«Құлагердің» жеңімпаздары анықталды

 Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр селосында ұлттық спорт түрлерінен өткен «Құлагер – 2015» атты  ХV облыстық спартакиада Қазақ хандығының 550 жылдығына арналды. Оның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

  Дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан аталмыш спартакиаданың басты мақсаты – жастар арасында ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттау, олардың бойларына отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырып, ұлттық құндылықтардың мән-маңызын түсіндіру.
Ежелден ән мен жырдың, ойын-тойдың куәсі болған Көкшетауға ұлттық спорт додаларына қатысу үшін облысымыздың аудандары мен қалаларынан жеті жүзге жуық үміткер қатысты. Олар ұлттық спорт ойындарының он екі түрінен бақ сынасып, жеңіс тұғырына көтерілуге тырысып бақты. Үміткерлердің әрқайсысы да бабында екен. Әйтсе де, атам қазақтың «бақ шаба ма, бап шаба ма?» деген нақылы бар емес пе? Халықтық спорт түрлерін меңгерген майталмандар барынша намысқа тырысып бақты деуге болады. Нәтижесінде 59  спортшы әртүрлі марапаттар мен жүлделерге ие болды.
Іс-шараның ашыл-
уында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов:
–Біздің қазақ халқы ұлттық спорт түрлерінен кенде емес. Ата-бабамыздан қалған асыл мұраларымызды ұмытпай, сақтап, оны әрі қарай дамыту біздің басты парызымыз. Ұмытылып бара жатқан ұлттық спорт түрлерін жандандырып, ұрпаққа жеткізуде баршамыздың жұмылған жұдырықтай, бірлесіп атсалысуымыз қажет. Осы мақсатта жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Құлагер» спартакиадасының негізін қалаушыларға алғысымыз шексіз, –деді.
Ұлттық спорт түрлерін көруге келген жанкүйерлер ең алдымен облысымыздың 8 аймағынан келген көкпаршылардың тартыс-ты ойынын тамашалады. Былтырғы жылы аталмыш ойын түрінен целиноградтық спортшылар жеңіске жетсе, биыл жақсы дайындықпен келген ерейментаулықтар қарсыластарынан үздік шықты. Ал, бұландылық көкпаршылар қанша тырысқанымен, ақкөлдік спортшыларға есе жіберіп алып, үшінші орынды місе тұтты.
Қашанда қазақ халқы үшін жылқы жануары ер қанаты, қастерлі де киелі мал саналады. Жылқыны жандарына серік еткен ата-бабаның ұрпақтары бұл жолы да тоқ бәйге, жорға жарыс, құнан жарыс секілді ұлттық спорт түрлері жарысын аса қызығушылықпен тамашалады.
15 мың шақырымға белгіленген тоқ бәйгеде көкшетаулық шабандоз Артем Эленберг Румия Шарафуллинаның «Заман» атты тұлпарымен мәреге бірінші болып жетті. Сәйгүліктердің бұл жарысында күміс және қола жүлделерді көкшетаулық Алмаз Құлтасов пен ерейментаулық Дастан Сәдуақасовтың қоржынына «Наурызбай» мен «Камила» атты жануарларда шапқан Есдәулет Рыспамбетов пен Берік Қадылбеков салып берді. Ал, 7 мың шақырым қашықтыққа белгіленген құнан бәйгеде көкшетаулық шабандоз Артем Эленберг Румия Шарафуллинаның қанжығасына тағы да алтын медальды салып берді. Бұл жолы «Асириус» атты тай қарсыластары «Фаворит» пен «Фуркатты» басып озып, мәре сызығына бірінші болып келді. Сөйтіп, шортандылық шабандоз Әділ Азбаев пен көкшетаулық шабандоз Линара Усманова Ілияс Смайлов пен Румия Шарафуллина есімді атбегілерге жүлделі екінші және үшінші орындарды алып берді. Құнан бәйге сияқты 7 мың шақырымға белгіленген жорға жарыста атбасарлық «Семеннің» басына мінген Родион Рябковты жарты минутқа басып озып, ақкөлдік шабандоз Евгений Чибисовтың «Ресті»  жеңіске жетті. Ал, бұландылық Оразхан Шешханның «Лагері» үшінші орынды иеленді.
Бұдан әрі халықтың зор ықыласпен, асыға күтіп тамашалаған қыз қуу ойынында көкшетаулықтар  қошеметке ие болды. Сол сияқты қазақ күресі, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу ұлттық ойындары да тартысты өтіп, спортшылар өздерінің баптарына сай орындарды өзара тең бөлісті.
Үш күнге созылған «Құлагер – 2015» спартакиадасының қорытынды есебінде көкшетаулықтар ұпай саны бойынша көшбасын бағындырды. Одан кейін ақкөлдіктер мен атбасарлықтар алдыңғы орындардан көрінді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар