Зеренді ауданына қарасты Молодежный ауылының маңындағы Монтай батырдың бейітіне бір шоғыр ардагерлер қауымы жиналып, баба рухына құран бағыштады.
Сонау Жоңғар шапқыншылығы кезінде елімізді жаудан қорғап, Абылай ханға үзеңгілес серік болған Әйтімбет тегі Рысқұлұлы Монтайдың рухына тағзым ету бүкіл ұрпақтың міндеті. Талай шайқастарда Монтай батырдың ерлігіне риза болған Абылай хан оны жоғары бағалаған. «Көкшеде хан сайлаған тігіп шатыр, орнатқан жауларына заманақыр, тәу етіп, басынды ій осы жерде, батыры Абылай ханның Монтай жатыр» дегендей оның ұрпақтары басын көтеріп, белгі орнатқан.
Осы орайда, Монтай батыр туралы тың деректер жинауға зерттеушілер ерекше көңіл бөлгенін баса айтып өткен жөн. Монтай батыр жайлы деректер белгілі қаламгер Тортай Сәдуақастың еңбектерінде де кездеседі. Оған қоса ақын Айдос Әбутәліпұлының Монтай батыр жайлы толғауы бар. Батырдың өмірін зерттеуде ауыл ақсақалдары да көмектесті.
Түркістан маңында Монтай тас дейтін атаулы жер бар екендігін естіп, оның сегізінші ұрпағы Белгібай Хасенов сол тасты көріп, қандай деректер бар екендігін білу үшін, маңындағы ауылдарға барып, сұрастырған. Алайда, ол тастың бір батырға байланысты «Монтай тас» аталғандығынан басқа деректер табылмаған.
– Бабамыздың басын көтеруге, белгі орнатуға атсалысқандарға шексіз алғысымды білдіремін. Осындай үлкен іске жастардың көмектесуін көріп, қазақтың рухы әлі жоғалмағандығын, ата-бабасын құрметтейтіндігін түсіндім. Халқымыздың қолдауын тауып, батырларымыздың есімдері өшпесе екен, – дейді Белгібай Хасенов.
Рамазан ТӨЛЕУБАЙ.