Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауы жайлы және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегінен туындайтын негізгі міндеттердің бірі ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық сананы қалыптастырудың өзекті мәселелері жайлы жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиевпен Көкшетау қаласындағы IT технология қазақ мектебінің ұстаздарымен, жоғары сынып оқушыларымен кездесу болып өтті.
Бұл мектеп облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің қолдап, қамқорлық жасауымен салынып, биылғы жаңа оқу жылында пайдалануға берілген болатын. Осы заманғы талапқа сай мектепте қазір 900 оқушы таза қазақ тілінде білім алып жатыр. Бұл біздің Көкшетау үшін үлкен жетістік. Өйткені, таза қазақ мектептерінің саны әлі де аз. Бұл біздің қаламызда 27 жылдан кейін салынған таза қазақ тілінде білім мен тәрбие беретін мектеп екендігін айтар болсақ, көкшетаулық-
тардың қуанышын анық түсінуге болар еді.
Мектеп директоры Айнагүл Қыдырбайқызы кездесуді ашып, ұстаздар мен мектеп оқушыларының Елбасының биылғы Жолдауын және «Рухани жаңғыру» еңбегін жақсы білетіндігін атап өтті. Кездесуде сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиұлы өз сөзін тәуелсіз Қазақстанды құрудағы, елімізді әлемге танымал етудегі Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөліне кеңінен тоқталды. «Тәуелсіз Қазақстанның тағдыры мен тарихы Елбасының тағдыры мен тарихы болып қалыптасты» деді жазушы.
– Өйткені, ел тәуелсіздігін өзі жариялап, одан кейін сол тәуелсіз елімізді тарихтың аса күрделі де қиын кезеңдерінен аман алып өткен, сөйтіп, Қазақстанды аса қысқа мерзімде әлемге танытқан Нұрсұлтан
Назарбаев Әлемге, Ғарышқа, Болашаққа жол ашқан Тұңғыш болды. Елбасы биылғы Жолдауында халқымыздың тұрмысы мен өмір сапасын жақсарту міндеттерін алға тартып отыр, – деді ол.
Ұстаздар қауымы «Педагог мәртебесі» туралы Заң қандай болуы керек деген жазушы ойын қызыға тыңдады. Мектеп оқушылары осы бастан өздерін Отан алдында жауапты екендіктерін сезінулері керек. Қазақстанда барлық игіліктер жастар үшін жасалып жатыр. Мектеп ұстаздары мен оқушылары тарапынан біраз сауалдар да қойылып, еркін әңгіме өрбіп, бұл кездесу өте жоғары деңгейде өтті. Қайраткер жазушы мектеп кітапханасына өз кітаптарын сыйлады.
Кездесу соңында мектеп директоры Айнагүл Қыдырбайқызы жазушыға алғыс айтып, өздерінің «Арқа ажары» газетіне белсенді түрде жазылатындықтарын айтты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.