Туған жер перзенті

Партия және совет органдарында істеген ұзақ жылдар ішінде маған КПСС Орталық Комитетінің Бас хатшысына дейінгі әр деңгейдегі көптеген қызметкерлермен кездесудің сәті түсті. Асыра айтсам, еліміздің жоғары басшылығымен қоян-қолтық араласа жүргенде Еркін Нұржанұлы Әуелбеков экономика, шаруашылықты жүргізу, агротехника, ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу және сақтау мәселелері бойынша ешкімге ұпайын жіберген емес. Алайда, ол ешқашанда білімімен мақтанбады, басқалардан өзін жоғары санап орынсыз пікір айтудан бойын аулақ ұстады.

Мәселенің түптөркініне терең бойлай алмай, сәуегейлік жасаушылардың теріс қылығын жақтырмаушы еді. Мұндай жағдайда пікірлесінің ар-ожданын аяққа баспай, онымен ортақ тіл табысуға тырысатын. Бұл – оның көрегендігі еді.
Адам дүниеге екі рет келеді дейді: сәби боп тууы және рухани кемелденуі. Екінші процесс өте-мөте күрделі, ауыр және ұзақ сонар жол. Ал Еркін Нұржанұлы болса бұл жолдан сүрінбей өтті. Тал бойындағы жағымды қасиеттерімен жұртты қызықтыратын, еліктендіретін.
Еліктеушілік – астарлы ұғым. Адам бойындағы мақтаныш пен сыйластық сезімін сөз еткенде, Ерекең қызметте де, тұрмыста да, демалыс сәттерінде де біздерге үлгі-өнеге болды, бола бермек те.
Өмір шындығын бұрмалап, Коммунистік партияға айып тағуды науқаншылдыққа айналдырып барамыз.
Тәртіп бар жерде істе нәтиже болатындығын Николаев МТС-інің қол жеткен жетістігінен-ақ байқауға болатын еді. Бас-аяғы 2-3 жыл ішінде егіс көлемі екі есеге өсіп, мемлекетке тапсырылатын астық 5-6 есеге көбейді.
МТС директоры Еркін Әуелбековты қатты мазалаған мынау болды: жер көлемін ұлғайту үшін мықты техника паркі болуы керек. Шартты түрде алғанда бір трактордың еншісіне 650-700 гектардан келетін сол кезде. Еңбек өнімділігін арттыру үшін жұмысты екі сменада ұйымдастыру қажет болды. Табылған ақыл. Ал жетіспейтін механизатор кадрлары ше? Аудан, облыс орталықтарындағы кәсіпорындарға сұрау салды. Олар қарсы болған жоқ.
Тыңның алғашқы астығы 1956 жылы жиналды. Қазақстан Отан қоймасына 1 миллиард пұт астық тапсырды. Бұл бұрын-соңды болмаған ірі жетістік еді. Егіншілік саласында қолжеткен табысы үшін Николаев МТС-і Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ ССР Министрлер Советінің Ескерткіш туымен марапатталды. Еркін Әуелбеков «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медаліне ие болды.
1957 жылдың көктемінде үкімет қаулысымен көптеген МТС-тер совхоз болып қайта құрылды. Е.Әуелбеков Октябрь ауданындағы «Марьевский» совхозына директор болып тағайындалды. Бұл – облыс орталығынан ең шалғайдағы шаруашылық болатын.
Қиындықтан қаймықпау – Еркінге тән қасиет болса керек. Жаңа жерге келісімен-ақ ол еңбек тәртібін нығайтуды, озық агротехниканы қолдану арқылы шығынды азайтуды, өндіріс тиімділігін арттыруды мықтап қолға алды. Адамдарды ұқыптылыққа, үнемділікке үйретті.
Ауыл шаруашылығын бір бағытта, яғни, бидай  өсірумен  ғана  жүргізудің толық пайда бермейтіндігіне де көз жетті. Өйткені, егін орағы аяқталған соң село еңбеккерлерінің  көктемгі   егіске  дейін айналысатын басқа шаруасы болмады.  Мұның өзі адамдардың босбелбеулікке, маскүнемдікке салынуына, ұрлық-қарлыққа жол берді. Олқылықтың орнын толтыру үшін шаруашылықтың басқа түрлерін,   әлеуметтік  саланы  жандандыру қажет болды.
Совхоз директоры Е.Әуелбеков істі ірі қара мал сатып алудан бастады. Көктемде картоп, көкөніс, жеміс отырғызу үшін жер бөлінді. КПСС Орталық Комитетінің 1958 жылғы февраль Пленумының «Колхоз құрылысын онан әрі дамыту және МТС-терді қайта құру туралы» қаулысына сәйкес «Марьевский» совхозы мемлекет берген несиеге трактор, соқа, сеялка, шөп машинасын, комбайн, жөндеу станоктары мен құрал-жабдықтарын сатып алды. Шеберхана үйі салынды, қыста техника қоятын орын жасалды. Сөйтіп, адамдар жыл бойы пайдалы іспен айналысу мүмкіндігіне ие болды. Мұның бәрі шаруашылықтың экономикасына әсер етумен бірге, кадрлардың тұрақтануына да ықпал етті. «Марьевский» совхозы тек ауданда емес, облыстағы үлгілі шаруашылықтардың қатарына қосылды.
Осы кітапты жазу барысында «Марьевский» совхозына барып, қарт тұрғындармен әңгімелесу жөнінде ой келді. Жас директор Еркінді білетіндер болмауы мүмкін емес қой. Қызықты әңгіме естірмін деп үміттендім. Сапарға шығар алдында мынадай жәйтке қанықтым. Солтүстік Қазақстан облысында мұндай совхоз болмай шықты. Алпысыншы жылдары Сергеев су құбырының құрылысы басталғанда Марьевка селосы да 700 миллион текше метр су қоймасының астында қалыпты. Осыған орай адамдар жан-жаққа көшіп кетсе керек.
Бұл селоны салу үшін қыруар тер төгілді емес пе. Көптеген жастар осында семья құрып, бақытын тапты. Өмірге нәресте келді. Үлкен өмірге, биік асуларға қанаттандырған селоның су астында қалғандығын естігенде Еркін де қатты ренжіген-ді. Оның өмір- баянының бір тарауы өшірілгендей әсер қалдырды. 1959 жылы кезектен тыс өткен КПСС XXI съезі СССР халық шаруашылығын 1959-1965 жылдары дамытудың жеті жылдық жоспарын бекітті. Осы құжатқа сәйкес Солтүстік Қазақстанда астық өндіруді жылына 135 миллион пұтқа жеткізу, мал басын 2-3 есеге өсіру міндеті қойылды. Жауапты бұл міндетті орындау үшін батыл шешім қажет болды. Ал, өміршең бұл жоспар жігерлі басшының ғана қолынан келетін іс. Сөйтіп, облыс басшылығына жаңа сипаттағы жас толқын жастар көбірек тартылды.
1961 жылы қыркүйекте Е.Н.Әуелбеков еңбекшілер депутаттары Солтүстік Қазақстан облыстық Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Бұл – сирек кездесетін құбылыс еді. Өйткені, Еркін Нұржанұлы аудандық буынды аттап өтіп, төбеден бір-ақ шықты. Арада төрт ай өтпей жатып, облыстық ауыл шаруашылығы және дайындау басқармасының бастығы болып бекітілсе, 1964 жылы желтоқсанда облыстық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Бұл жаңа тұрпаттағы басшы Еркін Нұржанұлының өмірінің жарқын беттері еді.
Облысқа мансап, орден мен ақша үшін келгендерге мықты болсаң әміріңді жүргізіп көрші. Олармен арпалысу Еркінге оңай болған жоқ. Дегенмен де Әуелбеков көп жағдайда әділдік танытып, өз ісінің ақтығына көз жеткізе білді. 1965 жылы Солтүстік Қазақстан облысы өнеркәсіп бойынша жеті жылдық жоспарды 6 ай бұрын орындады. Өнеркәсіп өнімдерінің өсімі 214 процентке жетіп, 1940 жылмен салыстырғанда 19 есе артты. Тұрғын үй құрылысы жедел қарқын алды. Қоғамдық тамақтандыру, байланыс, транспорт кәсіпорындарының қуаты артты. Облыстық атқару комитетінің төрағасы үшін бұл үлкен жеңіс, қуаныш емес пе?
Алайда, өкінішке орай, село еңбеккерлері халық шаруашылығы жоспарында белгіленген межеден көріне алмады. Оның әртүрлі себептері бар болатын. Біріншіден – колхозшылардың жеке шаруашылығы (Н.С.Хрущевтің нұсқауымен) күйзеліске ұшырады, екіншіден – шортандылықтар ұсынған жаңа әдіс тым кештеу қолданылды. Соған қарамастан 1965 жылы селода өндірілген өнімнің жалпы көлемі 236 миллион сомды құрады. Мұндай жетістікке облыс бұрын-соңды жетпеген-ді, бірден республикадағы алдыңғылардың қатарына қосылды.
Ал мұның алдында, КПСС Орталық Комитетінің октябрь Пленумында (1964 ж.) елдің саяси басшылығында елеулі өзгерістер болды. 1965 жылдың мартында ауыл шаруашылығын өркендетуге байланысты жаңа шешім қабылданды. Жаңа міндеттер жүктелді. Е.Әуелбеков Алматыға жаңа қызметке ауысты, республика ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.
Бұрын бір облыстың ғана шаруашылығына жауапты болса, енді тұтастай республиканың ауыл шаруашылығына жауап беретін болды. Жұмыс болса шаш-етектен. Министрліктен бастап, облыстық басқармалардың құрылымын қайта өзгерту, егіншілік жүйесін қайта қарау керек. Себебі, түрлі трестер, қалалық, селолық шаруашылық субъектілері тым көбейіп кеткен-ді. Шаруашылықтардың бәрі Н.С.Хрущевтің нұсқауымен жүгері өсіруге тым әуестеніп кетті. Өрескел бұл қателікті тез арада түзету үшін астық өндірісін гектар шығымдылығы есебінен молайту міндеті қойылды. Тағы да жауапты бұл міндет Еркін Нұржанұлына жүктелді.
1966 жылы Қазақстан өз тарихында екінші рет мемлекетке миллиард пұт астық тапсырды. Бұл республика үшін жоспарлы межеге айналды. Қазақстандық диқандар сол дәстүрден таймай Отанды мол астығымен қуантып отырды.
Қазақстанның мол астығына Әуелбековтың қосқан үлесі қандай еді? Оған «жақсы», «өте жақсы» деп баға беруге бола ма? Министрдің бірінші орынбасары – шешуші тұлға. Республиканың ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік саясатты, тактика мен стратегия-
ны айқындайтын тұлға болғандықтан рөлін төмендетуге де ешбір хақымыз жоқ сияқты.
Қазақстанда дән дариясы ағылды. Маңдай термен өсірілген астықты шашау шығармай өңдеп, сақтау үшін қабылдау кәсіпорындарын, элеваторлар салу қажет болды. Көп кешікпей астықты аудандардың бәрінде құрылыс кең қанат жайды. Осы бір сындарлы шақта Е.Н.Әуелбеков Қазақ ССР астық өнімдері және құрама жем өнеркәсібі министрі болып тағайындалады. Бұл – 1967 жылдың сәуір айы болатын.
Ерекең өзіне тән еңбекқорлық, жаңашылдық қасиетін мұнда да таныта білді. Еңбек ардагерлерінің айтуына қарағанда, ол кез-келген уақытта кабинеттерді аралап, ағымдағы жұмыс барысы жайлы пікір алмасуды жақсы көретін. Әңгімеге тек басқарма немесе бөлім бастықтары ғана қатысу міндетті емес-ті. Сондағы бір байқалатын әсерлі құбылыс – Е.Әуелбековтың әр саланы жетік білетіндігі.
Министрліктің жұмысы өрге баса бастады. Бірақ тағы да Еркін Нұржанұлына мұнда ұзақ істеу бұйырмады. Қазақстан Компартиясының ұйғарымымен 1968 жылы Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Жас шағынан алғанда ол одақтағы ең жас бірінші хатшы болатын. Облыс алдында тұрған күрделі де жауапты міндеттер одан асқан жауапкершілікті талап етті.
Облыстың бірінші басшысы бұрынғы таптаурынды, жауыр болған жұмыс әдістерінен арылып, жергілікті кадрларға көбірек арқа сүйеді. Экономиканы нығайтудың, әлеуметтік мәселелерді шешудің тың жолдарын іздестірді. Обкомның бюросы халық шаруашылығына басшылық жасаудың штабына айналды. Оның құрамы өз ісіне шынайы берілген, беделді, сауатты, тәжірибелі адамдармен алмастырылып отырылды. Бұл орайда А.Никулин, В.Моисеенко, В.Загорский, В.Жигалов, Ә.Спанов, В.Зуб, Б.Жұмағалиев, Т.Кербаев, М.Чжен, Б.Көшімбаев, К.Мырзахметов, В.Огородников, В.Крестьянников, Ф.Лиховидов, К.Шәймерденов, А.Мұқашевтің есімдерін құрметпен айтуға болады. Есімдері аталған азаматтар әр кезде, әртүрлі қызмет атқарса да Е.Н.Әуелбеков оларға үлкен сенім артып, арқа сүйеді. Бірінші хатшының бұл үмітін әріптестері де ақтай білді. Кез-келген маңызды мәселе алдымен бюро мәжілісінде талқыланатын. Кадр тағайындау немесе қызметтен босату бюроның келісімінсіз жүзеге аспайтын.
Өмір өз ағымымен жүріп жатты. Кадрлар да ауысып, жаңарып отырды. Тек бірінші ұстанған басты қағида өзгерген жоқ: ол – партиялық жұмыстағы қатаң тәртіп.
Бүгінгі жас адамға мұның бәрі ерсілеу көрінгенімен, бұл сол кезеңнің ақиқат шындығы болатын. Бастауыш ұйымнан бастап бәрі-бәрі обкомның алдында жауапты да. Қарапайым халықтың оларға деген сенімі де зор болды. Жұмыссыз қалам деген ой ешкімде болған емес, керісінше кей жұмыс учаскелерінде адам күші жетіспей жатты. Адамдар күні-түні көшеде де, түзде алаңсыз жүрді. Ұрлық-қарлық, бұзақылық, тонаушылық некен-саяқ болатын. Бір сөзбен айтқанда адамдар қазіргідей ұялы телефон, пейджер мен джип машинасыз-ақ жақсы өмір сүрді. Бұдан асқан қандай бақыт бар десеңізші!

Әлібай МҰҚАШЕВ,
еңбек ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар