Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жетімдерімізді неге шет ел асырамыз?!. - АРҚА АЖАРЫ

Жетімдерімізді неге шет ел асырамыз?!.

Сонау қазан төңкерісінен кейінгі қысылтаяң жылдар, Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарында да  жағдайдың қиындығына қарамастан, балаларымызды тентіретпеуді ойлаған ел едік. Ғани Мұратбаев сияқты асылдарымыздың арып-ашыған жетім балаларды көшелерден жинап алып, интернатқа, балалар үйлеріне тапсырғаны естеріңізде ме?

Соғыс тұсында да майдандағы әкесінен, ауылдағы анасынан айырылған небір жетімекті туған-туыс, жанашырлары, болмаса өкімет қамқорлығына алып, солар кейін  ер жетіп, ат жалын тартып, азамат болып кеткен жоқ па? Ұрпақ өрбітті, еліне еңбегі сіңді, талай халқымыздың марқасқалары сол ауызы аққа, жаны шуаққа жарымаса да, елде жүрген  жетім балалардың арасынан шықты.
Ал, қазір заман тыныш, ел аманда жетімдерімізді шет елге асырып, соған түк болмағандай, алшаң басып жүргенімізге қарадай қаным қайнайды. Заманның небір қысылтаяң, тар кезінде де ұл-қызымызды тентіретпеген, жаттың қолына бермеген қазақ едік. Енді не болып кеттік? Бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, тәуелсіздік алғаннан бері 5 мың, әлде, 6 мың бала шет елге асырауға қоя берілген. Судың да сұрауы болушы еді ғой. Сонда ішінде рас жетімі, тірі жетімі бар, бұл балалардың сұрауы болмағаны ма? Осылардың көбі естіп-біліп жүргеніміздей, қазақтың қара көздері. Ұл-қыздарымызды шетке асырауға беретіндей, соншама халқымыздың саны асып-тасып жатыр ма, әлде.
Көрші өзбек, басқа халықтардың өзге елдерге бұлай бала бергенін естімейсің. Ал, сонда, бауыр еті баласын шет елге көзін жәудіретіп қоятындай қазаққа не күн туды? Баяғыда ел бар, өкімет бар, өзіміз-ақ асырап, жеткізбеуші ме едік. Содан қай бала жаман болды? Әрбірден  соң бүгінгі қазақтың бірнеше ұрпағы сондай жетімдерден өрбіп отырғанын ұмытпайық. Сол біз айтып отырған 5-6 мың бала, егер өзіміз асырап, өзіміз бақсақ, адам қылсақ, елге ертең қыруар пайдасын тигізбей ме, онсыз да өсе алмай, көбейе алмай отырған қазақтың санын арттырмай ма? Жоғарыда отырған депутаттар ұлттық мүддемізге нұқсан келтіретін осындай келеңсіздіктерге қалай жол беріп отыр дейсің қарадай налып.
Оны қойып, біздің телеарналардың шет елге кеткен қазақ балаларының өмірін әжептәуір дәреже етіп көрсетіп, арнайы хабарлар беретінін қайтерсің. Қазір шет елге асырап алуға бала беру уақытша тоқтатылды деп естиміз. Осы бетімен ол біздің ойымызша, уақытша емес, толық тоқтатылуы керек. Шет елдегінің бәрі  керемет емес, Қазақстаннан барған балалардың кейбіреуін сонау Американың өзінде ұрып-соғып, істемегенді істеп жатқанын баспасөз, теледидардың күнделікті жаңалықтарынан естіп-біліп жатамыз.
Мұхит асып, айдаладағы біреуге бала болып кеткен қазақтың бейкүнә ұл-қызы-ай! Ертең ер жетіп, түрің басқа, тұрағың басқа екеніне дағдарып, жаның қамықса, обалың кімге екен?  Ата-бабамыз «кісі елінде сұлтан болғанша,  өз еліңде ұлтан бол» деуші еді ғой. Сол жазғандар біз не көрсек соны көріп, сұлтан болмаса да, бұл жақта  ұлтан болуға жараушы еді ғой.

Қымбат  ЖОЛДИНА,
зейнеткер.
Аршалы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар