Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сауатсыз жарнамалар үшін кім жауапты?.. - АРҚА АЖАРЫ

Сауатсыз жарнамалар үшін кім жауапты?..

Қала көшелерінде орналасқан жарнамалардың қазақша мәтініне байланысты сын-пікірлер көптеп айтылады.

Жасырары жоқ, жарнамаға көзіңіз түссе болғаны кем дегенде бір қате табылатыны рас. Редакцияның хат қоржынына газет оқырмандары тарапынан да осы тақырыпта келіп түсіп жатқан хаттар баршылық. Бір парасы газетке жарияланды да. Осы орайда, біз Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкерлеріне хабарласып, «Қазақстан Республикасының тіл туралы» Заңының орындалуы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы тарқатып айтып берулерін өтінген едік.

Бөлімнің бас маманы Назгүл Серікқызының айтуынша, 2018 жылы қала көшелеріндегі жарнамалар мен көрнекі ақпараттардың заңға сәйкес орналасу жайын анықтап, мәтінін тексеру, ғимараттар, мейрамханалар мен дүкендердің маңдайшаларындағы жазулар заң талаптарына қаншалықты сай екендігіне көз жеткізу себебімен арнайы бақылау жұмыстары ұйымдастырылған.
– Кез-келген ұлттың ұлттық болмысын айқындайтын ана тілі. Әрбір саналы азамат туған тілін қастерлейтіні анық. Сол себепті де көшедегі «жарымжан» жарнамаларға байланысты сын ескертпелерінің болуы заңды. Жасырары жоқ сауатсыз жазылған жарнама көп. Біз бақылау барысында қаламыздағы кәсіпкерлік нысандардағы ғимарат маңдайшаларының, сондай-ақ, көрнекі ақпарат, жарнама атауларының жазылуында көз сүріндірер кемшіліктер анықтадық. Нақты деректерге сүйенетін болсақ, зерделеу барысында өткен жылы халық көп шоғырланған жерлерде көрнекілікке қатысты 800 қате анықталып, 352-сі заң талаптарына сәйкес қайта түзетілді. Ал, ағымдағы 575 қате анықталып, түзету жұмыстары жүргізілуде. Әлі жыл аяғына дейін осы жұмысты жалғастыратын боламыз,–дейді ол.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасының Тіл Комитетінің тапсырмасы бойынша «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңын іске асыруда жіберілген заң бұзушылықтарды анықтау мақсатында жедел желі жұмыс істейді. Жедел желі арқылы түскен 300-ге жуық өтінішке консультациялық кеңес берілген. Осы орайда, оқырмандарға құлаққағыс ретінде айта кетейік, Жедел желінің телефон нөмірі: 52-30-05.
Тағы бір атап өтерлігі, Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Қала келбеті – Көкшетау» акциясы ұйымдастырылуда. Аталмыш іс-шара жыл бойы өтеді. Ұйымдастыру алқасының айтуынша бұл іс-шараның басты мақсаты Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» Заңдарының талаптарына сәйкес ретке келтіру, қаладағы сыртқы жарнама және көрнекі ақпараттар, көше бойында орналасқан билбордтар мен маңдайша жазулары және жарнамалардың сай келуін ретке келтіру, ономастика саласындағы көше атаулары жазылған тақтайшалардың дұрыс жазылып және дұрыс орналастырылуы, эстетикалық талғам, этика талаптарын ескеру бағытында кәсіпкерлермен зерделеу жұмыстарын жүргізу болып табылады.
Жалпы, кәсіпкерлердің көпшілігі сыртқы және көрнекі ақпараттардың орналастыру тәртібіне назар салмайтындығы аңғарылып тұрады. Осыған байланысты біз Назгүл Серікқызынан Заң талаптарын тағы бір тарқатып айтып беруін өтіндік.
– Сыртқы көрнекі ақпарат (жарнама) құралдары Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңының 21-бабына сәйкес, сыртқы көрнекі ақпараттар келесі тәртіпте орындалуы тиіс: яғни, қазақ тілінде жазылып, содан кейін басқа тілге аударылуы керек. Аталған мәселені жарнама берушілер мен жарнама агенттіктері де осыған баса назар аударуы керек. Жарнамалардағы қателердің барлығын қадағалау мүмкін емес. Оның бірінші себебі қателерді мемлекеттік тұрғыда реттейтін ешқандай нормативтік-құқықтық негіздеме жоқ. Дейді мамандар. Мәселен, «Тіл туралы» Заңда жарнама қазақ және орыс тілдерінде болуы керек, қай тілдегі мәтін қай жерге орналасу керек екендігі ғана жазылған. Ал, орфографиялық, стилистикалық, грамматикалық қателерге байланысты ешқандай бап жоқ. Заң органдары жарнамада жіберілген қате үшін ешкімді жауапқа тарта алмайды. Мінекей, қолданыстағы тіл туралы заңның осындай осал тұстары бар. Жалпы қала көшелерінде орналасқан жарнамаларға үнемі мониторинг жасалады. Қателерді суретке түсіреміз, тиісті мекемелерге жарнамада кеткен қателерді атап көрсетіп, өз кезегінде түзету туралы ескерту хат жазылады. Жарнаманы ілмес бұрын дұрыс-бұрыстығын жергілікті тілді дамыту бөліміне хабарласып, аудармаларын тексертіп алуға болады. Бұл қызмет тегін,– дейді ол.
Байқағанымыздай, атқарылып жатқан іс те, қол жеткізген нәтиже де, талпыныс пен ұмтылыс та бар. Қалай дегенмен де, «Илегеніміз бір терінің пұшпағы» демекші, бәріміз бір адамдай жұмылып жұмыс істегеніміз абзал. Себебі, мемлекеттік тілдің мерейі – елдің мерейі.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар