«Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық және зерттеу орталығы» қоғамдық қоры Зеренді аудандық мәдениет үйінде халқымыздың салт-дәстүрін насихаттау мақсатында көп балалы отбасылар арасында байқау ұйымдастырды.
Шараға «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов пен Зеренді ауданының әкімі Берікжан Әбутәліпов қатысты.
«Асыл мұра» отбасылық құндылықтар орталығын ұйымдастыру» әлеуметтік жобасын жүзеге асыру аясында өткен байқауға «Nur Оtan» партиясы Зеренді аудандық филиалы мен Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі қолдау білдірді.
Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрпын дәріптеу арқылы отбасылық құндылықтарды насихаттау және жастардың патриоттық сезімін дамытуды мақсат еткен байқауға көпбалалы алты отбасы қатысты. Олар «Менің отбасым — менің байлығым!» кезеңінде өздерін таныстырып өтсе, «Салт-дәстүр – асыл қазынам» кезеңінде өз өнерлерін көрсетті. Атап айтсақ, «Құдалық», «Шеге шапан», «Құйрық бауыр», «Сәукеле», «Келіннің көрімдігі», «Орамал салу», «Бата беру» секілді қазақтың ұлттық салт-дәстүрлеріне байланысты көрініс қойды.
«Өнерліге өріс кең» кезеңі де қатысушылар үшін қиындық туғызбады. Көп балалы отбасылардың балалары әннен шашу шашып, мың бұрала билеп берді. «Бақытты отбасы болудың сырлары» атты соңғы шешуші кезеңде ата-аналар отбасы мәселесіне қатысты түрлі ситуациялық жағдайлар мен халық ғұрыптарына байланысты әділ-қазылардың сұрақтарына жауап берді.
«Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов төрағалық еткен қазылар алқасы қатысушылардың өнеріне лайықты баға берді. Осылайша, І орынды Пазылхановтар отбасы жеңіп алса, ІІ орын Бектұрғановтар отбасына, ІІІ орын Айтмағамбетовтар отбасына бұйырды. «Көрермендер көзайымы» номинациясымен Құсайыновтар, «Өнерлі отбасы» номинациясымен Хадисовтар отбасы марапатталды. Жеңімпаз Пазылхановтар отбасы қыркүйек айында өтетін облыстық кезеңге жолдама алды.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Зеренді ауданы.