Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Алтын Орда дәуірінің ізімен - АРҚА АЖАРЫ

Алтын Орда дәуірінің ізімен

жүріп өткен ғылыми-танымдық экспедиция көп деректерге қанықты

Қазіргі Қазақстан аумағында Алтын Орда дәуірінің көптеген ескерткіштері бар. Әсіресе, Орталық Қазақстан Алтын Орда кезеңінің Алаша хан, Жошы хан, Болған-Ана, Жұбан-ана, Құтлық Темір (Аяққамыр) сияқты кесенелері, сондай-ақ көне елді мекендер Басқамыр, Аяққамыр, Шотқара, Хан-Ордасы, Орда-Базар тектес археологиялық және сәулет ескерткіштері кездесетін шоқтықты өңір.
Қарағанды облысының мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасы және Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында және Алтын Орданың 750 жылдығына орай, «Ұлытау – Алтын Орда бесігі» ғылыми-танымдық экспедициясын өткізді.
Экспедицияның мақсаты Алтын Орданың тарихи мұрасымен тығыз байланысты өлкенің қасиетті жерлерін тарихи және ғылыми-танымдық тұрғыда зерттеу, Отандық тарих білімін қалыптастыру және жас ұрпақты рухани мәдениетке тарту мақсатында тарихи-мәдени және табиғи мұраны насихаттау болып табылады.
Экспедиция құрамында Қарағанды мен Жезқазғанның музей қызметкерлері, Қарағанды қаласындағы жоғары оқу орындарының оқытушылары, тарих, биология-география, туризм кафедраларының студенттері мен магистранттары, суретшілер, журналистер, блогерлер және тарихшылар, түсірілім топтары, сондай-ақ, өзге облыстардан арнайы шақырылған қонақтар, Екібастұз облыстық тарихи-өлкетану музейінің маманы Тойжан Бейсенбаева, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі Айдана Мүрсәлімова және Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Әйгерім Айдарбекова болды.
Экспедиция мүшелері жоғарыда аталған Алтын Орда дәуірінің ескерткіштеріне барып қана қоймай, олардың әрбіреуі жөнінде толық ақпарат алды.

Әуелі Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Ержан Нұрмағанбетовтың басшылығымен музей ұжымы экспедиция мүшелерін экспедицияның мақсаттарымен таныстырып, ақ жол тілеп, сапарға шығарып салды.

Жұбан ана кесенесі

Ғылыми-танымдық экспедиция Қарағанды – Жезқазған – Ұлытау бағыты бойынша жүзеге асырылды. Экспедицияның алғашқы күні Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында орналасқан Жұбан ана кесенесіне бағыт алдық. Бұл кесене республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген. Кесенені жасаған шебер құрылыс әдістерінің ең күрделісін таңдаған, әр кірпіштерінің өлшемі мен пішінінің бірдей болуы сол кезеңде де құрылыс материалдары өндірісінің дамығанын дәлелдейді. Өкінішке орай, бұл шебердің кім болғанын және қандай әдістерді пайдаланғанын білмейміз. Кесенені бірнеше ғалымдар зерттеген, алғашқы болып зерттеп, сызбасын түсірген Шоқан Уәлиханов деген мәліметтер бар.
«Ұлытау – Алтын Орда бесігі» ғылыми-танымдық экспедициясының екінші күні Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің экспозициялық залдарын тамашалаумен басталып, баспасөз мәслихатымен жалғасты. Жезқазған музейінің басшысы Раушан Оңқонысқызының басшылығымен қызметкерлер қазақ халқының қонақжайлығын дәлелдеп, экспедиция қатысушыларын ежелден қалыптасқан салт-дәстүріміз – ұлттық тағамдармен қарсы алды. Конференцияға Қарағанды және Жезқазған музейлерінің басшылары мен қызметкерлері, журналистер, өлкетанушылар, тарихшылар, студенттер қатысты. Қатысушылар Алтын Орда дәуірі жайында пікір алмасып, жастарға ата-бабаларымыздың тарихының құндылығын насихаттап, бағыт-бағдар берді. Баспасөз мәслихатынан кейін Болған ана кесенесіне қарай жол тарттық.

Болған ана кесенесі

Болған ана кесенесі ХІ-ХІІ ғасырларға тиесілі, пайда болу тарихы ауыз әдебиетімен байланысты. Кесенені алғаш зерттеген Әлкей Хақанұлы Марғұлан. Болған ана туралы бірнеше аңыздар бар.
Бір мәліметтерге сүйенсек, Болған ана Шыңғыс ханның ұлы Алаша ханның шөбересінің келіні болған. Осы кесенеде 2018-2019 жылдары жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында қызғалдақ бейнесі бар алтын тостаған, екі алтын сырға мен киім табылыпты.

Жошы хан кесенесі

Осы жолы Жезқазған мен Ұлытау өңірінің бірнеше қасиетті нысандарына бардық. Оның бірі – Жошы хан кесенесі. Ең танымал ескерткіштердің бірі, ХIII ғасырдың бірінші жартысына тиесілі. Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы хан кесенесі туралы ел арасында көптеген аңыздар кездеседі. Ұлытау өңірінде Жошы ханның ордасы орналасқанын тарихтан білеміз. Жошы ханның қаза болуы туралы хабарды естірту үшін сол кезеңдегі жыршының арнайы қайыңнан домбыра жасағаны туралы аңызды осы музыкалық аспаптың пайда болуының бір нұсқасы десе де болатын шығар. 1946 жылы жүргізілген қазба жұмыстарының барысындағы кеңес археологтарының зерттеулерінің нәтижелері Жошы ханның мазары осы кесенеде орналасқанын дәлелдейді.
Ал, Жошы хан қонысының жанында орналасқан XV ғасырға дейінгі Ордабазар қалашығында бастапқыда Бату ханның ордасы орналасқан делінеді, қаланың атауы да осыған байланысты қойылыпты. Ордабазар толық зерттелмесе де, қалашықтың зерттелген шағын бөлігінен сол дәуірдің тұрмыс заттары табылыпты.

Алаша хан кесенесі

Келесі аялдамамыз Алаша хан кесенесі еді. XІ-XІI ғасырларда халық шеберлерімен тұрғызылған діни-ғұрыптық ескерткіш қатарына осы Алаша хан кесенесін жатқызамыз, Қарағанды облысының Ұлытау ауданында орналасқан. Қазақ қазақ болмай тұрғанда өзін Алаш халқы деп есептеген. Алаша ханның есімі үш жүздің пайда болуымен тығыз байланысты. Аңыз бойынша Алаша хан алты негізгі тайпалардың құрылуына септігін тигізген, алғашқы Алаш (қазақ) мемлекетін құрған, саясаткер әрі мемлекет басшысы болған адам.

Домбауыл кесенесі

Алаша хан кесенесінен кейін Орталық Қазақстанның ең көне ескерткіштерінің бірі Домбауыл кесенесіне келдік. Домбауыл туралы аңыздар өте көп, кейбір аңыздарда Домбауылды Кетбұқа деп атайды және көбінесе ол тарихи тұлғадан гөрі аңыз тұлға болып табылады.

Дүзен кесенесі

Сондай-ақ, XIX ғасырдың сәулеттік ескерткіші және Алаша хан кесенесінің көшірмесі болып есептелетін Төлек батыр немересі, Сандыбай батырдың ұлы, би, батыр Дүзен кесенесіне барып қайттық. 1863-1866 жылдары халық шебері Сералы Еламанұлы Дүзен Сандыбайұлының мазарының жанынан кесене тұрғызған екен. Кейбір деректерде бұл кесене Қарамола, Дзен, Жүзден деп қате аталады.
Дүзен кесенесінен кейін Едіге би зиратына қарай бағыт алдық. Жолымыздағы ХІХ ғасырда өмір сүрген батыр, аға сұлтан, би Ерден Сандыбайұлының кесенесін аттап кету мүмкін емес, сондықтан, Ерден бабамыздың басында құран оқыдық, Ерденнің ауқатты адам әрі Атбасар округінің аға сұлтаны болғаны жайында баяндалып, әрі қарай жолға аттандық.

Едіге би шыңы

 

 

 

Ұлы даланың Ұлытауы

Экспедиция мүшелеріне Алла сәтін салып, ауа райының қолайсыздықтарына қарамастан, 1057 метр биіктікте орналасқан Алтын Орда әмірі Едіге би шыңына көтерілу мүмкіндігі туды. Шыңға көтерілу оңай болған жоқ, әртүрлі пішіндегі тастар, түңгі жаңбырдан кейінгі ылғалды топырақ қиындықтар туғызса да, алға қойған мақсатымызға ойдағыдай жеттік. Таудың биігінде тұрған кезде жолдағы қиындықтар ұмытылатыны сөзсіз, ішкі дүниеңнің толғанысын, қуанышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Алтыншоқы тас ескерткіші

Біздің келесі бағытымыз Әмір Темір тарихымен байланысты, балқытылған метеорит тастарынан жасалған Алтыншоқы тас ескерткіші болды. Осы мекенде әмір Темір 200 мыңнан астам әскерімен бірнеше күн тұрақтаған екен. Табиғатына ғашық болған қолбасшы арнайы тастардан пеш жасап, осы жердің метеорит тастарын балқытып, шеберлерге өздерінің осы жерде тұрақтағаны туралы жаздыртып ескерткіш тұрғызған. Бұл тас ескерткішті 1935 жылы Орталық Қазақтанды зерттеу барысында атақты қазақ ғалымы, геолог Қаныш Сәтпаев тапқан болатын. Оның түпнұсқасы қазіргі кезде Санкт-Петербург музейінде сақтаулы.

Басқамыр қалашығы

Экспедицияның бесінші күні бірегей археологиялық ескерткіш – Басқамыр қалашығынан басталды. Ол Орта ғасырдағы қалалардың ішіндегі ең күрделісі болып есептеледі. Бұл жерде қазақ этносының құрылуына септігін тигізген қыпшақтардың құрылыс салу іздерін тамашалауға болады. Басқамыр қалашығын археологтар әлі де зерттеуі керек, ашылмаған құпиялары жетерлік.
Одан кейін Басқамыр қалашығынан 25 шақырым жерде орналасқан Жезді кентіне келдік. Бұл жерде тау-кен өндірісінің қола дәуірінен бастап қазіргі кезге дейінгі кезеңдерін көз алдыңа келтіретін Қазақстандағы жалғыз музей орналасқан екен. Ол осы музейдің іргетасын қалаған жергілікті өлкетанушы Мәкен Төрегелдиннің есімімен аталады. Музей қорында 19 мыңнан астам жәдігерлер сақталған, оның 15 мыңы түпнұсқа, тек бір жәдігер – кісе белбеу ғана сатып алыныпты, ол ХІ-ХІІІ ғасырға тиесілі, белбеуде «Иль-Бий баты» деген жазу бар, К.Ақышевтың 1999 жылғы аудармасында Баты шор тұқымынан шыққан ру делінген. Сондай-ақ, музей қызметкерлері ежелгі Жезқазған мыс балқыту пешінің жұмыс істейтін үлгісінің оттығын көріктер арқылы тұтатып, қорғасын балқытып, экспедиция мүшелеріне аң стиліндегі металл құймасын табыс етті.

Теректі әулие

«Ұлытау – Алтын Орда бесігі» ғылыми-танымдық экспедициясының соңғы аялдамасы – Теректі Әулие болды. Теректі әулие – Орталық Қазақстандағы өзіндік ерекшелігі бар тасқа бейнелеу өнерінің көне ескерткіші. Мұнда ежелгі адамдар өмірінің көптеген аспектілерін (материалдық, рухани, әлеуметтік) көз алдыңа қайта елестетуге мүмкіндік беретін, маңызды деректер көзі болып табылатын тасқа қашалған бейнелер орналасқан. Бұл бейнелер аласа ғана қызыл-қоңыр бес-алты төбешіктерде қоныс тепкен. Бұл жерде жалпы саны 300-ге жуық тас бетіне қашалған суреттер бар. Оның 200-ге жуығы жануарлардың бейнесі. Солардың ішінде жылқы көп бейнеленген. Осы киелі мекенге еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, шет ел азаматтары да келеді, олар ішкі жан дүниесін тазартып, сырқаттарының шипасын таба алады.
Сонымен, өткен күзде алты күнге созылған осы ғылыми-танымдық экспедицияға қатысып келуіміз өзіміз үшін үлкен жетістік деп білдік. Себебі, Орталық Қазақстандағы қасиетті мекендерге барып қана қоймай, олардың тарихын тереңірек танып, болашақта біліп жүру, өзгелерге таратып айтып беру үлкен мәртебе. Осындай танымдық іс-шараның ұйымдастырушыларына алғыс білдіре отырып, біз жүріп өткен жерлерде ата-бабаларымыздың тарихын дәріптейтін республикалық қана емес, әлемдік деңгейдегі іс-шаралар қолға алынса артық болмас еді деп ойлаймыз.
Сөз соңында, аталмыш ғылыми-танымдық экспедиция жоғары деңгейде өткізіліп, бүгінгі ұрпақтың патриоттық сезімін нығайтып қана қоймай, Алтын Орданың тарихын терең сезінуге мүмкіндік бергенін баса айтқымыз келеді.
Әйгерім АЙДАРБЕКОВА,
Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі.
Көкшетау-Қарағанды-Жезқазған-Ұлытау-Көкшетау.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар