Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Соғыс қасіреті енді қайталанбасын - АРҚА АЖАРЫ

Соғыс қасіреті енді қайталанбасын

Ұлы Отан соғысының ардагері 94 жастағы ағамыз Асылбек Дәулетовтың тілегі осы

Ұлы Отан соғысының ардагері Асылбек Дәулетов атамыз жайында сөз бастамас бұрын мынаны айтқымыз келеді. Тарихта есімі мәңгі сақталатын тұлғалар болады. Олар жайлы дастандар жазылып, кітаптар шығарылып жатады. Осы ретте, қатары жыл санап кеміп бара жатқан Отан үшін от кешкен майдангерлер есімін ел есінде сақтау маңызды да, қажет іс.

Шындығын айту керек, жыл санап қатары азайып бара жатқан майдангерлерімізбен бүгін тілдесіп қалмасақ, тарихымызды танып, аталы сөзден тағылым алуымыз үшін қажет осынау шаруаны кейін атқаруға мүмкіндік табылмасы анық. Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің мәліметінше, бүгінгі күні облыс орталығында Ұлы Отан соғысының көзі тірі 14 ардагері тұрады. Солардың бірі ­– біз әңгіме еткелі отырған қарт майдангер Асылбек Дәулетов.
1925 жылы 10 қарашада көп балалы отбасында дүниеге келген Асылбек ата Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданына қарасты Әлжан ауылының тумасы.
– Отбасында жеті бала болдық. Менің алдымда Есләм, Есләмбек, Ержігіт дейтін үш ағам, екі қарындасым, бір інім болды. Әжем Зылиха бізбен бірге тұрды. Бастауыш сыныпты ауылда оқып, бесінші сыныпқа келгенде әкем мені Қошқарбай ауылының баурайындағы Ленин колхозының мектебіне берді. Сырқаттанып қалғасын ол жақта көп оқи алмадым. Алайда, біздің ауылда мектеп жеті жылдық болғасын сегізінші сыныпта тағы Қошқарбайдың мектебіне баруға тура келді. Бұл 1940 жыл болатын. 1941 жылы тоғызыншы сыныпқа барудың орнына әкем мені ыңғай орыстар тұратын Шалқар ауылына қайтадан жетінші сыныпқа берді. Алайда, ол жақта да көп оқыған жоқпын. Себебі, әкем өзін соғысқа алып кетсе, мені көре алмай қаламын ба деп қорқып, үйге алдырды, – деген кейіпкеріміздің әкесі Жәзи 1942 жылдың наурызында соғысқа алынып, содан қайтып оралмаған.
Ағасы Ержігіт те майданда көз жұмған. Егіздің сыңары Есләмбекті денсаулығына байланысты әскерге алмаған. Сөйтіп, ол сексендегі кәрі әжесіне екі қарындасы мен інісін бағуға көмектесіп, үйде қалған. Әкесі мен ағалары секілді соғысқа аттанған ең үлкен ағасы Есләмға да туған жерге оралу бақыты бұйырмапты.
­1942 жылдың наурызында әкесі әскерге алынғаннан кейін Асылбек Жәзиұлы колхозда әртүрлі жұмыстарға жегіледі. Көкшетаудағы әскери госпитальға ат арбамен ауылдан отын тасиды. Соғыс жайлы госпитальда жаралы жауынгерлерден ғана естіп білген ол қанды шайқастың не екенін он жеті жасында әскер қатарына алынғанда көреді. Қырғызстанның Фрунзе, қазіргі Бішкек қаласында жаяу әскер училищесінде оқыған ол 1943 жылдың маусымында Мәскеуге аттанады. Пульман вагонымен он сөтке жүріп Мәскеуге келеді. Щелково қаласында десанттық әскердің құрамында 1944 жылдың мамыр айына дейін әскери жаттығудан өтіп, сол жерден Карелия майданына жіберіледі.
Көп ұзамай маусымның 21-і күні шабуыл басталып, майдангер ұрыс даласындағы алғашқы ерлігін 99-ыншы гвардиялық әуе-десанттық дивизиясының құрамында Свирь өзенінен өту операциясы кезінде жасаған. Ардагердің айтуынша, немістер Ленинградты қоршап, басып алмақшы болған әрекетіне өзен бөгесін келтірген. Сол себепті, Кеңес жауынгерлерін дереу Карелия майданына жібереді.
Майданға алынған алғашқы жылы 37-інші әуе десанты корпусы фин шекарасына тақап келеді.  Кеңестің қаһарлы әскерінен қаймыққан финдер қаруларын тастап,  өздігінен беріледі. Осылайша генерал Кирил Мерецков қолбасшылық жасайтын 7-інші армия құрамында Свирь өзені бойымен жүріп өтіп,  Батыс майданына қосылады. Эшелонға отырып Калинин және Мәскеу арқылы Белорусияның Орша қаласына келіп тоқтайды.
Әуе десанты әскері ең күрделі жағдай қалыптасқан жерлерге жіберілетін жедел құрылымдарға жатады. Ла-манш бұғазында гитлершілдердің қарымды шабуылдары күшейіп, әскери жағдай қиындай түседі. Біздің одақтасымыз саналған ағылшын әскерлері екінші майданды ашуды кешіктіріп алады. Дереу жоғары жақтың бұйрығымен  бұлардың әуе десанты Украина, Молдовия арқылы Венгрияға жеткізіледі. Осылайша олар Венгрия мен Австрияны жаудан азат ету ұрыстарына қатысады. 1945 жылы Венгрия жерінде болған шешуші шайқаста кейіпкеріміз қолынан жараланып, бір жарым айдан астам уақыт госпитальде жатады.
Свирь өзенінен өту операциясы кезіндегі ерлігі үшін осы дивизиядан 12 жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы беріліпті.
­–Ақырғы шабуылда біздің 300-інші полк, 2-ші батальон, 4-інші ротадағы елу жауынгердің 40-ы батпақта жау оғынан қаза тапты. Содан тек қырық жыл өткеннен кейін ғана батпақты құрғату жұмыстары қолға алынып, 1984 жылы мерт болған қырық жауынгердің сүйектері табылып, олардың барлығы Лоймола станциясындағы Бауырластар зиратына жерленді, ­– дейді майдангер бізбен әңгімесінде. Бір айта кетерлігі, Асылбек ата Көкшетауда жүріп сол сарбаздарға ескерткіш орнатуға қаржылай атсалысқан екен.
Ұлы Жеңісті майдангер Австрия жерінде қарсы алыпты. Соғыстағы ерліктері үшін Асылбек Жәзиұлы «Венгрияны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, 1-інші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және екі рет «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Соғыс аяқталса да, Батыс Украинада бендершілердің бас көтеруі салдарынан әскерден босауға мүмкіндік болмайды. Сөйтіп, кейіпкеріміз бес жыл сонда қалуға мәжбүр болған. Туған жерге тек 1950 жылы оралған.
Асылбек ата отбасына деген сарытап сағынышы дамыл бермей, майдан даласында жаумен соғыса жүріп қолайлы сәт келгенде үйіне хат жазып тұрған. Алайда, анасының 1943 жылы дүниеден өткенін естімей қалыпты. Сөйтіп, бір отбасынан соғысқа аттанған төрт адамнан үйге аман келгені осы Асылбек ата ғана болыпты.
Елге оралғасын Асылбек Жәзиұлы Көкшетау аудандық партия комитетінің аппаратына нұсқаушы болып жұмысқа алынады. 1957 жылы жоғары партия мектебін бітіргесін партия жұмысында биік лауазымдарды атқарады. Володар және Арықбалық аудандық партия комитеттерінің екінші хатшысы, ал, 1969 жылдың наурызынан 1980 жылдың ақпанына дейін 11 жыл бойы Ленинград аудандық атқару комитетінің төрағасы  және одан әрі Көкшетау облыстық халықтық бақылау комитеті төрағасының орынбасары болып абыройлы қызмет істеді. Оған «Көкшетау қаласының құрметті азаматы», «Кеңес Армиясының әуе десанты әскерінің құрметті ардагері» атақтары берілді.
–Ағасын да, әжесін де көзіміз көрді. Қайын ағам Есләмбек 1990 жылы 84 жасында дүниеден озса, әжеміз Зылиха 98 жасында өмірден өтті. Келін болып түскенімде әжейден көп нәрсені үйрендім. Ол кісі өмір бойы намаз оқыған адам. Соғыста қаза тапқан ұлын, тым қыршынынан қиылған келінін жоқтатпай, немерелерін өзі бағып-қағып өсірді, – дейді атайдың жары, бүгінде жасы 85-ке қараған Орынбасар Шәйкенқызы.
Осы арада ардагердің жұбайы туралы да бір ауыз сөз айта кетсек, артық болмас. Орынбасар әжей Зеренді ауданына қарасты Қызылқайнар ауылының тумасы. Соғыс басталғанда небары 7-8 жаста болған ол майдан даласындағы сарбаздарға қолғап, шұлық тоқыған. Әжейдің «Тыл еңбеккері», Қазақ КСР оқу ісінің озаты» атақтары бар. Бар саналы ғұмыры ұстаздық жолда өткен. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, аудармашы Ғосман Төлеғұл өзінің шәкірті болғанын әжей әңгіме барысында мақтанышпен еске алды.
Асылбек ата мен Орынбасар әженің отасқандарына биыл 62 жыл толыпты. Балаларының барлығы да жоғары оқу орнын бітірген, қазір түрлі қызметте. Немере-шөберелері апта сайын келіп, атасы мен әжесін қуантып тұрады. Немерелері Олжас президенттік «Болашақ» бағдарламасымен Американың Калифорния университетінде білім алған.
Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Асылбек ақсақалдың еліне тілейтіні тек бейбітшілік. Соғыс ешқашан болмаса екен дейді қан майданды көрген ол.
–Бүгінгі жастар өте бақытты. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мұндай заманда балалар сауатты, білімді болуы тиіс. Компьютердің алдында, телефонда отыра бермей, кітап оқу керек. Күллі білім кітапта. Тарихты білмеген адам бүгінгі күннің қадірін білмейді. Еліміздің көркейіп, дамып жатқаны бейбітшіліктің арқасында. Осыны бағалай біліңдер. Келешек ұрпақ біз көрген қиыншылықты көрмесе екен, – деген ардагер жастарға білім алыңдар, еңбек етіңдер деген тілегін арнады.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар