Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Киелі мамандық иесі - АРҚА АЖАРЫ

Киелі мамандық иесі

Ақ пен қараның, жақсылық пен жамандықтың аражігін ажыратып берген Адам ата мен Хауа анадан кейін, адамдарға өмір сүру қағидаттарын ұғындырған пайғамбарлар деседі. Мәселен, Ибраhим пайғамбар құрылыс салуды, Жүсіп пайғамбар түс жоруды, Нұх пайғамбар кеме жасауды, Сүлеймен пайғамбар жануарларға иелік етуді үйреткені аңыздардан белгілі. Зердедегі ілімді жан баласына үйретуді абзал санаған олардың осы үйрете білу үрдісі замана бойы заңды жалғасын тауып келеді десе болады.

Мақсат-міндеті адам бойына ізгі қасиеттерді дарытып, дүниетанымдық көзқарасын қалыптастыру болып табылатын бұл кәсіпті «ұлы мамандық» деп те атаса да болар. Осындай киелі мамандық иесі атанып, қырық жыл бойы адал қызмет етіп, сан жылдарда жүздеген шәкірт тәрбиелеген ұстаздардың бірі – жарқайыңдық Күләш Мәжитова. Жоғары білікті биология және химия, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі «Бақыт кілті – білімде» деген пайымды ұстанады.
Мұғалім апайымыздың сыртқы келбеті қандай әдемі болса, ішкі дүниесі де сондай әсем. Ол – алдына қойған мақсатына мұқалмай жете білген зердесі биік жан. Ақ сүт берген аяулы ана мен асқар тау әкенің тәлім-тәрбиесімен өсіп, олардың өмір жолынан өнеге үйренді. Қазақ халқының даналық философиялық ой-тұжырымдарын ұғынып, ұлттың ұлы қасиеттерінен ұлағат ала білді. Жанындағы жандарға әрдайым жылу шашқан көңілі дариядай кең, осы бір ізгі жанмен тілдесудің өзі бір ғанибет.
Күләш апай үнемі тың идеялар іздеп жүреді. Қайтсек, жұмысты алға ілгерілетеміз деп үнемі ізденіс үстінен табылады.
Оның екі жоғары білімі бар. 1983 жылы Мәскеу қаласының Бүкілодақтық академиясының педагогика факультетін биология пәнінің мұғалімі мандығы бойынша тәмамдады. Сонымен қатар Арқалық қаласындағы педагогикалық институтты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірді.
Алғашқы ұстаздық еңбек өтілін Державинск қаласындағы Үкібаев атындағы орта мектепте биология және химия, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып бастады. Кейін Державинск қаласындағы аудандық білім бөліміне қарасты оқу-әдістемелік кабинетіне әдіскер болды. Бұдан соң осы әдістемелік кабинеттің меңгерушісі қызметіне кірісті. Күләш Мұхташқызы қай ортада еңбек етсе де өзінің ізденімпаз, еңбекқорлық қасиетімен өз әріптестеріне үлгі бола білді. Оның оқушылары білім биігін бағындырып, аудандық, облыстық пән олимпиадаларында үздік деп танылды. Ғылыми зерттеу жұмыстары байқауларында да тың идеяларымен ерекшеленген шәкірттері жүлделі орындарға ие болды. Қазіргі таңда ұлағатты ұстаздың тәлімін көрген оқушылар еліміздің түкпір-түкпірінде сан түрлі салада еңбек етеді. Олардың қатарында дәрігерлер, мұғалімдер, журналистер, экономистер, әскери қызметкерлер, бизнесмендер, құрылысшылар, жай ғана жұмысшылар және ең бастысы барлығы да адамгершілігі зор, кісілік келбеті жоғары адам болып қалыптасқан зердесі ояу азаматтар.
Күләш Мұхташқызы өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары өте еңбекқор жан. Тәжірибесі мол ұстаз болса да, сан түрлі тренингтерге, біліктілігін арттыратын курстарға үнемі қатысып тұруға тырасады. Мәселен, 2013 жылы Алматы қаласында «Әдіскер жұмысындағы инновациялық технологиялар» тақырыбында өткен біліктілікті арттыру курсына қатысып, мол тәжірибе жинақтап, білімін жетілдіре түсті. Ол маман, сарапшы ретінде аттестаттау рәсімдеріне де қатысып тұрады. Қазір Жарқайың аудандық әдістемелік кабинетінде қызмет ете жүріп, педагогикалық конференциялар мен педагогтардың кәсіби құзыреттілігін арттыру бойынша көптеген іс-шаралар өткізеді, сонымен қатар, инновациялық қызметті, конкурстық жүйені сүйемелдеу бойынша жұмыстармен айналысады. Айта кетуіміз керек, Ақмола облыстық білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институты базасында өткізілген күндізгі-сырттай байқау қорытындысы бойынша Жарқайың ауданының мұғалімдері ең үздік авторлық бағдарлама конкурсында жеңімпаз атанды.
Жыл сайын Самара қаласында «Инновациялық идеялар жәрмеңкесі» өткізіліп тұрады. 2012 жылы аталмыш жиынға Күләш Мұхташқызы қатысып, өз жобалары мен авторлық бағдарламаларын қорғап, алтын сертификатымен марапатталды.Ол көптеген конкурстардың жеңімпазы. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 2013 жылы Самара облысы, Отрадный қаласында өткен әлеуметтік-педагогикалық инновациялардың халықаралық жәрмеңкесіне қатысып, «Инновациялық жобаларды қолдау және білім берудегі инновациялық технологияларды дамыту мен ілгерілетудегі жеке үлесі үшін» Ресей Федерациясының грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар, 2014 жылы Ақмола облысының «Жылдың үздік әдіскері» облыстық байқауында жүлделі бірінші орынды жеңіп алды.
Өскелең ұрпаққа өз өнегесімен үлгі болып жүрген ұлағатты жанның абзал бейнесі осындай.
Ұлмекен ШАМЕНОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар