Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жасампаз жастар үшін зор мүмкіндік - АРҚА АЖАРЫ

Жасампаз жастар үшін зор мүмкіндік

Елбасы Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы болып жарияланды. Жас талантты қазақстандықтарды қолдау аясында мемлекеттік қызметте де жекелеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында Президенттік жастар кадрлық резервін қалыптастыру міндеті қойылды.

Сол кезде Мемлекет басшысы резервтің жастар үшін тиімді әлеуметтік лифтіге айналуы тиіс екенін айтқан еді. Іріктеуге түрлі салалардың өкілдері, түрлі кәсіп иелері қатыса алады. Олар міндетті түрде мемлекеттік қызметкер болуы шарт емес, квазимемлекеттік сектор, жекеменшік сектор, азаматтық қоғам өкілдері бола алады. Резерв жедел шешім қабылдауға қабілетті, құбылмалы жұмыс жағдайларына жылдам икемделе алатын «жаңа формация» басшылары бола алатын мемлекеттің жоғары басқарушылық қызметтеріне әлеуетті үміткерлерді біріктіретін болады.
Бүгінгі күні білімді, белгілі бір салада жетістіктері бар, жаңашыл, бастамашыл, мемлекетіміздің одан әрі өркендей түсуіне өз үлесімді қосамын деген жастар үшін президенттік резервке тұрып, жоғары мемлекеттік және басқару лауазымдарына тағайындалу мүмкіндігі туып отыр. Қазіргі таңда аталған резервке іріктеу жұмысы жүріп жатыр. Оның барысы туралы өзекті ақпарат агенттіктің автоматтандырылған онлайн-платформасында әрдайым жарияланып тұрады. Азаматтар резервке тұруға кімдердің тапсырыс бергенін, онымен қоса, әр кезеңнен кейін келесі кезеңге өткендердің тізімін көре алады.
Президенттік кадр резервінің жастар арасында үлкен қызығушылық тудырғаны сөзсіз. Себебі, бұл іріктеу олар үшін өз қабілеттерін көрсетіп, білімдері мен құзыреттерін сынау мүмкіндігі. Іріктеу кезеңдерінде үміткерлер күрделі мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін анықтауға арналған тестілеуден өтеді. Бұл кезеңде үміткерлердің теориялық даярлығы, аналитикалық және сыни ойлау қабілеті анықталады. Үміткерлердің көшбасшылық қасиеттерін, стратегиялық көзқарасын, ынтасы мен құндылықтарын бағалау кезеңінде олар эссе жазады және өздерінің әлеуметтік маңызды жобаларымен таныстырады. Кандидаттарды бағалау кезеңінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін салалық сарапшылар тартылған. Олар іріктеу процесінің әділдігін қадағалай алады.
Іріктеу кезеңдерінде жақсы нәтиже көрсеткен қатысушылардың әрбіреуімен жеке сұхбатты Президент әкімшілігімен құрылған сараптау комиссиясы жүргізеді. Үміткерлерді Президенттік жастар кадрлық резервіне қабылдау туралы шешім Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы кадрлық резерв бойынша Ұлттық комиссиясымен қабылданады. Резервке қабылданған азаматтар басқарушылық, салалық, өңірлік лауазымдар тобындағы лауазымдарға тағайындалу мүмкіндігіне ие болады. Бұл лауазымдар тобы әр саланы қамтиды және айтарлықтай кең. Резервте тұру мерзімі 5 жылды құрайды.
Президенттік жастар резерві мемлекеттің жоғары басқару лауазымдарына орналасуға үміткер азаматтарды біріктіруге арналған. Бұл азаматтардың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған оң шешімді жылдам қабылдауға қабілетті, еңбекте тиімді, жауапкершілігі жоғары жаңа форматтағы басшылардың резерві болары анық. Сонымен қатар, бұл биылғы Жастар жылы жасампаз жастар үшін жасалып отырған зор мүмкіндік.

Райхан БРАТАЕВА,
Ақмола облысы бойынша
мемлекеттік қызмет істері
департаменті басшысының
орынбасары

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар