Атадан алтау туған алып

Абай Құнанбайұлы 1845 жылы 10 тамызда қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Шыңғыс тауларында дүниеге келген. Қарқаралының аға сұлтаны Құнанбайдың төрт әйелінің бірі, екінші әйелі Ұлжаннан туған. Азан шақырып қойған аты Ибраһим екен.

Ақынның арғы тегі Орта жүз Тобықты Арғын ішіндегі Олжай батырдан басталады. Олжайдан Айдос, Қайдос, Жігітек есімді 3 ұрпақ тарайды. Бұлардың әрқайсысы кейін бір-бір рулы ел болып кеткен. Айдостың Айпара деген әйелінен: Ырғызбай, Көтібақ, Топай, Торғай деген 4 ұл туады. Бұлардың әкесі момын, шаруа адамы, ал шешесі өткір тілді, өр мінезді әйел болған. Сол Айпара балаларына:
«Шынжыр балақ, шұбар төс Ырғызбайым,
Тоқпақ жалды торайғыр Көтібағым,
Әрі де кетпес, бері де кетпес Топайым,
Сірә да оңбас торғайым…»
Ана айтқанындай, шынында, бұлардың ішінде Ырғызбай ортасынан оза шауып, ел басқарған. Ырғызбайдан Үркер, Мырзатай, Жортар, Өскенбай тарайды. Өскенбай шаруаға жайлы, билікке әділ кісі болғандықтан, «Ісің адал болса Өскенбайға бар, арам болса Ералыға бар» деген мәтел сөз қалған. Өскенбайдың әйелі Зереден Құнанбай туады.
Құнанбай төрт әйел алған адам. Оның бәйбішесі Күңкеден – Кұдайберді, інісі Құттымұхамбетке айттырылып, қалыңдық кезінде жесір қалған соң өзі алған екінші әйелі: Ұлжаннан – Тәңірберді (Тәкежан), Ибраһим (Абай), Ысқақ, Оспан, үшінші әйелі Айғыздан – Халиулла, Ысмағұл туады. Қартайған шағында үйленген ең кіші әйелі Нұрғанымнан ұрпақ болмайды. Абайдың «Атадан алтау, анадан төртеу едім» дейтіні осыдан. Болашақ ақын сабырлы мінезімен, кең пейілімен ел анасы атанған кәрі әжесі Зеренің таусылмайтын мол қазынадай аңыз ертегілерін естіп, абысын-ажынға жайлы, мінезі көнтерлі, әзіл-қалжыңға шебер, жөн-жобаға жетік өз анасы Ұлжанның тәрбиесінде өсті.
Абай әуелі ауылдағы Ғабитхан молдадан сауатын ашады да, 10 жасқа толған соң 3 жыл Семейдегі Ахмет Риза медресесінде оқиды. Бұл медреседе араб, парсы тілдерінде, негізінен, дін сабағы жүргізілетін еді. Құрбыларынан анағұрлым зейінді бала оқуға бар ықыласымен беріліп, үздік шәкірт атанады. Ол енді дін оқуын ғана місе тұтпай, білімін өз бетінше жетілдіруге ұмтылады. Сөйтіп, көптеген шығыс ақындарының шығармаларымен, араб, иран, шағатай (ескі өзбек) тілінде жазылған ертегі, дастан, қиссалармен танысады, Шығыстың Низами, Науаи, Сәғди, Қожа Хафиз, Фзули сияқты ұлы ғұлама, классик ақындарына бауыр басады. Медресенің үшінші жылында Абай Семей қаласындағы «Приходская школаға» да қосымша түсіп, орысша сауатын аша бас-
тайды. Бірақ бұл оқуын әрі жалғастыра алмай, небәрі 3 жылдан соң оның мұсылманша да, орысша да оқуы аяқталады.
Абайдың басқа балалардан алымдылығын аңғарған Құнанбай оны елге шақырып алып, өз жанына ертіп, әкімшілдік-билік жұмыстарына араластырмақ болады. Сөйтіп, 13 жастағы Абай ел ісіне араласады. Абай әке қасында болған жылдарда атқамінер би-болыстардың қулық-сұмдықтарын, қазақ даласына ыдырай бастаған феодалдық қатынастардың кереғар қайшылықтары кіріптар еткен әлеуметтік теңсіздіктің зардаптарын, аштық пен жалаңаштықты, патриархалдық, кертартпа салт-сана, әдет-ғұрып зандарының залалдарын айқын түсінді.
Ақын саяси қызметі үшін 1870 жылдары Петербургтен Семейге айдалып келген Михаэлиспен, 80-жылдарда орыс демократтары Н.И.Долгополов, А.А.Леонтьевпен танысады. Бұл озық ойлы азаматтардың Абайдың саяси-әлеуметтік көзқарасына игі ықпалын тигізгені сөзсіз. Бірақ, Абай Құнанбаев орыс мәдениетімен, әдебиетімен, демократтық көзқарастарымен осы кісілер арқылы ғана танысты деу ағат айтқандық болар еді. Бұл тұста М.О.Әуезовтың «Ал, кейін орыс тілін біліп, орыстың ұлы мәдениетін мол, терең тани бастаған Абай озғын ойды бұлардан үйренбейді. Пушкиннің өзінен, Белинский, Герцен, Чернышевский, Салтыков-Щедрин, Некрасовтардың өз мұраларын оқып, кең, терең тәрбие алды. Абайдың классик ақын болған маңызын, әлеументтік көзқарасын тек Михаэлис әсерінен деп қойсақ, әрі Абайға, әрі орыс халқының ұлы мұрасына жане ұлы даналарына қиянат сөз айтқан болар едік» деген тұжырымын келтірсек те жеткілікті. Абай осылайша Еуропаның Гете, Байрон сияқты ақындарын, Спенсер, Спиноза, Льюис, Дарвин, Дрепер сынды ғұламаларының туындыларын оқыды. Сөйтіп, Әуезовтың сөзімен айтқанда «1884 жылдары, жасы қырыққа таман ілінгенде, ол дүниеден көп мағлұматы бар кісі болды». Абай осы тұста, 1886 жылы досы Михаэлистің ұсынысымен, Семей облысы Статистика комитетінің толық мүшесі болып сайланды.
1875 жылы Қоңыркөкше елінде өткен сайлауда жеңіп шығып, 1878 жылға дейін болыс болады. Қазақ халқының дәстүрлі ел билеу жосындарын, әдет-ғұрып заңдарын жетік білетін Абай ел ішіндегі әр алуан әкімшілік-құқықтық реформаларға белсене араласады. Егде тартқан шағында әкімқара биліктен, атқамінерліктен іргесін аулақ салып, шығармашылықпен ғана шұғылданады. Абайдың көптеген шығармаларында Адам, Болмыс және Ғалам тақырыбы, сондай-ақ, абсолюттік ақиқат сыры тұрақты орын алады.
1891 жылдан бастап Абай басына ауыртпалық түсіп, бір-біріне ұласқан қайғы бұлты ашылмай қояды. Осы жылы ақынның сүйікті інісі Оспан жарық дүниеден өтеді. Одан кейін орысша әскери білімі бар, үлкен үміт күткен баласы Әбдірахманнан айырылады. Бұлардың қазасының ақын жанына қандай батқаны оның осы тақырыпқа арнаған топтама өлеңдерінен айқын көрінеді. Сөйтіп, жүргенде соңғы тіренішіндей болған дарынды ақын баласы Мағауия да қайтыс болды. Осындай қабаттасқан қайғы-қасіреттен күрт сынған Абай Мағауияның қазасынан кейін қырық күннен соң, өзі де дүние салады.
Ақынның сүйегі Шыңғыстаудың ығындағы Жидебай мекенінде, інісі Оспанның жанына жерленеді. Бұл күнде ол арада қазақтың ұлы екі перзенті – Абай мен Шәкәрімге деген ұрпақтың өшпес махаббатының, ізгі құрметінің белгісіндей болып, сәулет өнерінің соңғы үлгісімен салынған қос мұнаралы кешенді алып мазар тұр.
Абай өлең жазуды 10 жасында («Кім екен деп келіп ем түйе қуған…») бастаса, өз өлеңдерін шығаруды шамамен 1880–1897 жылдары аралығында көбірек қолға алған. Өлеңдерін әркімдердің атымен таратып, Көкбай атынан бастырған ақын жазған өлеңдерін «жинауды» шәкірттеріне 1896 жылы ескерткен. Ал, қара сөзбен жазылған ғақлия-өсиеттерін 1890–98 жылдар аралығында қолға алған. Абай үш әйел алған. Бәйбішесі Ділдәдан Ақылбай, Әбдірахман, Кұлбадан, Әкімбай, Мағауия, Райхан. Екінші әйелі Әйгерімнен Тұрағұл, Мекайыл, Ізкаіл, Кенже деген 7 ұл, 3 қыз сүйген. Келіндей алған әйелі Еркежаннан ұрпақ көрмеген.
Дайындаған Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар