Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
- АРҚА АЖАРЫ

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: Бізге негізгі проблемаларды нақты пайымдайтын және оның шешу жолдарын қарастыратын жаңа экономикалық бағыт қажет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысын өткізді. Кеңейтілген отырысқа Премьер-Министр Асқар Мамин, Президент Әкімшілігінің Басшысы Ерлан Қошанов, Үкімет мүшелері, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдері, орталық мемлекеттік органдардың және ұлттық компаниялардың басшылары қатысты.

Жиынды ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев Сайлауалды бағдарлама мен Қазақстан халқына арналған Жолдауды жүзеге асыру барысында Үкімет пен Парламент бірлесіп үлкен жұмыс атқарғанын атап өтті. Маңызды бағдарламалар қабылданып, макроэкономикалық көрсеткіш бойынша жоспарланған нәтижеге қол жеткізілді. Мемлекет басшысының пікірінше, Үкімет Президенттің тапсырмаларын орындауды қамтамасыз еткенімен, экономикалық дамудың сапасына қатысты әлі де шешілмеген мәселелер бар.
– 2019 жылдың 11 айында жалпы ішкі өнімдегі несие портфелінің көлемі 23 пайыздан 22 пайызға төмендеп кетті. Бұл экономиканы несиелендіруді тежейді. Өткен жылы біз Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде инфляция деңгейі бойынша «чемпион» болдық. Еңбек өнімділігінің айтарлықтай артпауы – үлкен мәселе. Бұл – проблема. Шикізат экспортының үлесі жәй өсуде, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ел алдына қойған мақсаты мен міндеттері өзгермейді. 2050 Стратегиясын, еліміздің 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын, 100 нақты қадам – Ұлт жоспары бағдарламаларын жүзеге асыру жалғаса береді. Дегенмен Үкімет экономиканы түбегейлі реформалайтын жан-жақты бағдарлама дайындауы керек», – деп өз ұстанымын ашық айтты.
– Бізге негізгі проблемаларды нақты пайымдайтын және оның шешу жолдарын қарастыратын жаңа экономикалық бағыт қажет. Реформа жасау үшін ерік пен жігер керек екені белгілі. Мен Үкіметті осыған шақырамын. Әзірге мемлекеттік аппарат көптеген нормативтік актілерге алаңдап, ведомствоаралық келісім керек деген сылтау-мен маңызды шешімдерді жәй қабылдап жатыр. Халықаралық бәсекелестік артып, халық әділетті талап қойып отырған қазіргідей кезеңде бұлай жұмыс істеуге болмайды. Реформаларды тізеге басып отырып жасау керек, – деп мәлімдеді Президент.
Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді қорғайтын және дамытатын, өткізу нарығына жол ашатын, өнімділікті ұлғайтып, қазақстандық өнімдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыратын тиімді өнеркәсіп саясатын, сонымен қатар, ашық әрі прагматикалық салықтық-бюджеттік саясат қалыптастыру керектігіне назар аударды.
Қазақстан Президенті фискальды саясат та жаңғыртуды қажет етеді деп санайды. Оның негізгі міндеті – бюджетке қаржының тұрақты түсуін қамтамасыз ету, ұлттық кірісті әділетті бөлу, экономикалық өсімнің сапасы мен құрылымын жақсарту. Микро және шағын бизнесті салықтан босату оның дамуына тың серпін беретінін көрсетті. Бірақ жаппай салықтан босату айтарлықтай теріс әсер беруі мүмкін.
– Еркін экономикалық аймақ бойынша ғана шартты шығынымыз 2 триллион теңгеге жуық. 13 еркін экономикалық аймақтың құрылымына бюджеттен қосымша 340 миллиард теңге бөлінді. Осы аралықта еркін экономикалық аймақтан 170 миллиард теңге ғана салық жиналды. Бар-жоғы 18 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Еркін экономикалық аймақтың барлығында сапалы толықтыру проблемасы бар, яғни, басқарылуы дұрыс емес. Үкіметке ұсынылатын салықтық преференциялардың барлық спектрінің тиімділігі мен мақсаттылығына талдау жасауды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің тапсырмасы бойынша имидждік шараларға бөлінетін қаржы қысқартылды. Осының арқасында 30 миллиард теңге оңтайландырылды. Дәл осындай тиімсіз шығындарды анықтау шаралары квазимемлекеттік секторында да жүргізіледі.
– Үкіметке осы жылдың 1 мамырына дейін жұмыс нәтижелерін баяндауды тапсырамын. Маңыздылығына сәйкес кейінге қалдыруға болатын шығындарды анықтауы қажет. Соның бастамасы ретінде қымбат көліктер мен жиһаздарды сатып алуға, түрлі форумдар, семинарлар мен конференциялар өткізуге ұзақ мерзімді мараторий жариялауды ұсынамын. Елімізде өтетін шаралар практикалық және идеологиялық тұрғыдан нақты пайдалы болуы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент ішкі нарықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Үкіметке 2025 жылға дейінгі Сауда саясатының бағдарламасын әзірлеуді, Сертификаттаудың ұлттық жүйесін дамытуды, Ұлттық стандарттарға сенімді арттыруды, сондай-ақ, «Техникалық реттеу туралы» Заң қабылдауды тапсырды.
Мемлекет басшысының пікірінше, жобаларды еселеп қымбаттату үрдісі жалғасуда, құрылыс құнының сметасын жасауда проблема бар.
– Мемлекеттік органдардағы сатып алулардың 49 пайызына дейін және квазимемлекеттік сектордағы сатып алулардың 70-тен 90 пайызына дейін бір көзден жүзеге асырылады. Сатып алу барысында ерекше жағдай деп белгілеп, оны ең төменгі шекке дейін жеткізіп, бәсекенің болмауына негізделген тәсілдерді қысқарту керек. Мысалы, 8 өңірде жеткілікті түрде жеке тасымалдаушылары бар муниципалды автопарктер құрылған. Үкімет қалалық жолау-
шылар тасымалы саласында тәртіп орнатуға міндетті. Бұл – маңызды әлеуметтік мәселе. Орындауға екі ай уақыт беремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің агроөндіріс кешеніндегі ахуалға да көңілі толмады. Соңғы 5 жылда аталған салаға 2,4 триллион теңгеден астам қаржы бөлінгеніне қарамастан, жалпы ішкі өнімдегі ауыл шаруашылығының үлесі 4,5 пайыздан аспайды. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің экспорт әлеуетін көтере алмағанымызды, сондықтан азық-түлікпен толық қамтамасыз ету мәселесі шешілмей отырғанын атап өтті. Оның пікірінше, министрлік елімізде шикізат өңдеу үшін барлық жағдайды жасауы тиіс. Қайта өңдеу ісі мен экспорт тиімді болуы қажет.
– Бізде Агроөндіріс кешенін дамытудың бесжылдық бағдарламасы бар. Онда аталған саланың мақсаты мен міндеті, нақты өндірістік және экономикалық көрсеткіштері жазылған. Демек Үкіметтің жоспарлары мен негізгі басымдықтары айқын. Сонымен қатар қолдау шаралары, яғни, субсидия беру тәсілі жыл сайын өзгереді. Соңғы 5 жыл ішінде бөлінген қаржы 2 триллион теңгеге жетті. Бұл ретте субсидиялар 47 рет өзгерді. Үкіметке мемлекеттік қолдау шараларының тұрақтылығын, олардың тиімділігін арттыруды қамтамасыз етуді тапсырған болатынмын. Бұл тапсырма әзірге орындалмады. Нақты шешімдер мен ұсыныстар күтемін, – деді Мемлекет басшысы.
2019 жылы әлеуметтік қолдау мақсатындағы шығын 3,5 триллион теңге болды. Бұл жалпы бюджеттің 30 пайызы. Әлеуметтік қорғау шаралары шамамен 4 миллион адамды қамтыды. «Бақытты отбасы» және «7-20-25» бағдарламалары бойынша 20 мыңға жуық қазақстандық отбасы займ алды. Президенттің пікірінше, алдағы уақытта тұрғын үй салу мәселесі Үкімет жұмысының басым бағыты болуы тиіс.
– Зейнетақы аударымындағы қаржының бір бөлігін тұрғын үй алуға және басқа да қажеттіліктерге пайдалану жайына келер болсақ, бұл маңызды мәселені шешудің алғашқы қадамы жасалды. Біздің мақсатымыз – барлық жиналған қаражатты қазір бөліп беріп, адамдарды қартайғанда лайықты зейнетақысыз қалдырмау. Еңбеккерлердің жұмыс берушілерден зейнетақы жарналарын төлеуін талап етуі үшін ынталандыру тетіктерін ойластырып, еңбекақы төлеуде ашықтық қалыптастыру қажет. Үкімет пен Ұлттық банк бұл реформаны жүзеге асыруды бастайды. Осындай мүмкіндік берілетін азаматтардың қатарын біртіндеп көбейте беру керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Үкіметті әлеуметтік және экономикалық қатерлерге жол бермеу үшін өз бастамаларын мұқият әзірлеуге шақырды. Оның айтуынша, мемлекеттік органдардың шешімдері азаматтар тарапынан жиі сыналады, кей жағдайларда, тіпті, халықтың ашу-ызасын тудырады. Бүгінде Қазақстанға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден әкелінген автомобильдерге қатысты проблема қоғам назарын аударды.
– Елімізге әкелінген мұндай автомобильдердің көпшілігі тіркеуге қойылмайды. Ондай көліктер саны – ондаған мың. Бас прокуратураға қалыптасқан жағдайға байланысты құқықтық баға беруді тапсырамын. Аталған мәселені шешу үшін Үкімет Қазақстанға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелінген автомобильдерді бір айдың ішінде бір реттік тәртіппен уақытша тіркеуді қамтамасыз етуі қажет. Бұл автокөліктерді тіркеу 2021 жылдың 1 наурызына дейін жалғасады. Бұл ретте азаматтар тіркеу алымдары мен мемлекеттік баж салығын төлеуі тиіс. Уақытша тіркеу автомобильдердің меншік құқығынан шығарылмай, басқа тұлғаның пайдалануына немесе басқаруына берілмей жүзеге асырылуы тиіс. Автокөлік иелері 2021 жылдың 1 наурызына дейін кедендік баж салығын және автомобильді тұрақты тіркеуге қою немесе елімізден шығару, сондай-ақ, заңнама жүзінде тыйым салынбаған басқа да іс-қимылдарды жүзеге асыру кезінде салынатын утилизация алымын төлеуі тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Үкіметке бұдан былай ел заңнамасын бұза отырып шетелден автокөліктердің әкелінуіне, пайдаланылуына шектеу қоюды тапсырды.
Президент сөзінің соңында бүгін ешкімге сөгіс немесе ескерту жарияламағанын, Үкімет мүшелері мен әкімдерге жіберген кемшіліктерін көктемге дейін түзетуге мүмкіндік беретінін атап айтты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар