Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Меншікті тілші мерейі - АРҚА АЖАРЫ

Меншікті тілші мерейі

немесе көкшелік қарт журналист ғибраты

Бақберген Амалбеков,
«Егемен Қазақстан» газетінің Ақмола облысы бойынша 1992-2017 жылдардағы меншікті тілшісі, Қазақстанның құрметті журналисі

Үлкен ғалым, жазушы Тұрсынбек Кәкішевтің «Садақ» аталатын кітабында (1986 ж., «Жалын») мынадай өлең жолдары бар:
Оқуға үздік, шаруаға босаң балам,
Күн жаумай су болатын осал балам,
Деген ғой тесік моншақ жерде қалмас,
Өскен соң кім боласың – тосам балам.
Бұл кезінде «Ғалия» медресесін бітіріп, елде сауат ашу мектебін ашқан Зияш Алдабергенов атамыздың үлкен ұлы Серікке арнап жазған толғанысы екен. Сол Секеңмен 1980 жылы танысып, әріптестік ынтымақ, сыйластықта болдық. Алматының ауыл шаруашылығы институтын, жоғары партия мектебінде білім алған ағамыз Қызылту аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Көкше өңіріндегі бірнеше аудандық газеттердің редакторы, облыстық «Степной маяк» газеті бас редакторының орынбасары, қос тілді экологиялық газеттердің редакторы қызметін атқарды. Нарық кезінде де өзіндік үні барын байқатты. «Табиғат жаршысы», «Вестник природы» аумақтық газеттерін ашып алды. Бұл енді, бір кездері әкесі айтқан «оқуға үздік, шаруаға босаң баланың» тірлігі осы.
Марқұм Секең біздің газетті үнемі оқып жүретін еді. Күндердің бір күні үйге қоңыраулатып: «Менде құнды жәдігер бар, «Егеменнің мерейтойына жарап қалар», – деді. Көкшетау қаласының «Орталық» шағын ауданында, бесінші қабатта тұратын ағаның пәтеріне ұшып жеттім. Жылдар сарғайтқан оқушы дәптерін қолыма ұстатты. Бас жағында Зияш атайдың қысқаша өмірбаяны жазылған. Онда әкесінің 1888 жылы туғаны, медресені бітірген соң 1924 жылдан бастап «Еңбекші қазақ» газетімен байланыста болғаны, ақыры Сәкен Сейфуллиннің ықпалымен 30-шы жылдың соңында осы газетке (бұл кезде «Социалистік Қазақстан») қызметке алынғаны айтылады. Мақалалар тізбегі де біршама. Серік Алдабергенов мұны 1983 жылы Алматыға арнайы барып, Кітап палатасындағы газет тігінділерінен көшіріп алыпты.
Дәптерді екі күн оқыдым. Осыдан сексен жыл бұрын жазылған мақалалар бүгінгінің тынысын білдіретініне қайран қаласың. Шығыс Қазақстандағы меншікті тілші З.Алдабергенов 1933 жылғы 18 маусымда «Шығыс Қазақстан облысында газет тарату түкке тұрмайды» деген тақырыппен сын жарияласа, содан екі күн бұрынғы нөмірде «Пар айдауда саботажға жол берілмесін» деп дабыл көтеріпті. Дәптерде Зияш атамыздың 1934 жылы жарияланған 30 мақаласының тізімі келтірілген. Солардың ішінде «Оңтүстік Қазақстанда тілші болған кезіндегі «МТС-тарда трактор майын ұрлау күшейіп барады», «Жабдықтау бөлімінің кірісінен шығысы көп», «Жуалы жайбарақат отыр», «Қайта құруды жете бағаламаушылық болған», «Жәрдем астықты ұрлаушы жауларға тез тыйым салынсын», «Облыстың жер бөлімі ауданның ілгері басқан аяғын кейін тартады», «Зиянды жәндіктермен күресетін станса түк істеген жоқ», тағы басқа тақырыптағы материалдарымен жұрт назарын аударады.
Бірнеше облыста меншікті тілші қызметін атқарған Зияш Алдабергенов күн тәртібіндегі мәселені дөп басатын, турашыл, принципті қасиеттерімен үлгі қалдырады. Хал-ахуалдың күйіп тұрған 1937 жылдың 12 шілдесінде есеп беру-сайлау науқанынан жазған мақаласында «Құрылыс комитеті профсоюз демократиясын бұрмалады» деген тақырыппен Балқаш өңіріндегі келеңсіздікті жіліктеп шағып береді. «Есеп беру басталған күні құрылысшылар комитетінің председателі Баркиев пен оның орынбасары Баранов қатты әбігерленді. Олардың сасқандығы сондай, көшеге шығып кез-келген союз мүшелеріне жабысты:
– Біздің баяндамашымыз жетпей тұр, переводчиктер де аз болып қалды. Сен бүгін баяндама жасап берші… Сен барып переводчик бола қойшы… – деп көрінгенді сүйреледі.
Осының салдарынан учаскелердің көбінде жиылыс болмай қалды… Қоңырат-Балқаш темір жолының 5 учаскесінде баяндама жасауға белгіленген құрылыс комитетінің мүшесі Водилов, оның сөзін қазақшаға аударатын Әкімжанов еді. Халық жиналып болған кезде Водилов баяндаманы жасаудан бас тартты. «Бұрын баяндама жасап көрген жоқ едім, жүрегім дірілдеп барады», – деді ол.
Водиловқа сеніп даярлық жасамай барған «тілмәш» Әлімжанов оның орнына «ептеп-септеп» баяндама жасаған болды. Ол союз мүшелерінің сұрақтарына жауап бере алмай, ертеңге қаратты».
Тілші одан кейін Балқаш құрылыс комитетіндегі кемшіліктерді бұлтартпас дәлелдермен өткір сынайды: «1936 жылдың сентябрінде 2416 екпінді, 1773 стахановшы болатын. Ал, биылғы жылы бұлардың қатары азайып, стахановшылар қозғалысы мүлдем бәсеңдеп кетті. Техника оқуына қатысу өте нашар. Бұған 3 мыңдай жұмысшы қатысудың орнына, 1 мыңға жетер-жетпес жұмысшы қатысып келген. Балқаш құрылысында қазірде 868 сауатсыз, 803 шала сауатты жұмысшы бар. Бұлардың көбісі сауатсыздар үйірмесіне қатыстырылмастан отыр. Кәсіподақ жұмысында осындай сорақы кемшіліктер көп-ақ».
«Нестеренко былықтырып отыр» деген мақаласында (1934 жылғы 3 маусым) Оңтүстік Қазақстан облыстық жер мекемесі бастығы орынбасарының қылықтары қатты әжуаланады. Ол Сергеев МТС-на (Леңгір ауданы) «Молотилкаларың Шымкент станцияларына келіп жатыр. Тез келіп алыңдар», – деген телеграмма жіберіпті. Содан МТС саясаттық бөлімінің бастығы Тұрдыуалы жолдас болып екі жүк машинасы, бір тракторды 50 шақырымнан айдап колхозшылармен Шымкентке келеді. Келсе Нестеренко да жоқ, молотилка да жоқ. «Қателесіп шақырыппыз», – деп қайтадан айдапты. Бұдан туған зиян қандай?». Осы факт жеркомның бүкіл қызметіндегі кемшіліктердің бетін ашқан көлемді мақалаға айналған.
Мен де меншікті тілшімін ғой, ал өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы әріптесімнің деректерді ойнатуы, сөзінің сұлулығы, тілінің тотияйындығы, қаһармандарын суреттеудегі көркем кесте тәтті ойларға қалдырады. Үйренгің келеді. «Орденді Сағындық» деген очеркінде (1939 ж. 15 маусым) сиыршы Сағындықтың майталман мақташыға айналғаны, Ленин орденімен марапатталғаны сөз өнерінің жауһарларымен, бүкіл ауылдың қуаныш көңілімен шебер баяндалады. Майдамтал ауылының таудан құйылған таңғы сәулемен кірпігін кере оянуы, «сүйіншілеп» шапқылаған салт аттының жақсылық туындай желбіреуі, ауылдастарының Сағындық жолдасты кезек-кезек құшақтап жатқандағы көрініске қол соққың келеді.
Зияш атамыз «Социалистік Қазақстан» газетінде 1941 жылға дейін қызмет істеді. Бақанастан Көкшенің Қызыл туына көшіп келгеннен кейін де «Ғалия» медресесінде бірге оқыған атақты ақын Сәйфи Құдашпен, халық ақыны Балтағұл Бигелдиевпен, Зияш Алдабергеновті ұстазы санаған ақын Жақан Сыздықовпен, тағы басқа зиялылармен хат алмасып тұрған. Герценнің: «Хат – көңіл қуанышы, білім алысу бұлағы», – деген сөздерін еске алсақ, Зияш Алдабергеновтің сақтаулы хаттарына көз шалған кісі олардың хат шеңберінен асып түсетінін байқар еді. Бұл бөлек хикая. Зияш атамыз «Социалистік Қазақстан» газетіндегі алты жылында алпыстан астам мақала жазған екен. Оның да өзіндік ғибраты мол.
Кеудесі алтын сандық қарт журналист 1970 жылы сексен екіге қараған жасында дүниеден өтті. Өз өсиетімен қазіргі Уәлиханов ауданындағы Жуантөбе биігіне жерленді. Баурайында Сілеті өзені сылдыр-сылдыр сыр толғайды. Жанында – Алдаберген өткелі…
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар