Әлемнің бұқаралық ақпарат құралдары сейсенбіден бері Мәскеудің Внуково әуежайында орын алған ұшақ апатынан француздық Total ірі мұнай компаниясының атқарушы директоры Кристоф де Маржеридің қаза тапқанын және осы апаттың ықтимал себеп-салдары туралы хабарлап жатыр.
Әуеге көтерілмекші болғанда қар жинаушы көлікпен соқтығысқан ұшақ толықтай өртеніп кеткен. Оның бортында болған үш экипаж мүшесі де қайғылы қазаға ұшырады.
Қазір Ресейдің тергеу комитеті осы жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғап, оқиғаның анық-қанығын анықтауда. Франция жағынан да арнайы мамандар келді. Қар жинайтын машина жүргізушісінің ішімдік ішкені анықталып, ол уақытша қамауға алынды. Сонымен бірге, іс тергелгенше әуежайдың бірқатар қызметкерлерін жұмыстарынан шеттету туралы шешім қабылданды.
Онсыз да экономикалық санкциялар қолданылып жатқан Ресейге әлемдегі ірі мұнай компаниялары бірінің басшысы қаза тапқан бұл қайғылы оқиғаның оңай соқпайтын түрі бар. Бұл жалған дүниеде мәңгілік ештеңе жоқ. Осыған Внуководағы апат та тағы бір көз жеткізгендей. Білдей бір ірі мұнай компаниясының билеушісі Кристоф де Маржериді осал деп кім айтар? Сызығы жеткенде 64 жасар ол да тағдырдың жазғанына көніп, кете барды…
«Арқа ажарының» өз ақпараты.