Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Самураймен атысып, жеңіп шыққан - АРҚА АЖАРЫ

Самураймен атысып, жеңіп шыққан

Елбасымыздың Ақмола облысында болған сапарында көкшетаулық соғыс және еңбек ардагерлері Бүркітбай Батырханов, Асылбек Дәулетов, Ерденбай Юсупов, Ертөре Кәрібаев, тағы басқа ағаларымызбен кездесіп, Жеңістің 70 жылдығымен құттықтаған жылы лебізін тыңдап, разы болдық.

1942 жылдың наурыз айында он сегіз жасқа енді толған Ертөре Кәрібаев ағамызды Кеңес армиясы қатарына шақырады. Петропавлда құрылып, соғысқа дайындалып жатқан қазақ атты әскер дивизиясына алынып, күзге дейін соғыс әдістерін үйренеді. Қараша айында дивизияны екіге бөліп, жартысын Харьков, Москва түбінде болып жатқан қан майданға аттандырады. Екінші жартысын, ішінде Ертөре ағай да бар, Забайкалье әскери округінің құрамына әкеліп қосады. Округтың орталығы Чита қаласындағы жас жауынгерлердің курсында жарты жылдай дайындықтан өтеді. Отанын қорғау азаматтық міндет екеніне ант беріп, қатардағы жауынгерлер сапына қосылады. Сөйтіп, Кьяхта қаласының жанындағы №51 шекаралық заставада шекаралық күзетке шығады.
– Бұл шекарада Кеңес армиясы үш жыл бойы, 1943-1945 жылдары Ресей әскері мен жапон самурайлары аңдысып, бұйрық берсе болды, соғыс ашуға сақадай дайын тұрды. Ара-тұра мылтық кезеніп, атысып қалған сәттер болғанда, біздің шекарашылар дереу тойтарыс беретін. Шекарадағы бұл қызметіміз батыстағы соғыстан кем болған жоқ шығар деп  ойлаймын.
Батыс майданында оғыңды тура қас жауыңа бағыттап атасың. Ал, біз тұрған шекарада самурайлардың қай жағыңнан келіп өлтіріп кететінін білмейсің, күні бойы жауыңның қарауылында жүресің. Олардың жекпе-жек сайыстарын, мысықтай жымын білдірмейтін қимыл-әдістерін айтып, командирлеріміз үнемі сақ болуды ескертетін, –  дейді Ертөре ағай бізбен әңгімесінде.
Ерекең шекарада қатардағы жауынгерлігімен қоса, байланысшы-радист болып та қызмет атқарады. Байланысшы-радист әскердегі ең ауыр қызметтердің бірі, әсіресе, соғыс жүріп жатқан кезде тіпті қиын. Оның мехнатын жапондармен болған үш ай соғыста қатты тартады. Ол кездегі әскерлер арасындағы байланыс тек сым арқылы берілетін. 800-1000 метрдей екі тарам асыл сымдарды бір үлкен барабанға орап алып, түгел таратып, бір пункттен екінші пунктке үзбей апаруың керек. Сым оралған барабанның ауырлығы жиырма килограмдай. Барабанды өз іштерінде катушка дейтін. Тігін машинкасының жіп ораған катушкасына ұқсас  болғасын  солай атаса керек.
Қиыр Шығыста жапондықтармен болған соғыста ешқандай үзіліс, тыныштық болған жоқ. Үш ай бойы атыс-шабыс, арпалыс күні-түні толастамады. –Майдан қолбасшысы Маршал Г.К.Жуковтың майдан даласындағы тегеуріні қандай болғанын білесіздер. Кеңес армиясының екпіні қарқынды еді. Жапондарда да, біздерде де тыныштық болған жоқ. Мен осы үш ай соғысқа күні-түні  катушка сүйреп, командирлер арасына байланыс орнатумен үлес қостым. Бір иығымда катушка, екінші иығымда автомат ППИ, белімде пистолет, қанжар, үстімде бушлат, аяғымда керзі етік,  бойым бар болғаны бір метр елу сантиметр. Осы жүктің бәрін арқалап жер бауырлап, болмаса қырыңмен сырғып жүру оңай емес еді. Бір қолыммен катушканы сүйреп, екінші қолмен жер тырмалап, бүкіл денеңмен көтерген жүгіңді ілгері қарай жылжытасың. Түрегеп жүру не еңбектеп жүру деген мүлдем жоқ. Жерге жабысып көртышқандай сырғисың. Қара терге малшынып, бет-жүзіңді тер басады. Басыңды көтерсең, жауып жатқан оқтың астында қаласың. Бірақ, ол қорқынышты емес, өліп қалам деу санаңа да кірмейді, қайтсем де катушканы апаратын жерге жеткізуге тиіспін деп ойлайсың. Байланыс үзіліп қалса, командирлердің бұйрығын орындай алмағаның. Ол – өліммен тең, сол қорқынышты еді. Адамның денесі ысқырған оққа үйреніп алады екен. Жауынгерлік міндетің оны елемеуге үйретеді.
Катушканы белгіленген жерге жеткізіп, екі командирдің бір-бірімен сөйлескен сөздерін естігенде, қуанышыңда шек болмайды. «Спасибо солдат!» деген сөзін естігенде, төбең көкке жеткендей болады.
Ал, кейбір кезде сырғи жылжып баратын жеріңе әне жетем, міне жетем деп үміттеніп келе жатқаныңда сым үзіліп, барабаның салдырлап бос қалғанда, қуанышың су сепкендей басылады. Жыларман халге түсесің, соншама еңбегің далаға кетсе, командирге не дейсің?! «Сым үзіліп қалды» дегенше, өлгенің артық. «Жазған құлда шаршау бар ма» дегендей, өкініш-өксігіңді басып, сымның үзілген жерін жалғауға кейін қайтасың. Өйткені, соғыс жүріп жатқан кезде снарядтардың жарылысынан тартқан сымыңның үзілуі көп болады. Топырақ астында қалуы, снаряд жарықшағының үзіліп кетуі жиі ұшырасады. Сол қиылған жерін іздеп, кейде бір шақырым қашықтықты жер бауырлап жүруге тура келеді. Оны жалғап кері қайтсаң жақсы, кейде таба алмай ит әуреге түсесің. Ал, жапондардың барлаушылары көрсе, түгелімен қиып алып кетеді. Ондайда салың суға кетіп, ісіңді қайта бастайсың.
Бір жолы үзілген сымның бойымен жер бауырлап кейін келе жатып, анандай жерде бүкшеңдеп жүрген жапон солдатын көрдім. Автоматымды дереу қолыма алдым да, көздеп тұрып атып қалдым. Ол оң жағына қарай аунап кетті де, маған қарсы бірнеше рет оқ атты. Алланың жәрдемі шығар, менің оғым ерте тисе керек, сәлден кейін дыбыссыз қалды. Біраздан соң жылжып жанына барсам, өліп қалыпты. Кәдімгі жапонның самурайы, белінде қылышы бар екен. Дерек үшін самурайдың беліндегі қылышын шешіп алдым. Аялдамастан сымның үзілген жерін жалғап, жер бауырлап, кері қайттым. Катушкамды полк командирінің блиндажына жеткізіп, байланысты қосқанда, жас баладай қуанғаным әлі есімде, – дейді Ертөре аға. Сәлден соң қарт жауынгер:
– Бұлай көртышқан сияқты жер бауырлап жылжығаннан гөрі, шіркін-ай, майдан даласында жауыңа оқ боратып, атысқаныңа, болмаса қашқан жауыңды «уралап» тықсыра қуып, жер жастандырғанға не жетсін! – деп бір жігерленіп алды.
Соғыс бітіп, Шығыс Сібірді жапондардан босатқаннан кейін Ертөре ағайдың білікті байланыс маманы екенін түсінген командирлер оны Забайкалье әскери округінің Бас штабына байланысшы-радист қызметіне ауыстырады.
«Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» дегендей, қарсы атылған талай оқтан аман қалған Ертөре ағамыз осылайша бейбіт өмірдің дәмін татты. Шекаралық қорғаныс шебінде жүріп, Чита және Москва қалаларына «морзе знактары» арқылы рациямен байланысқа шығып отырды.
Штабта жақсы маман, тәртіпті жауынгер болып танылды. Үлгілі қызметтері үшін командирлер тарапынан алғыс арқалап, грамоталармен марапатталды. Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері үшін «II дәрежелі Отан соғысы» ордені, «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», Жеңістің 20, 30, 40, 50 және 60 жылдығына арналған мерекелік медальдарының иегері атанды. Яғни, Кеңес армиясының жауынгерлеріне берілетін атақ, дәрежеден кенде қалған емес. Үш мәрте Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Г.К. Жуков атындағы медальды да омырауына тақты.
Ертөре ағай Забайкалье әскери округінде соғыс аяқталған соң да 1949 жылға дейін әскери борышын өтеді. Өйткені, бұл кісінің орнына тағайындайтын мамандар резервте жоқ еді. Жастардың бәрі соғыста мерт болған, соғыс алдында туғандар әлі кәмелетке толмаған. Олардың алды әскерге алынған жылы ғана елге қайтуына рұқсат берілді. Отан қорғау жолында табаны күректей жеті жыл жүрген Ертөре ағай елге келісімен бейбіт еңбек майданына бел шеше кірісіп кетеді. Атап айтқанда, Чкалов ауданының «Алабота», «Севостополь», «Тихоокеан» совхоздарында еңбек етті.
1954 жылы тың игеру науқаны басталғанда еңбектен қол үзбей жүріп, бухгалтерлік курсты бітірді. Біліктілігін жетілдіріп, іскер маман, алғыр есепші атанып, кейін бас бухгалтер дәрежесіне дейін көтерілді. Осылайша зейнет жасына жетіп, еліне қырық жыл өлшеусіз еңбек сіңірді.  «Бейнеттің де зейнеті бар» дегендей, тың игеруге алғашқылардың бірі болып кіріскен ерен еңбегі мен оған қосқан үлесі үшін бірнеше мәрте мерекелік медальдарымен марапатталды. Ел Президенті қол қойған «Астана қаласына 10 жыл» мерекелік медалін де омырауына тақты.
Бүгінде тоқсан бір жастан асқан атамыз әлі тың. Жайдары, ақжарқын, сыпайы мінезімен, балаларының ортасында аман-есен жүріп жатыр.
– Әлі тың екенсіз, енді жүз жасаңыз, – деген ықыласыма.
– Қарағым-ай, ол Алланың қолында ғой. Жеңістің жетпіс жылдығын көрсем болды, Алла соған жететін қуат берсін, – деп ағынан жарылды.
– Бізді қойшы, соғыстың от жалынынан аман-есен келдік қой. Ана қайтпай қалған, Отан үшін шаһит кеткен боздақтарды айтсаңшы, – деп көзіне жас алғандай болды. Орнынан тұрды да, үстелде жатқан екі томдық «Боздақтар» кітабын қолына алып:
– Бұл біздің елден соғысқа кетіп, ерлікпен қаза тапқандар ғой. Бұрынғы Көкшетау облысының барлық аудан, қала, ауылдарынан  қан майданға аттанып, соғыс даласында жауымен шайқасып, жан пида кеткен азаматтар. Қай уақытта, қандай ерлікпен көз жұмғаны, қайда жерленгені туралы бәрі де жазылған, – деп кітаптың өзі белгі қойған  бетін ашып жіберді де:
– Міне, мына жігіттермен бірге бір күнде майданға аттанғанбыз, бәріміз де өрімдей жас едік, сол боздақтар елге оралмады. Ал, мынау, менің бірге туған бауырларым Балтөре мен Балта. Екеуі де неміс-фашистерімен болған соғыста хабарсыз кетті. Ал, Кәдірбек, Сүгірбек деген екі ағамыз он сегізінші жылдарда ақтардың қолынан қаза тапты. Біздің Талдыкөлді басып өткен Колчактың солдаттары ауыл жанында атқа мініп, қызықтап тұрған жиырма шақты жас жігіттерге «бізге жол көрсетіп, біршама жерге шығарып салыңдар» деп, он бес шақырымдай шыққан соң, бірін қалдырмай атып тастап, аттарын сыпырып алып тайып тұрған. Сол екі ағам да өмірден түк көрмей, бозбала шақтарында көз жұмды, – деп қайғыра отырып, есіне алды.
Қан майданда кеуделерін оққа төсеп, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен, бүгінде тоқсанның төріне шыққан Ертөре, Бүркітбай, Асылбек, Ерденбай, тағы басқа ағаларымыздың ел қорғаған батырлық ерліктерін қанша айтсақ та көптік етпейді. Өткен ерлікке тағзым ету – ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып келе жатқан  өшпейтін даңқ!
 
 Нәби ҚАБИЕВ,
еңбек және тыл ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар