Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Димаш Таласбаев: «Жаңа технологиялар өз нәтижесін беруде» - АРҚА АЖАРЫ

Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Димаш Таласбаев: «Жаңа технологиялар өз нәтижесін беруде»

Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні қарсаңында тілшіміз облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Димаш Таласбаевқа жолығып, осы салада атқарылған жұмыстар жөнінде әңгімелескен еді.

►–Димаш Аманжолұлы, агроөнеркәсіп кешенінің еңбеккерлері ауыл шаруашылығы жылын қалай қорытындылады?
–Биылғы жылғы ауа райының қолайсыздығы диқандар жұмысына көп қолбайлау болды. Көктем айлары суық болып, көктемгі егіс пен орақ кезінде жаңбыр жауды. Осы қиындықтарға қарамастан, облыс аумағында ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық түрі бойынша жақсы өнім алынды. 4,4 миллион гектар алқаптан 5,1 миллион тонна астық жиналып, республика бойынша жиналған астықтың ширегін құрады. Гектар берекесі 11,7 центнерден айналды. Биылғы жылы өндірістегі үшінші класты бидай 60 пайызды құрады. Жиналған астық көлемі ішкі қажеттілікті және 2-2,5 миллион тонна экспортты толық көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 187 мың тонна майлы дақылдар, 278 мың тонна картоп, 57 мың тонна көкөніс, 350 мың тонна азықтық дақылдар жиналды. Келесі жылдың егістік жерлеріне 722 мың гектар алқап өңделіп, 889 мың гектар жер жыртылды. Қамбаға 527 мың тонна тұқым құйылды.
►–Егіншілік саласындағы әртараптандыру және алдағы жылдарға жоспар жөнінде айтсаңыз. Қандай нәтижелерге қол жеткіздіңіздер?
–2019 жылы дәнді және бұршақты дақылдар алқабы 4,3 миллион гектарды, майлы дақылдар 264,5 мың гектарды, көпжылдық шөпті есепке алғанда азықтық дақылдар 675,6 мың гектарды, картоп алқабы 17,9 мың гектарды, көкөніс 4,1 мың гектарды құрады. Бұл Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдігі арасында келісілген егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру жөніндегі меморандумға сәйкес келеді. Басымдыққа ие дақылдар алқабын ұлғайтуға бағытталған ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру өз кезегінде мал шаруашылығын дамытуға, өнімді өңдеуге ықпалын тигізеді.
►–Ауыл шаруашылығы техникаларының паркін жаңарту жөнінде айтсаңыз.
–Облыста машина-трактор паркін жаңартуға ерекше назар аударылады. Соңғы 3 жылда екі мыңнан астам өнімділігі жоғары техника, оның ішінде 887 астық жинайтын комбайн, 748 трактор, 212 егіс кешені сатып алынды. Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту деңгейі 2,6 пайызды құрайды. Бұл – орташа республикалық деңгейден 0,6 пайыз жоғары. Облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері биылғы жылдың он айында 279 астық жинайтын комбайн, 299 трактор, 74 егіс кешенін сатып алды.
►–Жердің құнарлығын арттыру үшін қандай шаралар қолдануда?
–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында суарылатын алқаптар көлемін көбейтудің маңыздылығы жөнінде айтты. Бұл өз кезегінде жердің құнарлығын арттыруға мүмкіндік береді. Биылғы жылы облыстағы суарылатын жер көлемі 3,1 мың гектарға ұлғайып, 24,1 мың гектарды құрады. Бұл көрсеткішті 2030 жылы 136 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланды. Өнімділікті арттыру үшін минералдық тыңайтқыш сатып алу мәселесіне ерекше назар аударылады. Облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері 1,6 миллион гектар алқапқа 26,5 мың тонна көлемінде аммофос пен аммиак селитрасы тәрізді тыңайтқыш енгізді. 2022 жылы минералдық тыңайтқыш енгізілетін алқаптардың көлемін 2,4 миллион гектарға дейін жеткізу жоспарлануда.
►–Сүтті және етті мал шаруашылығы агроөнеркәсіп кешенінің маңызды саласы. Осы бағытты дамыту бағдарламасы қалай орындалуда?
–Бүгінгі күні шаруашылықтарда 32 мың бас ірі қара мал бағылуда. Бұған қолда бар мал бордақылау алаңын 10 мың басқа дейін кеңейту арқылы қол жеткізілді. Асыл тұқымды мал сатып алу жұмысы одан әрі жүргізілуде. Биылғы жылы облысқа Австралия, Чехия, Словакия және Ресейден 6 мың бас ірі қара әкелінді. Мамандандырылған сүтті мал шаруашылығымен 26 мың бас ірі қара бағатын 40 орта және ірі шаруашылық субъектілері айналысады. Қуаты 400-ден 1200 басқа дейін 5 ірі тауарлы-сүт фермасын құру жобасы басталды. Жобаны 2022 жылдың соңына дейін жүзеге асыру жоспарланған. Бұл жылына 40 мың тонна сүт өндіруді қамтамасыз етеді.
►–Макинск құс фабрикасы ашылса, облыс құс етін өндірудің көшбасшысы болады. Бұл жобаның келешегі қандай?
–2020 жылы Макинск кәсіпорнының екінші кезеңі іске қосылғаннан кейін өндірістік қуаты екі есе көбейіп, 50 мың тоннаны құрайды. Сөйтіп, құс етімен Қазақстанның ішкі рыногы қажеттілігінің 15 пайызын қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Еліміз бойынша бұл өніммен импорттың үштен бір бөлігі жабылады. Сондай-ақ, «Capital Projects LTD» серіктестігі жылдық жобалық қуатына шығып, 20 мың тонна құс етін өндіре бастады.
►–Астананың азық-түлік белдеуін дамыту жөнінде биылғы жылы қандай жаңа жобалар қолға алынды? Нұр-Сұлтандықтар қандай негізгі тағам түрлерімен қамтамасыз етілуде?
–Астананың айналасындағы азық-түлік белдеуін дамыту аясында 2009-2019 жылдары 138,1 миллиард теңгенің 148 жобасы, оның ішінде сүтті мал шаруашылығының 13 жобасы, еттің 16, құс шаруашылығының 11, сүт өңдеудің 7, ет өңдеудің 5, көкөніс сақтау мен жылыжайдың 16, майлы дақылдар өңдеудің 6, астық өңдеу мен астық сақтаудың 74 жобасы жүзеге асырылды. Қолданған шаралардың нәтижесінде жыл сайын өндіріс көлемі мен астаналық рынокқа ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау көлемі ұлғайды. Мәселен, биылғы жылдың 10 айында 23,7 мың тонна ет және ет өнімдері, 101,9 мың тонна сүт өнімдері, 238 миллион дана жұмыртқа, 74,8 мың тонна картоп, 24,4 мың тонна көкөніс тасымалданды. Етпен және сүтпен Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарының 33-34 пайызын, жұмыртқамен 94 пайызын, картоппен 88 пайызын, көкөніспен 29 пайызын қамтамасыз етіп отырмыз. Ақмолалық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің өнімі 44 сауда орнында сатылады. Астанада «AQMOL» сауда жүйесінің фирмалық дүкендері ашылуда. Бүгінгі күні 5 дүкен ашылып, 390,2 миллион теңгенің 230 тонна әртүрлі өнімдері сатылды. Азық-түлік белдеуін құру жұмысы Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігімен бірлесіп жүргізіледі. Орталық деңгейде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігімен үйлестіріледі.
►– Облыстың агроөнеркәсіп кешені субсидия түрінде мемлекеттің үлкен қолдауына ие. Өткен кездесуде мұнда қандай өзгерістер болды?
–Тек биылғы жылы облысымыздың ауыл шаруашылығы саласын қайтарымсыз мемлекеттік қолдау көлемі 36 миллиард теңгені құрады. Бұл – 2018 жылғыдан 7 миллиард теңгеге артық. Жыл сайын бөлінетін бюджет қаржысы барлық агробизнес субъектілері үшін қолжетімді. Бұл жыл сайын облыстағы 4,4 мыңға жуық шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына бюджет қаржысын бөлу мүмкіндік береді. Мемлекет ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығын және астықтың сапалы көрсеткішін ұлғайтуға бағытталған қолдау көрсетуде. Сөйтіп, гербицидтер құнын арзандатуға бағытталған бағдарлама аясында субсидия нормативін 50 пайызға дейін жеткізудің арқасында облыс аграршылары жаздық егістің барлық алқабында химиялық өңдеу жүргізді. Бұл биылғы жылғы астықтың мол шығуына оң ықпалын тигізді. Мемлекеттік реттеудің қозғаушы күші болып табылатын мемлекеттік қолдау жыл сайын ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығын және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіп кешенін құруға және облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізгі көрсеткіштерін тұрақты көбейтуге жол ашады.
Мал шаруашылығы саласында ет және сүт өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруға және асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдауға субсидия түрінде мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Мал шаруашылығында субсидиялаудың критерийлері біраз өзгеріп, субсидия алушыларды қамтуды ұлғайтуға мүмкіндік берді. Бұл соңғы қорытындысында өнім көлемін көбейтуге өз септігін тигізеді. Азық-түлік тағамдары өндірісінің көлемін ұлғайту факторларының бірі – өнім өндірісі мен оны терең өңдеу үшін ауыл шаруашылығы өнімін сатып алатын өңдеуші кәсіпорынның шығынын жабуға 321,6 миллион теңге субсидия бөлу болып табылады.
►–Енді ауыл шаруашылығы өнімдерінің барлық түрін өңдеу жөнінде айтсаңыз.
–Ет өңдеумен 15 кәсіпорын айналысады. Олардың өндірістік қуаты жылына 62,5 мың тоннаны құрайды. Кәсіпорындар биылғы жылдың 10 айында 42,4 мың тонна ет өндірді. Өңделген ет үлесі 38 пайыздан 62 пайызға дейін көбейді. Облыста сүт өңдейтін 15 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың жылдық өндірістік қуаты147 мың тоннаны құрайды. Өңделген сүт өндірісінің көлемі 62,2 мың тоннаны құрап, 26 пайыздан 29 пайызға дейін өсті. Облыста астық өндірісімен 6 мыңнан астам меншіктің барлық түріндегі субъектілер айналысады. Оның ішінде 1300 ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, 47 кәсіпорын ұн өндірумен айналысады. Олар биылғы жылдың 10 айында 276,4 мың тонна өнім өндірді. Облыстың 8 кәсіпорны өсімдік майын өндіреді. Олар 10 айдың ішінде 20,8 тоннадан артық май сатты.
►–Облыстың агроөнеркәсіп кешенінде цифрлық технология қолдану жөнінде айтсаңыз. Қандай көрсеткіштерге қол жеткізілді, алдағы уақытта не істеледі?
–Тұңғыш Президентіміз, Елбасы еңбек өнімділігін 2022 жылы 2,5 есе көбейту жөнінде тапсырма бергені белгілі. Бұл мақсатқа қол жеткізудің тиімді бағыттарының бірі – цифрландыру және нақты технология болып табылады. Бүгінгі күні облыста нақты жер өңдеу элементтерін пайдаланатын 95 шаруашылық бар. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Өткен жылы Бараев атындағы Шортанды астық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығының 3 мың гектар алқабында нақты жер өңдеу полигоны құрылды. Жалпы, шығынды үнемдеу жер өңдеудің дәстүрлі жүйесімен салыстырғанда 16-25 пайызды құрады. Өткен жылдан бастап ауыл шаруашылығы жерлеріне космостық мониторинг жүргізіле бастады. Бұл жұмыс биылғы жылы да қолға алынуда. Бұл дала жұмысын жедел түрде өткізудің агротехникасы бойынша оңтайлы шешім қабылдауға мүмкіндік берді. Мал шаруашылығы саласын цифрландыру негізінен, тауарлы сүт фермаларында қолданылуда. Жүйеде қолда бар мал жөніндегі нақты мәлімет малды азықтандыруды түзетуге, сондай-ақ, зоотехникалық және ветеринарлық шараларды уақытында өткізуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде бұл бағдарламаны қолданбайтын шаруашылықтармен салыстырғанда, жалпы сүт сауу 6-7 пайызға көбейді. Сондай-ақ, «Щучинский гормолзавод», «КазБифф ЛТД», «СК Фууд» серіктестіктері тәрізді ет бағытындағы фермаларда автоматтандыру шаралары жүргізілуде. Облыстың мал шаруашылығында малды идентификациялау бо-
йынша мәлімет базасы мен селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты дамытуға бағытталған ақпараттық талдау жүйесі қолданылады.
Сөзімнің соңында барлық ауыл еңбеккерлері мен еңбек ардагерлерін Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күнімен құттықтағым келеді. Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасының амандығын, еңбегінің жемісін тілеймін. Ауыр әрі жауапты еңбектеріңізге шын жүректен алғысымды білдіремін.
►–Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген Рамазан ТІЛЕУОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар