Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұстаздықтың биігіне бойлаған - АРҚА АЖАРЫ

Ұстаздықтың биігіне бойлаған

Үрім-бұтақ жолымен келе жатқан аса жауапкершілігі мол аға буынның тәжірибесін кіші буынның бойына дарытқан бірден-бір мамандық иесі ол – ұстаз. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп атам қазақ бекер айтпаған ғой. Келешекте осы жолда қызмет ету мен ұстаз деген атты алып жүрудің өзі мен үшін үлкен мәртебе.

Мәртебелі мамандықтың мерейін асқақтата түсу үшін мен 2017 жылы Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжіне оқуға түсіп, биыл соңғы курсын тәмамдау үстіндемін. Төрт жылдық тынбай оқу мен тәжірибе жинақтаудың арқасында санама мынаны мықтап түйдім. Ұстаздыққа құлаш сермеген әрбір маман өз жұмысына аса үлкен жауапкершілікпен қарауы қажет. Мұндай жандардың бойынан өз ісіне деген сүйіспеншілік пен қызығушылық, жауапкершілік пен мұқияттылық, шеберлік пен шығармашылық сынды қасиеттер міндетті түрде байқалып тұруы тиіс. Неге? Себебі, мұғалім – жан-жақты тұлға. Әрі бүгінгі қоғамның өрге басуы осы мамандық иелеріне де көп байланысты. Өйткені, ұстаздар қандай шәкірт тәрбиелеп шығарса, қоғам да солай дамиды.
Қазақ жерінде Ахмет атамыздың мысалындағы сары масадай, қалың ұйқыда жатқан халықты қараңғы түнектен алып шыққан ұлы тұлғалар аз болмады. Менің де осы мамандықты таңдаудағы бір мақсатым – бүгінгі қоғамдағы ана тілінде шорқақ сөйлейтін жандардың қатарын барынша азайту. Тәуелсіздігімізді алған қазіргідей заманда қазақ тілін үйренуге құлшынысы жоқ үлкен-кішіге менің жаным удай ашиды. Өз ана тілінде жатық сөйлей білмейтін, тіпті, оны мүлдем түсінбейтін ағайындарымыздан не күтуге болады? Бұл – ұлттық құлдырауға алып келмей ме?! «Тілі мен ділі, мәдениеті мен ғылымы өз ана тілінде дамыған ұлттың ұрпағы ешқашан өшпейді» дегендей, еліміздің көркейгенін қаласақ, Қазақстандағы әр қазақ тек өз ана тілінде сөйлеп қана қоймай, бар болмысымен сол тілде өмір сүруі шарт.
Осындай өзекті мәселелердің алдын алу мақсатында Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің оқытушылары аянбай еңбек етіп келеді. Мәселен, сол ұстаздарымыздың бірі, педагогқа қойылатын талаптар мен міндеттерді қатаң ұстана білген Бақытгүл Ерғалиқызы Батанасова да осы оқу орнында 2008 жылдан бастап жемісті қызмет атқаруда. 2013 жылы «Мектеп оқушыларының білімін бағалау мен қадағалаудың мүмкіндіктері» тақырыбындағы еңбегін үздік қорғап, педагогика ғылымдарының магистрі атанған Бақытгүл апай бүгінде көптеген ғылыми оқулықтардың авторы. Атап айтсақ, 2014 жылы «Келешек-2030» баспасынан «Педагогика пәнін оқытуды ұйымдастырудың жолдары» оқу құралы, 2019 жылы «Педагогикалық іс-әрекетті жобалау» оқу құралы «Кәсіпқор» Холдингі» коммерциялық емес акционерлік қоғамының қолдауыменен жарық көріп, республикамыздың барлық педагогикалық колледждеріне таратылуда.
Бақытгүл Ерғалиқызының теориялық біліммен мықты қаруланған, оны тәжірибемен шебер ұштастыра білетін ізденімпаз, жоғары санатты оқытушы екені күнделікті беріп жүрген сабағынан да жақсы аңғарылады.
Әр сабағын тың форматта өткізіп, жаңа технологиялар мен әдістерді шебер ұштастыра білетін ізденімпаз ұстаз осы қасиетті мамандыққа енді бойлағалы тұрған бізге де әрдайым үлгі-өнеге болып, өзіндік педагогтық білігімен есте қалары анық.

Алтыншаш ҚҰРМАНАЕВА,
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің студенті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар