Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Экологиялық ахуал – ерекше назарда - АРҚА АЖАРЫ

Экологиялық ахуал – ерекше назарда

Қоршаған ортаны қорғау бүгінде бүкіләлемдік маңызы бар мәселелердің біріне айналып отыр. Ғылым мен техника дамыған сайын экологиялық ахуал да қиындап, қоршаған орта мен ауаның ластануы күшейе түсуде. Өнеркәсіп орындары мен жыл өткен сайын көбейіп бара жатқан автокөліктерден шыққан газ, одан қалды, өндіріс қалдықтары қоршаған ортаның ластануына үлкен әсерін тигізіп отыр. Қалыптасқан экологиялық мәселелерді шешуге Ақмола облысы бойынша экология департаменті де ұдайы назар аударып келеді.

Ақмола аграрлы – өнеркәсіп облысы болғандықтан өңірдің экологиялық ахуалы осы екі салаға тікелей байланысты. Облыста табиғатты пайдаланатын 5113 кәсіпорын тіркелген. Оның 221-і бірінші, 474-і екінші, 679-ы үшінші және 3739-ы төртінші санатты. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бо-
йынша, 19,095 мың тонна зиянды заттың тасталғаны анықталды. Дегенмен, бұл көрсеткішті былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда біршама азайғанын көруге болады. Бұл әрине, экологиялық апаттардың алдын алу шараларына тікелей байланысты. Осы орайда, жастар арасында қоршаған ортаны қорғау туралы насихат жұмыстарының маңызы зор.
Бұл бағытта ағымдағы жылдың нау-
рыз – сәуір айлары аралығында «Таза болса табиғат – аман болар адамзат» атты балалар үйінің тәрбиеленушілері арасында балалар суреттерінің аймақтық байқауы өткізілді. Байқаудың мақсаты – нақтылы таңдау өнерімен балалар арасында экологиялық білімді насихаттау, табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға сүйіспеншілікті арттыру болып табылады. Қоршаған ортаны қорғау болашақ ұрпақты тәрбиелеуде маңызды сәттердің бірі болып табылады. Өйткені, планетамыздың экологиялық жағдайы соларға қатысты, сондықтан да бала кішкентай кезінен бас-
тап табиғат оның үйі екенін білуі керек.
Байқауға балалар үйінің 13 тәрбиеленушісі қатысып, 17 жұмыс ұсынылды. Байқау қорытындысы бойынша №1 Ақкөл балалар үйінің тәрбиеленушісі Надежда Голикованың «Таңдау әрқашанда бар» жұмысы бірінші орынға лайық деп танылды. Ал, «Жер планетасын сақтаймыз» жұмысын ұсынған Ақкөл ауданының Урюпинка ауылындағы ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған №1 балалар үйінің тәрбиеленушісі Дмитрий Холодилин екінші, «Таңдау өзіңде» жұмысының авторы, Көкшетау қаласындағы Кәмелет жасқа толмаған балаларды бейімдеу орталығының тәрбиеленушісі Тамара Висыч үшінші орын алды. Оның ішінде жеңімпаз Надежда Голикова Қазақстан Республикасының Экологиялық реттеу және бақылау комитеті ұйымдастырып отырған байқаудың республикалық кезеңіне қатысатын болады.
Сонымен қатар, жақында Щучинск қаласындағы экология және орман шаруашылығы жоғарғы колледжінде Жастар экологиялық форумы өткізілді. Онда өңірдегі шұғыл экологиялық проб-
лемаларды шешу және мемлекеттік экологиялық бақылау саласындағы өзара қарым-қатынас мәселесі сөз болды. Расында да ауаның ластанып, өзен-көлдердің тартылуы, жердің сортаңдануы, әсіресе, ғаламдық жылыну процесі – осылардың бәрі де адамдардың жерді дұрыс пайдаланбауынан, табиғатқа залал келтіретін әрекеттерге жол беруінен болып жатқан құбылыс. Соңғы кездегі экологиялық ахуалдың күрт нашарлауы қоршаған ортаны қорғау мәселесін алдыңғы қатарға шығарды.
Мәселен, 2019 жылдың 6 айында мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімі қоршаған ортаның ластануына жол бермеу бағытында 37 тексеріс жүргізіп, 117 құқық бұзушылықты анықтады. Оның 20-сы жоспарлы болса, 21-і жоспардан тыс тексеріс болатын. Нәтижесінде, табиғатты қорғау заңнамасының бұзылғандығы үшін жалпы сомасы 1 миллион 281 мың теңгені құрайтын 35 әкімшілік айыппұл салынып, 117 ескерту жасалған. 1 миллион 155,17 мың теңге сомасындағы 34 айыппұл өндіріліп алынған және қоршаған ортаға зиян келтірген табиғатты пайдаланушыларға 1 миллион 142,65 мың теңге сомасындағы 11 талап ету қағазы толтырылған.
Осы сандардан аңғарып отырғанымыздай, табиғат байлығын қалай болса солай пайдаланатындармен күрес күшейе түскендігі байқалады. Бірақ та, табиғатты иесіз жатқан ен байлық деп санайтын бұрыннан қалыптасқан көзқарасты бірер жылдың ішінде өзгертудің қиын екендігі анық байқалып отырған жайы бар. Оған қоршаған ортаны қорғау заңдарының жиі бұрмаланатындығы айғақ болады. Сондықтан, біздің департамент қызметкерлері жиі-жиі рейдтерге шығып, тексерістер жүргізіп тұрады. Облысымыздың табиғаты сұлу, ауасы емге дәру болғанымен, мұндағы түрлі ірі кәсіпорындардан шығатын зиянды қалдықтардың адам өміріне қауіп төндіретіні сөзсіз.
Осы ретте, Тасөткел ауылының аумағындағы бұрындары жұмыс істеп, кейін тоқтап тұрған уран кеніші мен облыс аумағында радиоактивті қалдықтар шығаратын Степногорск тау-кен-химия комбинаты сияқты бірқатар ірі өндіріс орындарын атап өтуге болады. Соңғысы уран қоспасын айырумен айналысатындықтан, экологиялық мекемелер тарапынан жұмысына үнемі бақылау жасалып отырады.
Соңғы кездері облыста қатты тұрмыстық қалдықтарды қабылдап, өңдеуге ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта Көкшетау қаласындағы «LS Kokshetau» серіктестігі, Щучинск қаласындағы «Экопромбурай» және «ЭкоСервисБурабай» серіктестіктері, Целиноград ауданының Қабанбай ауылындағы «Баян» жеке кәсіпкерлігін атап өтуге болады. Облыста еліміздің экологиялық заңнамасы талаптарына сай барлығы қатты тұрмыстық қалдықтарды төгетін 25 палигон бар.
Көкшетаудың іргесінде орналасқан Қопа көлінің экологиялық жағдайы да көп жылдардан бері облыстың бас ауруы болып келеді. Бір кезде суы мөп-мөлдір болып, күн сәулесімен шағылысып, айнадай жарқырап жататын. Қала тұрғындарының жаз айларында дем алатын сүйікті орны болған көлдің бүгінгі жайы тым мүшкіл. Жағалауына қамыс өсіп кеткен, жыл сайын ағынды лас сумен жиналып, көлді лайландыра түскен шөгінді Қопаның көркін ғана қашырып қоймай, қала тұрғындарының оған келіп дем алуға деген ынталарын жойып отырған жайын жасыра алмаймыз. Жаздың қапырық ыстық күндерінің өзінде жұрт Қопа көліне шомылуға ықылас таныта қоймайды. Ол аздай, әлі күнге дейін кейбір жүргізушілер көл маңында көлік жууын қояр емес. Сондай-ақ, шыны және пластмасса бөтелкелері мен басқа да тұрмыстық қалдықтардың арнайы қоқыс тастайтын жәшіктің ішінде емес, көл жағасында жатқанын көресің. Талай жылдардан бері көлдің санитарлық жағдайы оңалар емес. Сондықтан, көкшетаулықтардың көбі іргедегі көлден гөрі сонау Бурабай, Зерендіге барып шомылуды жөн санайды.
Алайда, ондағы жағдайдың да оңып тұрғаны шамалы. Соңғы он жыл ішінде Щучинск-Бурабай курортты аймағындағы экологиялық ахуал нашарлап кетті. Бұл жағдай аймақтағы бұрынғы мемлекет иелігіндегі демалыс орындары мен шипажайлар жекешелендіріліп, сырттан келетін дем алушылар санының көбеюі, ең бастысы, қоршаған орта тазалығын сақтауға дұрыс көңіл бөлінбеуден орын алып отыр.
Щучинск-Бурабай курортты аймағында экологиялық күрделі ахуалдың қалыптасуы бірер жылда болған құбылыс емес. Мұндағы көлдердің тайызданып, ластануы жыл өткен сайын анық байқалып келеді. Аумақтағы көлдерге құятын бұлақтар мен жыралардан ағатын су көздері бітеліп, көлдердің суы азая түсуде. Курортты аймақтағы көлдердің ластануы қайтарымсыз су ағымынан, су жиналу алаңының ластануынан, тұрмыстық қалдықтардан және су қоймаларының жоғарғы бетіне қоқыстың түсуінен, су ағатын жер беті қабатының кірленуінен, көлге түсетін жағажайларда тасталған қоқыстардан пайда болуда. Осы жайлардың бәрі су беті температурасының өзгеруіне әкеліп соғуда.
Дегенмен, соңғы кезде елімізде туризмді дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламаның қолға алынуы мұндағы экологиялық ахуалдың жақсаратынына сенім ұялатады. Облысымызда қоршаған орта тазалығын сақтау, оны қорғау бағытында айтарлықтай істер тындырылуда. Орман-тоғайларымызды қалпына келтіру, елді мекендерді көгалдандыруға арналған «Жасыл ел» бағдарламасы шеңберінде жастар мен студенттер жасақтары да еселі еңбек етуде. Бір сөзбен айтқанда, өзекті мәселелерді шешуге талпыныстар бар.
Алайда, алда тұрған міндеттер де ауқымды. Ең алдымен, жұртшылықтың назарын қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға аударып, ортақ үйіміз–табиғатты қорғауға үндеуіміз керек. Бұл өткір мәселені барша халық болып жұмылғанда ғана шешуге болатынын естен шығармағанымыз жөн.
Әнуар НҰРСЕЙІТОВ,
Ақмола облысы бойынша
экология департаментінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар