі таңда аталмыш серіктестік өнімдеріне өзіміз түгілі өзге елдер де тәнті.  Кәсіпорын жыл өткен сайын өркендей түсуде.  Өткен жылы серіктестіктің екінші цехы қолданысқа енгізілді. Өндіруші өз өнімдерін инновациялық италияндық жабдықтармен заманауи қаптамада шығарып жатыр. Кәсіпорын күніне  60 тонна табиғи сүт қабылдап, күніне 15 тоннаға дейін өнім дайындап шығарады екен. Серіктестікте қысы-жазы екі жүзге  жуық қызметкер еңбек етеді.

Компанияның басты мақсаттарының бастауында өндірілген өнімнің жан баласына пайдасы тисе екен деген қағида тұрады. Бұл айнымас қағидат. Жасыратыны жоқ, қалың қалаларда табиғи сүт өнімдерін табу қиын. Ал, «Көкшетау сүт зауыты» қазақстандық отбасылардың ақ дастарханында ақ мол болсын деп  әрқашан сапаға мән береді. Мұндағы өндірілетін сүт өнімдері ешқандай қоспасыз таза сиыр сүтінен жасалады.

2020 жылы серіктестік жаңа технологиялық жабдықта дайындалған сүт өнімдерін нарыққа шығарды. Өнім желісі жыл өткен сайын кеңейіп келеді. Ендігі орайда сүт, айран, сүзбе, сары май, балмұздақтан басқа, балқытылған ірімшіктер, құрт, қоспа, төрт түрлі дәмі бар йогурттардың әрленген қаптамадағы түрлері қолданыста. Шикізаттың барлығы зертханаларда барлық санитарлық, экологиялық және техникалық талаптарға сәйкес қатаң бақылаудан өтеді, ҚР СТ сапасына және «Халал» сертификатына ие.

Серіктестік сапалы өнімдері үшін көптеген марапаттарға ие болған. Мәселен, 2001 жылы ««Көкшетау сүт зауыты» серіктестігінің директоры Дулат Насырұлы Жақсылықовқа «Жаңғыру» номинациясында үздік танылғаны үшін арнайы сертификат табыс етілді. 2017 жылы «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқауында II-ші дәрежелі дипломмен марапатталған. 2018 жылы «Азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты атанды. Дәл сол жылы «Халық таңдауы» номинациясы бойынша «GGANIC Food» көрмесінің III-ші дәрежелі дипломымен марапатталды. 2019 жылы кәсіпорын директоры Әсен Жақсылықов «Жылдың үздік кәсіпкері» номинациясының лауреаты атанды. Ал, биылғы жылы Алматы қаласында өткен «Ұлттық өнім» отандық өндірушілердің көрмесінде «Үздік балмұздақ» номинациясы бойынша «Халық Таңдауы» сыйлығының жеңімпазы болды. Сондай-ақ, осы көрмеде «Үздік құрт» номинациясы бойынша «Халық Таңдауы» сыйлығына ие болды. Сонымен қатар, ағымдағы жылы Ақмола облысында «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-конкурсының жеңімпазы атанды. Осы жетістіктері ескеріліп, биыл «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» акционерлік қоғамының «Сапа саласындағы жоғары жетістіктері үшін» дипломымен марапатталды.

Жалғанда халық алғысынан артық марапат бар ма?! «Көкшетау сүт зауыты» халық таңдаған, ел алғысына бөленген осындай іргелі кәсіпорын. Оның ассортименті мол өнімдері тұтынушылардың жоғары сұранысына ие бола беретіндігіне сенім мол.

       Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар