Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ғашықтар биі - АРҚА АЖАРЫ

Ғашықтар биі

Кейде бір болмашы нәрсеге ашуланып қалатыны болмаса, Сандуғаш жаман қыз емес. Оқуын ойдағыдай бітірді, тұрақты жұмысы бар. Қарт ата-анасын ренжітпей, қалаған заттарын, киім-кешегін түгел әперіп тұрады. Жалғыз інісі Аянға да қамқор.

Мұның кейде бір нәрсе дұрыс болмай қалса немесе айтқан нәрсесі орындалмай қалса, қайнаған шәйнектей бұрқ-бұрқ ететінін білетін інісі бұған ұйықтар алдында «Жақсы жатып, жұлынбай тұр» деп арасында сөзбен тиісіп, ойнап қояды. «Қазір сені ме… Әпкеңді мазақтағанды көрсетейін!» деп, бұл да інісіне есе жібермеуге тырысатын. Сондағысы, бауырының сөзіне әсте ренжімейді. Екеуі бір-біріне осылай бала кездерінен еркелейді. Анда-санда кешқұрым уақытта балалық шақтарын еске түсіріп, қандай қияңқы болғандарын айтып, сықылықтап күледі-ай келіп.
Сандуғаш осы бейқам өміріне дән риза еді. Осылай ата-анасының, бауырының жанында еш алаңсыз тұрып жатқаны өзіне ұнайтын. Тек кейде:
«Қызым, жасың отыздан асып барады. Қыз жат жұрттық деген. Біз сенің жаныңда мәңгі-бақи болмаймыз. Ешкім ата-анасын қанжығасына байлап жүрмейді. Өзіңе келешекте пана, тірек, қорған болатын ер-азаматың болуы керек. Әкең екеуіміз көзіміздің тірісінде сені ұзатып, құтты орныңа қондырсақ дейміз, қызым», – деген қарт анасының сөзі есіне түсіп, қалың ойға батыратын. Әлдеқашан үй-күй болған қатарластарынан қалып қойғанын өзі білсе де, кейде ата-анасының, туыстарының: «Санду, сенің тойыңда қашан қыдырамыз?» деп үнемі айтатын сөздерінен жалығып кететін. Сондайда өзінің ашушаң мінезіне басып, бала секілді бұртиып, бөлмесінен шықпай жатып алатын.
Анасы тұрмыс құру туралы жиі қайталай бергендіктен бе, Сандуғаш соңғы кездері отбасы, бала жайлы көбірек ойлана бастаған еді. Алайда, айналасында өзіне тең келетін жігітті көзіне елестете де алар емес. Ойына: «Жасы отыздан асқан қыздар не жалғыз қалады, не ажырасқан жігіттің етегінен ұстайды» деп айтқан әлгі бір танысының сөзі сап ете түспесі бар ма?
«Шынымен солай ма екен? Бәлкім, рас та шығар… Жасым отыз үшке келді. Студент кезімде маған көңілі ауған жігіттердің барлығы баяғыда-ақ үйленіп кетті. Енді, үйленбеген жігітпен көңіл қосуым екіталай… Жоқ… Баласы бар адамға шыққанымша, осылай ата-анамның жанында тұра бермеймін бе? Ондай адамның әйелі болу менің қолымнан келмейді». Осылай терең ойға шомып отырған Сандуғаш қалта телефонының манадан бері шылдырлап жатқанын байқамай да қалған еді. Қоңырау соғып жатқан университетте бірге оқыған құрбысы екен. Алдағы демалыста группаластардың кездесу кеші болатынын айтуға хабарласыпты.
Әрлі-берлі ойланған Сандуғаш сол күні жұмыста болатын кезекшілігінен сұранып, әдемі көйлегін киіп, ресторанға бет алды. Университетте бірге оқыған қыздардың ішінде өзімен жақын араласатын Айсұлу есімді құрбысы бар болатын. Әлгі құрбысы күйеуі екеуі сол кездесу кешіне Сандуғашпен таныстырамыз деп, өздерімен бірге басы бос таныстарын да ерте келген-ді.
Кеш бойы Самат Сандуғаштан көз алмады. Алайда, ол жігіттің құмар ойындарға әуестігін, оның үстіне ащы суға да кет әрі емес екенін сырттай білетін Сандуғаш оған мүлде қарамады. Ресторанға кіргеннен-ақ өзінен көз алмай отырғанын көрсе де, байқамағансып отыра берді.
Группаластардың кездесу кеші ол ойлағаннан да ұзаққа созылды. Қыздардың барлығы күйеулерін қолтықтап, ғашықтар биін билеуге шыққан еді. Манадан бері құрбыларының ортасында күліп-ойнап, шүйіркелесіп отырған Сандуғаш өзінің жалғыз екенін сол сәтте анық түсінді. Жұптасып билеп жүрген құрбыларына іштей қызығып отырғанын ешкімге білдіргісі келмеді.
Кенет үстел үстінде жанып тұрған шамға тесіле қараған қарақат көздері жыпылықтап, артына жалт бұрылды. Алғаш көрген сәттен бастап мұнымен танысуға талпынған Самат қарсы алдында қолын созып, биге шақырып тұр екен. Басында оны жақтырмай, қасына жолатқысы келмесе де, Сандуғаш сол сәтте кілт өзгеріп, Саматтың қолынан ұстап, екеуі шыр айнала билей жөнелді. Әрлі-берлі айналып билегеннен бе, әлде бақыттан ба, әйтеуір басы айналып, жүрегі беймәлім күй кешуде. Бұл аздап қысылып, жанарын төмен қаратқан сайын қарсы алдындағы жігіт оған күлімдей қарап, өзіне тартып, бидің ырғағымен айналдырып әкетіп барады. Мұның соңы не болатынын екеуі де білмейді. Алайда, сол кеште Сандуғаш өзінің жалғыздығын бір сәтке болса да ұмытып кеткен еді…

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар