Қазіргі таңда елімізде жастар арасында еріктілер қозғалысы кең өріс алуда. Ерікті дегеніміз – өз еркімен қоғамдық жұмыстарға белсенді араласушы. Осы қызмет түрін таңдағандар адамдарға қамқорлық танытып, жақсылық жасап, басқаларға қуаныш сыйлай білген жандар.
Біржан сал ауданына қарасты Макин орта мектебінде осыдан 10 жыл бұрын «Еңбектік десант» атты тимуршілер қозғалысы жанданған кезде еріктілер клубын құру идеясы пайда болған еді. Мектеп мұғалімдері, оқушылары және ата-аналар еріктілер қозғалысын дамытуды бірауыздан қолдады. Мектепте жаңадан оқушылар бірлестігін құру қажеттілігі туды.
Біздің еріктілер жасағының басты міндеті – қоғамда адамгершілік қасиеттерді насихаттау, көмекке мұқтаж адамдарға қол ұшын беру. Еріктілер өмірді жақсартуға деген ұмтылыс пен жауапкершілікті, белсенді өмірлік ұстанымды басты назарға қояды.
Осыдан екі жыл бұрын мектебіміздің жанынан құрылған «Мейірімді жүрек» еріктілер клубының құрамында жоғары сыныптарда оқитын 15-тен астам ерікті оқушы бар. Олардың қатары жыл санап толыға түсуде. Еріктілер клубының көшбасшысы 10-сынып оқушысы Абылай Қасымов.
«Біз біргеміз, мықтымыз, жеңілмейміз!» деген ұранмен жүретін клуб мүшелері адамгершілік пен азаматтылық, мейірімділік пен адалдық, әділдік пен жанашырлық секілді құндылықтарды дәріптейді. Клубтың жұмысы жыл бойына жасалған ұзақ мерзімді жоспарға сәйкес, өмірдің барлық салаларын қамтиды. Бұл салауатты өмір салтын насихаттау, қылмыстың алдын алу, есірткі және психоактивті заттарды жасөспірімдер мен жастардың пайдалануы-
на жол бермеу, жасөспірімдер мен жастардың толыққанды бос уақытын ұйымдастыру, мектептің, ауылдың, ауданның қоғамдық іс-шараларына қатысу, қарт адамдар, мүгедектер, ардагерлер, көп балалы отбасыларымен тақырыптық кездесу өткізу.
Қыстың келуімен еріктілердің жұмысы көбейе түсті. Жаңа жыл қарсаңында мектеп еріктілері жалғызбасты зейнеткер Валентина Демидкоға көмек көрсетті. Зейнеткер ауыл шетінде тұрады. Қыста ол жақты қалың қар басып қалады. Балалар үйдің маңын толықтай қардан тазартып, зейнеткерге «Instagram» әлеуметтік желісін орнатуға көмектесті. Кейуана балаларға көрсеткен көмектері үшін шынайы алғысын білдірді.
Ұлы Отан соғысының ардагері Нина Скарюкина да назардан тыс қалмайды. Оқушылар ардагерге үнемі көмектесіп отырады. Қарттар күнінде және Ұлы Жеңіс мерекесінде құттықтап, мектепте өтетін концертке шақырады. Еріктілер кейуанаға ауланы қоқыстан және құрғақ шөптерден тазартуға көмектесіп, су, азық-түлік әкеліп береді, жұмысты аяқтағаннан кейін соғыстың қиын кезеңдері туралы әңгімелерін тыңдайды.
Сонымен қатар, оқушылар мұғалім ардагерлерге қолдан құттықтау ашық хаттарын жасайды. Облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының Біржан сал аудандық «Мейірім» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы қарттар мен мүгедектерге арнап концерттер қояды. «Мейірімді жүрек» клубына көмектесіп, қолдау көрсетіп жүргендердің барлығына, еріктілердің ата-аналарына түсіністіктері мен ықыластары үшін алғыс айтқым келеді.
Еріктілер үшін марапат пен атақ емес, адамдардың қошеметі маңызды. Бұл адамдарға қуаныш сыйлайтын, басқаларға жақсылық жасауға шақыратын қозғалыс болып есептеледі. Жуырда Ақмола облыстық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы «Балалар мен жасөспірімдер қозғалысын және еріктілер қозғалысын дамыту» әлеуметтік жобасын іске асыру аясында «Мен ерікті болған күн» эссе жазу байқауын ұйымдастырған болатын. Оған мектеп еріктілерінен екі оқушы қатысты. Олар 10-сынып оқушысы Жасмин Тәшімова, жетекшісі А.Дэр және 10-сынып оқушысы Сабина Тастенбекова, жетекшісі М.Әбжанова. Сайыс қорытындысы бойынша Сабина Тастенбекова 1-орынды иеленіп, диплом мен бағалы сыйлық алды. Жасмин Тәшімова «Ой қозғаушы» номинациясында жеңіске жетті.
2020 жыл елімізде «Еріктілер жылы» деп жарияланды, сондықтан «Мейірімді жүрек» клубының еріктілерін жаңа белестер күтіп тұрғанына сенімдімін. Еріктілер жылы біздің елімізде еріктілер қозғалысын дамытуға жаңа серпін берері сөзсіз.
Мәнсия ӘБЖАНОВА,
Макин орта мектебінің мұғалімі.
Біржан сал ауданы.