Ақ жүректі асыл жан

 Қайырғалидың қызы Ардақ. Осы үш ауыз сөзді жаздым да ойға қалдым. Кім өзі, бұл Ардақ деген?.. Осы бір әркімге ақ пейілмен мөлдіреп қарайтын  аққұба әйел, қандай қылық, нендей ісімен өзгені өзіне тартады да тұрады?

  Үлкендер айнам, қарағым Ардақжан десе, кішілері апа, апатай деп, құрбы-құрдас, дос-жарандары ойындағысын оған ірікпей айтып, ақыл-кеңесін  алса, тума-туыс, құда-жекжаттар бастарына қиын іс түссе, қол ұшын беретін Ардақтай бір жанның барына сенетін.
Менің онымен танысуым да қызық еді. Астанаға алғашқы келген жылдарым. Шыр еткен телефонды көтерсем,  арғы жағынан аңқылдаған әйел даусы: «Орал облысынан, соның ішінде Жаңақала ауданынан көшіп келген жерлестерімді қонаққа шақырып жатырмын. Ағатай екеуіңіз міндетті түрде келіңіздер», – деп уақыты мен адресін айтқаны. «Шаққаннан қаш, шақырғаннан қалма» деген мақал-мәтел қанымызға сіңген қазақпыз ғой, «Иә», – деппін мен де.
Ардақ пен Елеусіздің қос қабатты коттеджінің төргі бөлмесі тым үлкен екен.
–Қонақтарды өзің таныстыр, – дейді Елеусіз Ардаққа күле қарап.
Ал, Ардақ болса жерлестерінің жиналғанына мәз болып, риза көңілден аққұба жүзі бал-бұл жанады.
Сол жерде республикамыздың Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Оқас Сапаровтың әкесі Базарғали Сапаровпен, еліміздің қорғанысын нығайтуға зор үлес қосып жүрген  полковник Нұржан Тұяшевтің әкесі, құрметті ұстаз Зарип Тұяшевпен, ғылым докторы, академик Жасқайрат Сүндетовпен, қазақ жігіттерінің ішінен алғашқыларының бірі болып «Құрметті құрылысшы» атағын алған Мақсұт Бекқұловпен, әскери журналист Сәдуақас Жұбатовпен,  менің ұстазым болған Насыр Сүндетовтің ұлы, Астанадағы №24 орта мектептің директоры Ғабит Сүндетовпен де осы  отырыс-
та кезіктім.
–Бұл жігіт, – дейді Ардақ орта бойлы, қара торы жігітті орнынан тұрғызып – Айбатыр Сейтақ – ақын, Парламенттің белді қызметкері. Менің әкем баласындай кіші болса да, осы Айбатырмен досындай сыйласатын.  «Батыстан шыққан қазақтың батыр қызы Әлия туралы ән де, өлең де жеткілікті. Ал, біздің Нарында туып-өскен Мәншүк туралы ештеңе жоқтың қасы. Айбатыржан, әнді де, өлеңді де жазу сенің қолыңнан келеді. Жаз. Қайтсең де жаз», –  дейтін оны көрген сайын. Шүкір, сенім деген бір алапат күш қой. Әкемнің сенімі қате кетпепті. Айбатыр жазған өлеңге жас сазгер Нұрлан Бекенов ән жазды. «Мәншүк ерлігі» деген тамаша ән шықты. Осы ән концерттерде не болмаса радиодан орындалып жатқанда, есіме бірден әкем Қайырғалидың бейнесі оралады, – дейді Ардақ ағынан жарылып.
Иә, Ардақтың дүниеге келіп, ес біліп, мектепке барып, институтта оқып, бой түзеп, еңбек еткен, яғни, туған жері – Ақмола облысының Қорғалжын өңірі. Ол ерте есейді, 12 жасында кенеттен анасы дүниеден озғанда әлсіздіктен ана сүтінің дәмін де татпаған інісі Сапарғали өлім мен өмір аузында жатты, сіңлісі Алма 10-да болса,  інісі Ерғали әлі мектепке де бармаған еді.
Нағашы жұрты ауқатты, елге сыйлы өте қайырымды жандар болатын. Әсіресе, анасы Мәрияның әкесі Нұрмағанбет Еңсебаев ол кезде аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқаратын. Әулеті жағынан да, дәулеті жағынан да болып-толған нағашы атам «Қарағым Қайырғали, – деген әкеме, – тұңғышым Мәрияны қалай көрсем, өзіңді де сондай жақсы көретінімді білесің, сені балаларыңнан айырмайын, бірақ бәрі де әлі жас, ең болмаса екі  кішкентайды біраз уақыт біз өсіріп берейік», – дегенде,  әкем бәрімізді құшақтап «Ж-о-о-қ, ж-о-о-қ», – деген қатқыл үнмен, – «Мен бар жерде Мәрия да бар.  Балапандарымды бір-бірінен айырмаймын», – деп кесіп айтқан.
Анамды жерлеп келген күн әлі есімде. Ұйықтап кетіппін. Тымақ ішіндегі інім Сапарғалидың даусынан оянып кетсем, таң атып, үйге әлдеқашан жарық түскен екен. Әкем үшеумізге бір-бір көрпе жауып ұйықтатыпты да, өзі қабырғаға сүйеніп киінген күйі қалғып отыр екен. Бала дауысын естісімен келесі бөлмеде жатқан әжемізге жүгіріп барып: «Сүт қайда, мама, сүт қайда?», – деп сасқалақтаған қалпы әлі де көз алдымда, – дейді Ардақ көзіне келген жасты көрсетпей сүртіп.
Сөйтіп еркеліктен айырылса да, еркіндікті серік еткен Ардақтың жаңа өмірі басталған-ды. Әжесі Сапуаттың аялы алақаны мен жібектей  жұмсақ мінезі, барды ұқсата білетін іскерлігі, әкесінің өліп-өшкен ұл-қызына деген шексіз махаббаты тұрмыс тауқыметін тарттырмады, жоқшылықты сездірмеді. Әрі асқар таудай тірек болған анасының әкесі Нұрмағанбет пен оның ұл-қыздары Мұхтар, Төлеш, Ләззаттың қамқорлығын өмір бойы сезіп келеді. Олардың бәрімен де туыстық, бауырластық қатынасын үзген емес.
Бірде одан: «Қарағым-ау, оралдықтарды, соның ішінде Жаңақала ауданының  жері мен суын, аталас ағайынды өміріңде бір-екі рет көріпсің, онда да жас кезіңде.  Елдің бәрін жерлес деп қалай жақын тартасың?» – дедім Ардақтан сыр тартып.
Ол аз-кем үндемей ойланып қалды.
–Осыған өзім де кейде таңқаламын деген… Сосын: қазақта «Қанына тартпағанның қары сынсын» дейтін мақал бар. Әкем Қайырғали туған жерін, оның адамдарын ерекше сүйетін еді. Кеңестер одағы кезінде атағы әлемге жайылған Қорғалжын көлінде отырып, «Шіркін біздің елдің адамдары осында келіп дем алса ғой, бұлақтай суына шомылып, бұлқынған балығын аулап рахаттанса ғой», – дейтін. Енді бірде «Биыл батыста қыс қатты, қар көп дейді. Ауыл адамдарына қиын болды-ау», – деп бір қиналатын. Әсіресе, Білім министрлігінің жолдамасымен батыс өңірінен Арқаға келген достары Уәлиолла Ізтілеуов, Әбутәліп Сұлтанов, Тельман Сариев үшеуі бас қосқанда, батыстың мұңды әндерін, күмбірлете төгілген күйлерін шертіп, мәре-сәре болып қалатын. Көбіне Мұхиттың әндерін сүйсіне тыңдайтын еді. 1968 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын үздік бітіріп, осы оқу орнында жұмысқа қалдырылған Сүндетов Жасқайрат ағамен, құрылыс басшыларының бірі Мұқатов Мақсұтпен күн сайын сөйлесіп: «Ауылдан не хабар бар, келген, келетін жерлестер жоқ па әзір?», – деп сұрайтын.
Әкем Қайырғали Мақұлов Жаңақала ауданы, Новая Казанка селосында дүниеге келіпті. Әкесі Ишанғали Мақұлұлы жеті ағайынды екен. Олар – Жолмекен, Төлешқали, Ниетқали, Молдағали, Қаным, Рысқали, Ишанғали. Неге екенін қайдам, атамыз Ишанғали жалғыз ұлы Қайырғали мектепке барғанда фамилиясын Мақұлдың ұлы деп жазғызыпты. Өзі өткір тілді сыншы, бірбеткей, турашыл адал адам болыпты.
Әсіресе, Кеңес өкіметін орнатуда шолақ белсенділер мен әумесер атқа мінерлер, сатқын соттар мен прокурорларды, шаш ал десе бас алар олардың қол шоқпарлары болған милиция өкілдерін бір сөзбен әжуалап, өлтіре сынайтын сөздері ауыздан ауызға тарап, естігеннің есінде қалған.
Ол кісі 1948 жылы Қайырғалидың қолында қайтыс болды. Мақұлдың Ишаны айтқан тапқыр сөздер қазір халық игілігіне айналып, Республикалық Ғылым академиясынан шыққан «Сөз тапқанға қолқа жоқ», «Ауылдың айтқыштары»,  «Бес ғасыр жырлайды» атты кітаптарда топталып берілген. Ал, ауыл ішінде жиналмай жатқандары қаншама?
Әкем Қайырғали Мақұлұлы жастайынан мінезі сабырлы, өте зерек екен. Әсіресе, математика, химия, физика пәндерін өте жақсы меңгеріпті, Жаңақала ауданындағы 10 жылдық мектепті алтын медальмен бітірген ең бірінші оқушы. Қазір сол Кеңес Одағының Батыры Мәжит Жүнісов атындағы орта мектептің мұражайында әкемнің суреті мен аттестаты келер ұрпаққа үлгі ретінде көрнекті жерге ілінген.
ҚазМУ-ді 1952 жылы бітірген әкем жолдамамен келіп, Целиноград облысындағы Қорғалжын орта мектебінде  математика, физика, астрономия пәндерінен сабақ берді. Көп жыл бойы Қорғалжында он жылдық мектепте мектеп директоры болып еңбек етті. Нарын құмындағы інісі Қожақаев Елемес пен оның жұбайы Үмітті де көшіріп әкеліп, мектепке орналастырды. Қорғалжын өңірінде 1-2 жыл жұмыс істеген інісі мен келіні жазғы демалысын туған жерде өткіземіз деп елге кеткен-ді. Елемес інісі орта жолда қайтыс болды деген хабарды естігенде «Қарағым-ай, қанатым сынды ғой. Бұл не деген бітпейтін сор еді?» – деп әкемнің еңірегенін көргенде  шошып кеттім. Орнында бар оңалар дегендей, Үміт Қабиқызы шаңырақты шайқалтпай, білгір ұстаз, оқу ісінің үздігі атанып, немерелерінің қызығына бөленіп отыр. Қазір құрметті еңбек демалысында.
Әкем қашан болсын, біреуге жақсылық жасағысы келіп тұратын. Бірде екеуміз көшеде келе жатыр едік, бір жас жігіт кезікті, пошта тасиды екен. Сөмкесі толған газет-журнал, өзі әрең көтеріп келеді. Бір көшені таба алмай жүргенін айтып жөн сұрады. «Е, ана жақта», – деп жол көрсеттік. «Ардақ, сен үйге кіре бер, мен анықтап көрсетіп келейін», – деп әкем сыртта қалды, содан 3-4 сағат өткесін, шаң-шаң болып шаршап келді. «Ардақжан, ана жігіттің сөмкесі тым ауыр екен, көмектесемін деп кешігіп қалдым. Білесің бе, ол Орал облысындағы  Қаратөбе ауданынан екен», – дегені ғой ақталып.
Әкем анам қайтыс болғаннан кейін үйленбеді. Өзінің достары мен шәкірттері, әріптестері, анамның құрбылары үйге топ-топ болып келіп, әжемнің қою шәйін қанып ішіп, әңгіме-дүкен құрып көп отыратын. Бірде анамның курстасы Бикен Рақымқызы келді. Анам Мәрия екеуі ҚазМУ-дің филология факультетін бірге бітіріпті.
–Бірде, – деп еді әкем, – ұмытпасам, екінші курста оқып жүргенімізде жазушы Сәбит Мұқанов лекция оқиды деп үлкен залға көп студент жиналды. Мәрия екеуміз екінші қатарға жайғастық. Мінбеге шығып лекциясын бастай берген жазушының көзі бір сәт Мәрияға түскені. «Ойпырмай, менің Ботагөзім мында отыр ғой,  кімсің қалқам, қайдансың?» – деп Мәрияны тұрғызып жөн сұрады. Ол тұрып сұрақтарына жауап берді. Сонда  ұлы жазушы «шырақтарым, – деген студенттерге қарап, – жан сұлулығы мен тән сұлулығы астасқан жерде ғана шын сұлулық көзге ұрады. Ондай сұлулыққа тек қазақ қыздары лайық». Содан курс-тастарымыз оқу бітіргенше Мәрияны Ботагөз деп атап кетті.
Көп нәрсені ашық айтпаған соң көбін көрмей, сезбей өстік қой.  Анам 34 жасында көз жұмғанда, әкем 42 жаста екен. Әжем Сапуат та қайтыс болды, бірақ, әкем үйленбей жүріп алды. Оған сырттай ғашық болып жүргеннің талайын білетінмін.  Сөйтсек, көңілі жан сұлулығын көбірек іздейді екен ғой.
Әкеммен сырлас болдым. Институтқа түсерде дәрігер не экономист болуым,  мүмкін әскери қызметті таңдауым керек шығар деп әкеммен көп ақылдастым. Ондайда әкем: «Ұстаздық дегенің – мәңгілік мамандық. Жылдар жылжып өтер. Самай шаш та ағарар. Сол кезде апа деп амандасқан бір азамат өзіңнің бір кезде оған өнеге болғаныңды айтып отырса, бұл дегенің бақыт емес пе?», – деп көз жеткізуден жалықпаушы еді.  
Сөйтіп, кейін әкем айтты, бітті дегендей, осы мамандықтың иесі атанып шыға келдім, – дейді Ардақ ағынан жарылып. – Қыз болып бой түзеген кезімде де көңілін білдірген талай жігіттердің ішінен Елеусізді ұнатты.  Қазір Елеусіз екеуміздің 3 ұл,  3 қызымыз, олардан өрбіген 5 немереміз бар. Балалардың бәрі жоғары білімді, өз мамандықтары бойынша еңбек етуде. Өмірдің ащысы мен тәттісін бірге көрдік. Әкеміз де біздің қолымызда қартайды.
Күйеу баласымен досындай сырласушы еді. Осында да  ауылда қалған ағайын-тумалармен ара-қатынасын үзген жоқ.
Елден келген ағайындардың балалары мен шәкірттеріне «анау бол, мынау бол», –  деп ақыл айтпайтын.  «Өмірдің өзі – өнеге», – дейтін әркез. «Қандай жұмысты істесең де, нендей мамандықты таңдасаң да, соның қыр-сырына үңіл. Сол ісің өзіңе, ортаңа қандай жақсылық әкелетінін ойла. Сонда ғана өкінбейсің. Адамдар бір-біріне тек ізгі ниет, жақсы көңілмен араласқанда ғана өмір түзеледі». Бұл әкемнің өмірлік қағидасы еді.
«Орнында бар оңалар», – дейді халық даналығы.  Қайырғали Мақұловтың өмірден өткеніне бір жыл толған кезде «Алтын адам» мейрамханасында балалары еске алу кешін өткізді. Естігенге есік ашық  дегенді газеттен оқып мен де бардым. 500 адамға арнап дастархан жайылған мейрамхана іші лық толы еді. Достары, туыстары, шәкірттері мен жолдастары кезек-кезек сөз алып, Қайырғали Мақұлұлының ақынжанды адам екенін, аудандық
театрда көркемөнерпаздар «Қыз Жібек», «Ақан сері»  спектакльдерін қойғанда Бекежан болып ойнағанын, Ақан сері болып ән салған әншілігін, кез келген жанда бола бермейтін жомарттығы мен мәрттігін айтып жатты.
Сол еске алу асында бір сәт ұзын бойлы, ақ шашты азамат мінбеге көтерілді.
–Бұл 1957 жылы еді, – деп бастады ол кісі өз  сөзін. – Қорғалжын орта мектебін бітірген 20 оқушы класымызбен Алматыға барып, КазГУ-ге оқуға түcуге жиналдық. Сонда сынып жетекшіміз Қайырғали ағамыз сендерге бас-көз болып, ақыл кеңесімді айтамын ғой деп бізбенен бірге  бір ай бойы Алматыда  жанымызда болды. Қуанышы мен қайғысы қатар жүретін өмір емес пе? Біреуіміз әлдебір пәннен жарамсыз баға алсақ, ағамыз документті тез алып, келесі институттың басқа бір факультетіне жетелейтін. Ақыры бәріміз де студент атанған сол күндер әлі есімде. Тап қазір оқушы көңіліне, оның болашақ өміріне жол ашқан тап сол ұстазымдай кім бар ортамызда? – дегенде зал толы адамдар үнсіз қалған-ды…
…Ардақпен кезіккен сәттен бері әкем, әкемнің туыстары, әкемнің достары мен жерлестері, әкемнің айтқан сөздері дегенді естіген сайын ойға қаламын. Өйткені, мен Мақұлдың Ишанының отты сөздерін кітаптардан оқысам да, оның ұлы Мақұлов Қайырғалиды көрген жан емеспін.
Өмір дегенің – көктегі жаратушының жердегі пенделермен іштей ұғынысу, шүйіркелесу жолы дегенді естігенім бар. Тіршіліктің қым-қуыт таусылмайтын күйбеңінде өзіміздің ата-анамызды, олардың асыл бейнелі аруағын жиі еске аламыз ба?
«Адам өлген күні өлмейді, ұмытылған күні өледі», – дейді қазақ. Айта берсе өкініш көп, шын баға берсе, шүкіршілік те жетеді, – деп өз-өзімізді сабырға шақыратын ақ адал көңіліміз ғана жаратушы тәңір мен ата-баба аруағы алдындағы ақталар ақиқатымыздай.
«Жаңақала ауданының құрметті азаматы» деген атақты, «Қазақ КСР оқу-ағарту ісінің үздігі» деген белгіні сонау 1958 жылы иемденген, бірнеше дүркін өкімет марапаттарына ие болған, өмірінің 50 жылын болашақ ұрпақты тәрбиелеуге жұмсаған, көзі тірісінде 4 баладан тараған 18 немеренің атасы атанған Мақұлов Қайырғали 82-ге қараған шағында абыз қалпында өмірден өтті.
Жыл сайын Ардақ пен Елеусіздің үйінде анасы Мәрия мен әкесі Қайырғали, әжесі Сапуаттың, Елеусіздің ата-анасы Уәли мен Күнтайдың әрқайсысының аруақтарына арнап дастархан жайылады. Оған солардан тараған балалары мен немерелері келіп, бәрі бас қосып құран бағыштайды. Ал, сол бір қимас жандардың туған күнін атап өту жылдағы дәстүрге айналған.
Құнарлы топыраққа егілген тал шыбық мәуелі бәйтерекке айналатыны ақиқат. Анадан жас қалса да, әкенің аялы құшағында өсіп есейген Ардақ, Алма, Ерғали және Сапарғали Мақұловтар бәрі де – жоғары білімді мамандар. Олар – отау құрып, ұл-қыз өсіріп, еліміздің өркендеуіне үлес қосқан нағыз азаматтар. Солардың ортасында қанатымен су сепкен қарлығаштай салт-дәстүрді сақтап, жоқты бар етсем, әлсізді нар етсем, алысты жақындатсам, дұрысты мақұлдатсам, кездейсоқ кездескенге бір жақсылық істесем деп аққұба әйел жанұшырады. Ол мыңдаған қарапайым қазақ әйелдерінің бірі  – зейнеткер Ардақ Қайырғалиқызы.
Тәңірім, жақсылық атаулыны көздеген  бар іске шапағат нұрыңды төге гөр!..
                Бақыт ЖАСҚАЛИЕВА.
Астана қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар