Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Экологиялық ахуалды жақсартуға бағыт ұсталуда - АРҚА АЖАРЫ

Экологиялық ахуалды жақсартуға бағыт ұсталуда

Ақмола облысы бойынша экология департаментінің басшысы Әнуар Нұрсейітов өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистермен брифинг өткізіп, 2019 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы және облыс жұртшылығын алаңдатып отырған экологиялық мәселер жайында сөз қозғады.

Брифингте айтылғандай, Ақмола облысы бойынша экология департаменті өңірде қалыптасқан экологиялық мәселелерді шешуге ұдайы назар аударып келеді. Департамент облыс аумағында жүйелі түрде мемлекеттік экологиялық бақылау мен экологиялық реттеу мәселелерімен айналысады. Экологиялық проблемаларды анықтап, оның шешілуін қамтамасыз етеді. Әсіресе, тұрғындардың өтініш-тілектеріне дереу көңіл бөлініп, тиісті шара қолдану қарастырылады.
– 2019 жылы департаменттің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімі қоршаған ортаның ластануына жол бермеу бағытында 76 тексеріс жүргізіп, 272 құқық бұзушылықты анықтады. Бұл тексерістердің 39-ы жоспарлы болса, 34-і жоспардан тыс тексерістер. Осының нәтижесінде табиғатты қорғау заңнамасының бұзылғандығы үшін жалпы сомасы 2 миллион 859,56 мың теңгені құрайтын 74 әкімшілік айыппұл салынып, оның барлығы өндіріліп алынды, – деді Әнуар Нұрсейітов.
Осы сандардан аңғарып отырғанымыздай, табиғат байлығын қалай болса солай пайдаланатындармен күрес күшейе түскендігі байқалады. Бірақ та, табиғатты иесіз жатқан ен байлық деп санайтын бұрыннан қалыптасқан көзқарасты бірден өзгертудің қиын екендігі анық байқалып отырған жайы бар. Оған қоршаған ортаны қорғау заңдарының жиі бұрмаланатындығы дәлел. Сондықтан, департамент қызметкерлері жиі-жиі рейдтерге шығып, тексерістер жүргізіп тұрады. Облысымыздың табиғаты сұлу, ауасы емге дәру болғанымен, түрлі ірі кәсіпорындардан шығатын зиянды қалдықтардың адам өміріне қауіп төндіретіні сөзсіз.
Мәселен, Зеренді ауданындағы Куропаткино ауылы тұрғынының өтініші бойынша «Дихан Плюс» серіктестігіне жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Соның нәтижесінде серіктестіктің өндірістік қалдықтарды төгу кезінде экологиялық талаптарды бұзғаны анықталды. Серіктестік басшылығына ескерту жасалып, өндірістік қалдықтарды қоқыс палигонына төгу туралы келісім-шарт жасалды. Тұрмыстық қалдықтарды төгу мәселесі облыс орталығы мен елорданың маңыңдағы аудандарда да өткір тұр. Бұл бағытта департамент пен жергілікті атқарушы органдар тарапынан тиісті жұмыстар атқарылуда.
– Өткен жылы мемлекеттік бақылаудың жаңа үлгісі – алдын ала бақылау және қадағалаудың енгізілуіне орай, 2018 жылмен салыстырғанда әкімшілік айыппұлдардың саны азайған. Алайда, алда ауқымды міндеттер тұр. Ең алдымен, жұртшылықтың назарын қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға аударып, ортақ үйіміз – табиғатты қорғауға үндеуіміз керек. Бұл өткір мәселені барша халық болып жұмылғанда ғана шешуге болатынын естен шығармағанымыз жөн, – деді Әнуар Нұрсейітов.
Сонымен қатар, брифингте зертханалық талдау және бақылауға, табиғатты қорғау шараларын қаржыландыруға қатысты атқарылып жатқан жұмыстар да айтылды.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар