Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ырыздығымыз ысырапсыз жинап алынсын - АРҚА АЖАРЫ

Ырыздығымыз ысырапсыз жинап алынсын

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен Шортандыдағы А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында

2019 жылғы күзгі дала жұмыстарын сапалы өткізуді ұйымдастырудың дайындығы мен міндеттері жөнінде облыстық кеңес болып өтті.

Биылғы жылғы агромаусымдағы орақ жұмысын ұйымдасқан түрде сапалы өткізу міндеттерін талқылау алдында ғылыми өндірістік орталығының қызметкерлері егіс жұмысында аграрлық ғылымның жаңа жұмысының қолданылуын көрсетті. Агротехнологияның дамуы мен алқап дақылдарының жаңа сұрыптары, суармалы жер өңдеудің дамуының келешегі жөнінде айтты. Агрокеңеске қатысушылар нақты жер өңдеуде қолданылатын ауыл шаруашылығы техникаларымен танысты, орталықтың музейін аралап көрді.
Қала мен аудан әкімдері, облыстық басқармалар мен ведостволардың, ауыл шаруашылығы тауарларын өндіретін құрылымдар, облыстық және аудандық аумақтық инспекциясы, астық компаниялары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінің басшылары, дизель отынын тасымалдайтын операторлар, ауыл шаруашылығы техникалары мен өсімдікті қорғау дәрісін сататын дилер компаниясының өкілдері қатысқан агрокеңесті ашып жүргізген облыс әкімі Ермек Маржықпаев шараны өткізуге бұл жердің таңдап алынуы кездейсоқ еместігін айтты. А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы аграршылдардың жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік беретін, шығынды азайтып, ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығын арттыратын технология жасаумен айналысады.
– Облысты аралап шығып, биылғы жылы алқаптағы жағдай әртүрлі екенін көрдім. Жағдай өткен жылдарға ұқсамайды. Дегенмен, жақсы астық аламыз деген үмітіміз мол. Ендігі міндет – астықты шашпай-төкпей жинап алу,–деді облыс басшысы.
Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов орақ жұмысын өткізуді ұйымдастыру және агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесі жөнінде баяндап, биылғы жылдың ауа райы облыс диқандары үшін қолайсыз болғанын, қазір бірқатар шаруашылықтар арпа мен бұршақты дестеге салып, бастыруды бастап кеткенін айтты.
–Биылғы жылы облыс шаруашылықтары 4,3 миллион гектар алқаптың дәнді және бұршақты дақылдарын, 260,5 мың гектар жердің майлы дақылдарын, 178,2 мың гектар алқапқа азықтық дақылдарын жинап алуы тиіс. Сондай-ақ, 17,4 мың гектар жердің картобы, 3,8 мың гектар алқаптың көкөнісі жинап алынады. Орақ науқанын ойдағыдай өткізу үшін мемлекет пен жекеменшік тарапынан барлық жағдай жасалды,–деген облыс әкімінің орынбасары мемлекеттен бөлінген қаржы жөнінде айтып берді. Жерді тиімді пайдалану мақсатында облыста ауыл шаруашылығы дақылдарын себуді және жинауды анықтау жұмыстарына ғарыштық мониторинг жүргізу қолданылуда. Бұның өзі егін шығымын, зиянкестерден қорғау сияқты шараларды қолдануға игі ықпалын тигізеді. Сондай-ақ, астықтың шығымдылығын арттыру үшін минералдық тыңайтқыш қолдануға да жете көңіл бөлінеді. Облыс диқандары биыл 1,6 миллион гектар алқапқа 25 мың тонна аммофос пен аммиак селитрасы тәрізді химиялық тыңайтқыш енгізілді. Қолданған осы шаралардың бәрі өзінің жемісін беріп, биыл ауа райының құрғақ болғанына қарамастан, шаруашылықтар біршама бітік егін өсірді. Мамандардың мәліметіне назар аударсақ, 2,8 миллион гектар алқаптағы егін жақсы жағдайда, 1,5 миллион гектар жердің егіні қанағаттанарлық дәрежеде. Егін жинауға 8,4 мыңға жуық астық жинайтын комбайн тартылмақшы. Олардың 3518-і жаңа комбайндар болса, 2504 жатка, 4708 жүк автокөлігі, 7730 трактор тіркемесі науқанға қатыстырылады. Сонымен бірге, 464 механикаландырылған қырман науқанға сақадай сай тұр.
–Биылғы жылы облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері астық жинайтын комбайндар сатып алу бойынша біршама жұмыс жүргізді. Жыл басынан бері 114 комбайн, 254 трактор сатып алынды. Дегенмен, Бурабай, Бұланды, Қорғалжын, Ерейментау, Есіл, Біржан сал аудандары жаңа техника сатып алуға құлық танытпай отыр. Биылғы жылы бір комбайн 524 гектар алқаптағы астықты жинап алуы тиіс. Шаруашылықтар ауа райының қолайлы күндерін тиімді пайдаланып, орақты 26 күннің ішінде аяқтаймыз деп отыр. Аудан әкімдіктерінің мәліметі бойынша жаппай орақ 1 қыркүйекте басталады,–деген облыс әкімінің орынбасары жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, несиені қайтару, астық қабылдау, егіс алқаптары мен жайылым жерлерді цифрландыру, пайданылмайтын жерлер, егіншілік шаруашылығын әртараптандыру мәселесіне тоқталды.
«А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» серіктестігінің бас директоры Кенже Абдуллаев 2019 жылдың орақ науқанын ұйымдастыру бойынша ұсыныстарын айтты (ол газетіміздің келесі сандарының бірінде жарияланатын болады). Жарқайың ауданының әкімі Мұрат Балпан, Бұланды ауданындағы Журавлевка бір серіктестігінің бас директоры Арман Құдайбергенов, «Казгидромет» кәсіпорны Ақмола филиалының директоры Бақыт Мақажанова биылғы егін орағына дайындық, ауа райының болжамы туралы айтып берді.
Кеңесті қорытындылаған Ермек Маржықпаев аграршыларды ұйымдастыру мәселелерін уақытылы шешуге шақырды. Орақ науқанын ойдағыдай өткізіп, жақсы астық алуды тіледі.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар