Еліміздің ұлттық бизнес-рейтінгісінде жауапкершілігі шектеулі «Степногорск Темiр Жолы» серіктестігі үшінші орынды иеленіп, «Сала озаты-2015» құрмет белгісімен марапатталды.
Аталмыш рейтингтің нәтижесі кәсіпорынның қаржылық-экономикалық жағдайы, міндетті төлемдерді уақытылы төлеу сынды көрсеткіштерге негізделді. Республикамыздың бірқатар кәсіпорындары үздіктер қатарынан табылу үшін жоғарыда аталған мәселелерде үлкен жетістіктерге жету қажет болатын. Бәсекеде «Локомотив» акционерлік қоғамы, Ерейментау қаласындағы жауапкершілігі шектеулі «Локомотив-2030» серіктестігі мен екібастұздық «Промсервис-Отан» кәсіпорындары да бақтарын сынады. Құрмет белгісінен басқа, кәсіпорынның еңбек ұжымына жеке марапаттар табыс етілді. Оның қатарында серіктестіктің директоры Александр Лазько да бар. Ол саладағы нәтижелі еңбегі үшін «Экономика мақтанышы» орденіне ие болды. Дәл осындай орденмен қозғалыс қызметінің басшысы Анна Засыпкина марапатталды. Бұл қызметтің жауапкершілік жүгі ауыр. Себебі, кәсіпорынның негізгі жұмысы тасымалдаумен тікелей байланысты. Сондай-ақ, Владимир Рыбальченко «Кәсіби саладағы ерен еңбегі үшін» медалін және Светлана Кутько мен Валентина Есина «Жыл маманы» ұлттық сертификатын алды.
Бүгінгі таңда кәсіпорынның беделі арта түсіп, «Жамбыл цемент» серіктестігімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Алдағы уақытта жауапкершілігі шектеулі «Көкше цемент» серіктестігімен қоян-қолтық еңбек ету жоспарда бар. Осылайша, жұмыс көлемінің көбеюі есебінен тұрақты жұмыс орындары да көптеп ашылуда. Мысалы, өткен жылы кәсіпорында 280 адам жұмыс істесе, бүгін қызметкерлердің саны 294 адам. Әлі де болса кәсіпорынның даму әлеуеті зор. Ал, құрмет белгісі жұмысқа жаңа серпінмен кірісуге күш-қуат беретіні анық.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Степногорск қаласы.