Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Абайды сүйіп оқиды - АРҚА АЖАРЫ

Абайды сүйіп оқиды

Қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлттың өкілдерін көргенде көңіліміз жылып қалатыны рас. Өйткені, бұл мемлекеттік тіліміздің қолданылу аясы кеңейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналуына қадамдар жасалып жатқанын білдіреді. Осы орайда біз қазақ тілін туған тіліндей жетік меңгерген орыс қызы Виктория Стаматова жайында оның ұстазымен әңгімелескен едік.

Виктория бүгінде Біржан сал ауданындағы Макин орта мектебінің 10-сыныбында оқиды. Ұстазы Мәнсия Әбжанованың айтуынша, оның сабақ үлгерімі өте жақсы. Әсіресе, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін ден қойып оқиды.
–Туғанынан әжесінің тәрбиесінде өскен Викторияның қазақ тіліне деген құлшынысы бүлдіршін кезінде басталған. Әжесі Наталья Николаевнаның айтуынша, балабақшаға барған кезде Виктория қазақ тобын өзі таңдаған. Алғашында әжесі «Үй ішімізбен орысша сөйлейміз. Қазақша оқыса, оған қиын болады» деп ойлапты. Алайда, немересінің көңіліне қарап, баланы қазақ тобына береді де, оған қажетті сөздіктер мен оқулықтарды кітапханадан алып отырған. Ең алдымен, өз талпынысының, екіншіден әжесінің қолдауының арқасында Виктория қазақ тілін жақсы меңгеріп алды. Тіпті, өзгелерден артық біледі десем болады. Оны бірнеше жыл қатарынан өзге ұлт өкілдері арасында өтетін байқауларға, пән олимпиадаларына қатыстырып келемін, – деді қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Мәнсия Әбжанова.
Ұстазы екеуі 5-сыныптан бастап мектепішілік, аудандық, облыстық, республикалық сайыстарға қатысып, бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болған. Атап айтсақ, 2014-2015 оқу жылында аудандық «Абай оқуларына» қатысқаны үшін мадақтама алса, «Тіл –достықтың көпірі» аудандық сайысында 1-орынды иеленген. Қазақ тілінен өткен мектепішілік олимпиада және «Ұлы Жеңіске тағзым» өлеңдер оқу сайысында да бірінші орынды жеңіп алған. «Ақмола жұлдыздары» аудандық көркемөнерпаздар байқауында қазақша өлең оқыған. Сонымен қатар, өзге ұлт өкілдерінің арасында өткен аудандық шығармашылық конкурста жүлделі екінші орынмен марапатталса, «Тіл Дарын» облыстық сайысында және республикалық «Мың бала» сайысында бірінші орындарға қол жеткізген.
Виктория жыл сайын өткізілетін «Абай оқулары» байқауын қалт жібермейді. Орыс қызы ұлы ақынымыздың бірнеше өлеңін және «Ескендір» поэмасын жатқа біледі.
– Виктория қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларын бес жасынан бастап оқыған. Ең сүйікті ақыны Абай Құнанбаев. 2016-2017 оқу жылында шәкіртім аудандық «Абай оқулары» байқауында 1-орынды жеңіп алды. Оның әлеуеті өте жоғары. Биылғы оқу жылында өзге ұлт өкілдерінің арасында өткізілген «Сәлем саған, туған жер!» аудандық патриоттық әндер сайысында 2-орынды иеленді, сондай-ақ өзге ұлттың оқушылары арасында өткен «Мемлекеттік тіл – менің тілім» сайысында да жүлделі екінші орыннан көрінді, – деген ұстазының айтуынша, Виктория сабақтан тыс уақытта қазақ тілінде газеттер оқып, теледидардан мемлекеттік тілде қызықты бағдарламалар көріп, қазақ тілінен білімін жетілдіре түсуде. Өйткені, Викторияның келешекте қазақ тілді журналист болсам деген арманы бар.
– Қазақстанда бір шаңырақ астында бірлік пен татулықта көптеген ұлттар мен ұлыстар өмір сүріп жатыр. Соңғы жылдары өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылық артып жатқандығын байқаймыз. Олар тілді меңгеру арқылы халқымыздың ауыз әдебиеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен жақынырақ танысуда, – деген Макин орта мектебінің мұғалімі Мәнсия Әбжанованың талапты шәкіртінің болашағынан үміті зор.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Біржан сал ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар