Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Оразалиндер әулетінің өнегелі өрімдері - АРҚА АЖАРЫ

Оразалиндер әулетінің өнегелі өрімдері

Тіршіліктің тәлім алар қағидасының бірі – айналаңа қарай білу, көркемдікке қанығып, ізгілерге сүйсініп, жақсыларды тани білу. Мұндайда өрең кеңіп, өсіп қаласың. Көкжиегі кеңдер қуанышқа бөленетіні анық. Сан түрлі бояулармен сән түзіп, әсем әуенге, жыр мен нұрға бөленген мәнді ғұмыр иелері көп бізде. Олардың қатарында сырлы Сандықтау сағасындағы Оразалиндер де бар. Бұлар қарапайым да қасиетті «Жалқыдан – жалпыға!» қағидасын ұстанады. Яғни, өнеге мен үлгіні қатар ұстау осы әулеттің байрақты байламы, ұрпақ құбылнамасы. Оразалиндердің ұзақ жолынан осыны көрер едік.

Мәселе, әдемі жүріп, тұнық күн кешуде емес. Оларды жұрт аузынан тастамайтындығы еңбекқорлығы, зейнетті ортақ жаятындығы.
Оразалиндер Бектауыл руынан, қыстауы Батпақкөл, жайлауы Құлайғыр деген жер екен. Арғы аталары Бектеміс қажының Нұрмақ, Оразалы, Нұрыш, Қабдолла атты ұлдары болған. Бұлардың барлығын бөлектеп айтуға болмайды. Әйткенмен, бүгінгі әңгіме өзегін Оразалы ұрпағымен қайырғанды жөн көрдік. Оразалының Байдалысы сөзге шешен, тілдің шұрайын келтіріп, мақал, мәтелдерді текеметке салған өрнектей етіп ұтымды қолданатын және ғаламат іскерлігімен көзге түскен кісі еді. Ол Ұлы Отан соғысына қатысып, жеңіспен оралған соң бірнеше колхоз басқармасының төрағасы болды. Ерен еңбегі үшін 1956 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Оның есімі Веселое ауылындағы орта мектепке беріліп, ескерткіш бюсті орнатылған.
Байдалыдан Аманкелді, Алма, Сәуле, Амандық, Бағдат, Бақыт, Сағдат, Мира атты сегіз ұл-қыз туған. Бұлардың барлығы да тиісті білім алып, әртүрлі салада еңбек етуде. Журналистік жолда Аманкелді Байдалыұлы ағамызбен талай кездескенбіз. Ол әкесі ұйымдастырған колхоздың бүгінгі іріленіп, кеңшар, жауапкершілігі шектеулі серіктестік деңгейіне жеткен шаруашылықты, партия, кеңес қызметтерінде жұмыс атқарды. Аманкелді Оразалин Целиноград облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, Балкашин (қазіргі Сандықтау) ауданының әкімі қызметтерінде болып, зейнеткерлікке шыққан соң осы Веселоеда бауырларын біріктіріп, «Байдалы» серіктестігін құрды. Ол кісінің астықты алқаптарын аралап жүріп мақалалар жаздық, тіпті, былтыр жарық көрген «Қайығын қисайтпағандар қағидаты» деген кітабыма да енгізген едім. Әттең, ол кісі қазір арамызда жоқ.
«Орнында бар оңалады» деген сөз рас. Қазіргі күні әлгі жауапкершілігі шектеулі серіктестік «Байдалы» және «Байдалы 2» аталатын екі көпсалалы шаруашылыққа айналған. Біріншісін Аманкелдінің інісі Бағдат, екіншісін ұлы Марат басқарады. Осы орайда Марат Аманкелдіұлына бәрекелді деуге тура келеді. Ол полковник дәрежесіндегі әскери адам. Әкесі қайтыс болған соң Астанадағы табысты бизнесін тастап, ауылға оралған. Келіншегі Жібек медицина ғылымдарының кандидаты, елордадағы №2 ауруханада балалар кардио-
хирургиясы бөлімінің меңгерушісі болған. Ол баяғы «декабристер әйелі» сияқты үлкен қызметін тастап, жарымен бірге Веселоеға келген. Бірақ, көп ұзамай Маратқа ауылдық фельдшерлік-акушерлік пункт салғызып, ауылдық округ аумағында қызмет көрсетіп отыр. Ал, Аманкелдінің інісі Бағдат ішкі істер органдарының қызметкері еді, енді шаруашылық басшысына айналды. Екеуі де ел тіршілігін әп-сәтте үйіріп кетті.
Жуырда облыс әкімі Ермек Боранбайұлы Маржықпаев Оразалиндер сәулеттендіріп отырған ауылда болып, уақыт талабындағы игі істерге сәттілік тілеген болатын. Сонда өңір басшысы ауыл бизнесінің ел тіршілігін жандандырудағы өнегесін шартарапқа тарату қажеттігін атап өткен. Бұл негізсіз де емес. Бұрынғы 350 гектар егістік 20 мың гектардан асып, бітік астық жиналуда. Өріске мыңғырған жылқы мен қой шығарылуда. Қазір бордақылау кешені салынып, 400 бас қазақтың ақ бас сиыры сатып алынуда. Соңғы жылдары трактор-машина паркіне 6 дана «Джон Дир», 12 «Класс», 2 «Вектор» комбайны мен 14 дән себу кешені қосылыпты. Шаруашылықтың пластикалық есік-терезе жасайтын цехы, кірпіш зауыты бар.
Бағдат пен Марат бізді егістікке бастап жүрді. Джип машинасы андыздап келіп, 81-ші алқаптың шаңын көтере тоқтады. Ағайындылар бара сала біреулермен сөйлесіп жатыр. Диқандықтан хабары барлар өнімнің молшылығы ақырғы гектарларда екенін жақсы біледі. Біз Виталий Леоновичтің қос тіркемелі тракторына екі жақтап дән құйып жатқан Дәркен Ыбыраев, Александр Исаев сияқты комбайншылармен таныстық. Амандасқанда қолдары тап-таза көрінді. Олар серіктестік жаңадан сатып алған заманауи техникаларда жұмыс істейді. Әлгі Виталий орталық қырманға күніне 5-6 рет қатынайды екен. Бұл дегеніңіз – 132 тонна қызыл дән. Бұған қосымша, тракторшы Александр Панин, «КамАЗ» машинасының төрт жүргізушісі тағы бар.
Қызыл қырманыңыз 22 мың шаршы метрді алып жатыр. Кереметтің бәрі осында көрінді. Бір қызығы, қызыл дәннен тұрғызылатын «таулар» бір сәтте биіктеп, заматта аласарып қалады. Бұл алакөңіл диқандардың аспанға жиі қарауынан деп білдік. Ырыздықты тезірек өңдеп, қамбалап алу керек. Сондықтан да қырманшыларда тыным жоқ.
«Завток» Шынар Ахметова жұмыс екі ауысымда жүріп жатқанын айтады. Наталья Шәріпова, Гүлнәр Байкенжина, Мұрат Бектеміров, Евгений Кириллюк, Александр Теплых диқандардың басты науқанында барынша «күреп қалудың» қамында. Мұндағы екі астық кептіргіш, екі механикаландырылған қырман қондырғысы тәулігіне 300 тонна астықты өңдейді екен. Демек, егіншілік мәдениеті жоғары шаруашылық өз өнімдерін өткізуде кедергіні білмейді деген сөз. Зертханадағы Антонина Дьятлованың биыл 39-шы науқанын өткізіп жатқанына қол соғуға болады.
Бас агроном Ерлан Амандықұлын рациямен әзер шақырып алдық. Үйреніп алған болса керек, келе сала «Байдалы» серіктестігінің 16000 гектарға алқапқа аудандастырылған «Шортанды-95», Омская-36», «Астана» сорттарын сепкендігін, майлы дақылдардың жиналып жатқандығын, қазір 20 комбайн, 13 «КамАЗ» автомашинасының, 7 тіркемелі трактордың, барлығы 90 адамның жұмыс істеп жатқанын, астық қоймасының сыйымдылығы 15 мың тонна екендігін, гектар түсімінің 16 центнерден айналатынын сыдыртып айтып өтті. Келесі жылдың молшылығы үшін 4500 гектар сүдігер жыртылып, 3000 гектары минералды тыңайтқыштармен байытылған болып шықты. Біз артық сұрақ қоюды жөн санамадық. Көп ұзамай оның рациядағы дауысы көрші бригададан естіліп жатты.
Енді келіп қос басшыға сұрақтарымызды төпелетіп жатырмыз. Олар ауыл өмірін жандандырудағы мемлекеттік саясатқа ризалығын білдірді. Бұрнағы жылдары өнімділігі жоғары бірнеше техниканы «ҚазАгроқаржыдан» 14 пайыздық үстемемен алыпты. Оның жеті пайызын Үкімет көтеріп отыр. Сондай-ақ, Азық-түлік корпорациясының 50 миллион теңгелік несиесі 3 пайыздық, Ауыл шаруашылығы министрлігінің мақсатты несиесі 7 пайыздық өсіммен берілгенінің тиімділігін атап өтті. Шаруашылық салық және басқа да міндетті өтемдерден қарыз арқалап көрмепті. Осының арқасында ауылдың әлеуметтік мәселелерін шешуге қолайлы мүмкіндіктер туындаған. Бұл елдің тойы да, думаны да көбейе бастаған. Тіпті, аудандық байқаудың «Үлгілі ауыл» аталымында жүлдегер атанып отыр.
Шаруашылықтың әлеуметтік қоржыны жыл санап ұлғайып келеді. Мына деректер соны айтады: екі пәтерлік үш үйді пайдалануға беруге 30 миллион теңге қаржы жұмсалғанына қарамастан, тағы да осындай екі тұрғын үй салынып жатыр. Шаруашылық мамандарына арналған екі қабатты коттедждің төбесі жабылуға жақын. Ал, 6 пәтерлік «Мұғалімдер үйінде» дүркіретіп қоныс тойы өткізіліпті.
Ауылда Бектеміс қажы атындағы жаңа мешіт, монша, наубайхана, дүкендер тізбесі жұмыс істеп тұр. Мектептің бүкіл мұқтажы шаруашылық мойнында. «Балауса» шағын орталығында 30 бүлдіршін тәрбиеленуде. Жасанды жамылғысы бар стадион көпшілік игілігінде. Үздік оқушыға стипендия төленеді екен. Шілдехана, үйлену тойы, басқа да өмірлік жағдайларға байланысты көмек ауқымы да мол.
…Мақаланы жазар алдында «Байдалыға» тағы да қоңырау шалдық. Қорытынды деректер бойынша, бүгіп сөйлейтін бас агрономның әлгі №81 алқаптың әр гектарынан16 центнер емес, 20 центнер өнім алынғанына қуандық.
Бақберген Амалбеков,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Сандықтау ауданы.
Суреттерді түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар