Кеше облыс әкімі Сергей Кулагин жұмыс сапарымен Целиноград ауданында болып, көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналған үйлердің құрылысын қадағалады.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Ақмол ауылында салынып жатқан екі 45 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысына назар аударды. Оны теміртаулық «Зауыт құрылысы» серіктестігі қолға алған. Құрылыс учаскесінің басшысы Темірхан Байбулин аталған үйдің біреуі 3-ші тоқсанда пайдалануға беріледі деп отыр.
Сондай-ақ, өңір басшысы аудан орталығында осы үйлерді жылумен қамтамасыз ету мақсатында салынып жатқан жылу орталығы және Оразақ ауылында іргесі қаланып жатқан тұрғын үйлерді де барып көрді.
Қазіргі уақытта көктемгі су тасқынынан ең көп зардап шеккен Оразақ ауылында абаттандырылған және инженерлік желілері бар екі пәтерлі жүз тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Мұндағы әр пәтердің көлемі 83,6 шаршы метр шамасында болмақ. Бұл үйлер баспаналары жарамсыз болып қалған тұрғындарға тегін ұсынылатын болады. 10 сотық жер аумағы қоршалып, шаруашылыққа қажетті қора-қопсысын да бірге салу көзделген. Қазіргі кезде, осындай 14 үйдің іргетасы қаланып, қабырғалары тұрғызылуда. Шілденің 16-на дейін барлығы 100 үйдің іргетасын қалау жоспарланған.
Сонымен қатар, ауылда 20 жыл бос қаңырап тұрған екі қабатты бұрынғы мәдениет үйінің ғимараты мектеп ретінде қайта қалпына келтірілуде. Жөндеу құны 59 миллион теңгеге бағаланып отыр.
Аталған елді мекенде болған облыс әкімі Сергей Кулагин мердігерлерге қосымша ауыл тұрғындарын, қажет болған жағдайда өзге адамдарды жұмысқа тарту арқылы құрылыс қарқынын арттыру қажеттігін атап өтті.
– «Біз Үкіметтен бөлінген қаржыны тоспай-ақ, құрылыс жұмыстарын бас-тап кеттік. Бізге ең бастысы күзге дейін барлық тұрғынды пәтермен қамтамасыз ету маңызды. Мердігерлер мен шаруашылық субъектілерінің қаражатына үйлерді тұрғызып, кейін олармен есеп айрысатын боламыз. Сондықтан, бұл үйлерді жылдам әрі тұрғындар үшін жайлы, жылы және сапалы қылып салу қатаң бақыланатын болады», – деді облыс әкімі. Бұдан басқа Ағанас, Шнет, Ақмол және Қосшы ауылдарының тұрғындары үшін екі 45 пәтерлі көпқабатты үйлер салынуда. Жалпы, Целиноград ауданында көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге барлығы 298 жаңа пәтер берілмек.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.