Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ғасыр жасаған Ұмсын апа - АРҚА АЖАРЫ

Ғасыр жасаған Ұмсын апа

Екі ғасырдың куәгері Ұмсын Сәмекеқызы Ыбыраева 1920 жылы Біржан сал ауданы Сәуле ауылында дүниеге келген. Бүгінде Мәдениет ауылының ең қарт тұрғынына айналып, шөпшектерінің қолынан су ішкен әз ана бейбіт күндеріміздің несібесі көп болуына үлес қосқан қазыналы қарияларымыздың бірі.

Еңбекке ерте араласқан әжеміз алғашында Степняк қаласында сауыншы болып жұмыс істейді. Қолы қалт еткенде іс тігуді кәсібіне айналдырған ол тігін шеберханасында пальто, қыстық бөрік, тымақ, көйлек тігіп, қолғап-шұлық тоқыған, киіз, текемет басқан. Соғыс жылдары да тылда аянбай еңбек еткен.
– Балаларым өте жас болатын. Дүниеге келгеннен кейін үйде көп отырмай, балаларымды тамақтандырып, үйге қалдырып, құлыптап кететінмін. Соғыс кезінде өгіз айдап, соқамен жер жыртып, кей күндері өзімнің жалғыз сиырымды жегіп жұмыс істейтінмін. Е, шырағым ол күндердің несін айтайын. Суыққа тоңып, ыстыққа күйіп, соғыс кезінің тауқыметіне де куә болып, аштықты да, жалаңаштықты да көріп өстік, – дейді әжеміз. Міне, заманның қиын кезінде әйел заты бола тұра, егін де егіп, жер де жыртып, жұмыс талғамаған Ұмсын әжеміз еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын, – деген тілеуқор кейуанаға айналған.
Он алты жасында тұрмысқа шығып, ұзақ жыл құқық қорғау саласында абыройлы қызмет еткен Байдолла Ыбыраевпен отбасын құрып, он құрсақ көтерген. Төрт сәбиінен жастайынан, үш ұлынан ер жетіп, азамат болғанда айырылып қалады. Бүгінде үш қызы үш үйдің түтінін түтетіп, бақытты отанасына айналып, немере-жиендерін тәрбиелеуде.
– Анамыз бертінге дейін тоқыма тоқитын. Мінезі ашық, жайдары, тірлігіне мығым жан. Бүгінде ауылдың ең үлкен анасына айналуда. Ал, әкем Байдолла мен ес білгеннен милицияда қызмет істеді. Алдымен Степнякта, сосын Калинин ауданында басшылық орындарда болыпты. Анамыз әлі күнге дейін өзі жүріп-тұратын. Соңғы жылдарда көзінің көруі нашарлады, құлақтан да қалып барады. Жалпы, денсаулығы жаман емес. Бұл кісінің ұзақ жасауының сыры еңбектің арқасы ма деймін. Әкеміз Байдолла болса, 1968 жылы дүниеден озды. Анамыз ағам Абайдың қолында тұратын. Ол 1999 жылы қайтыс болды. Содан бері анам менің қолымда. Ал, ағамның отбасы балаларының болашағына алаңдап Астанаға көшті. Өзімнің жолдасым да өткен жылдары жүрегіне ота жасатып, жиі емханаға жатады, – деген Мәрияш Байдоллақызы Исабаева Мәдениет ауылындағы Есмағамбет Ысмайылов атындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі. Өзі де алдағы жазда зейнеткерлікке шығады. Ал, әжеміз болса, арыстай ұлы дүние салғаннан кейін атамекені, кіндік қаны тамған жерінен кеткісі келмей, қызының қолында қалғаны да, сондықтан. Ол үшін алтын бесік ауылынан артық жер жоқ.
–Менің жастарға айтар ақылым, еңбек етсін. Масыл болғаннан сақтасын. Біз кезінде жұмыстың қандайын да таңдамадық. Аш, жалаңаш жүрген күндерімізде де еңбек етуді бірінші орынға қоятынбыз. Өтіп кеткен өмір ғой, құлыным, – деп кемсеңдеп, көкірегі көрікті ойға толғандай Ұмсын әже ойланып сәл отырды да қайтадан бізге ақ тілегін жаудыра бастады. Шаршап отырғаны жүзінен байқалып-ақ тұр. Біз де ол кісіні шаршатпайық, деп қоштасуға бет алғанда тағы бір нәрсе айтқысы келгендей, жас баладай жаутаңдай қарап:
–Немерем он жылдан бері Астанада тұрады. Арыстай ұлдарымнан айырылғаннан кейін, өлсем елімде өлейін, деп немереме ермей, қызымның қолында қалдым, – дейді әже ақ жаулығын бетіне басып. Иә, есейіп, ер жетіп, үй-күйлі болған Сансызбай, Абай, Мамай атты үш ұлынан айырылуы үлкен соққы болғаны айтпаса да түсінікті. Бізге ананың аппақ жаулығы ана жүрегінің шексіз мейірімі мен кіршіксіз пейіліндей көрінді. Ол тарамданған қолдарын сипап қояды. Бір кезде әлдене деп күбірлегендей болды. Сөйтті де, тағы да біраз уақытқа дейін үнсіз ойланып қалды. Сол сәт жүзін торлаған әжімдер басынан өткен аумалы-төкпелі тағдырының куәсіндей болып көрінді маған.
Әрине, ғасыр жасаған әжеміздің көп нәрсені ұмытып қалғаны сөзсіз. Десе де, «менің тағы бір ұлым бар айналайын. Ол қазір Жезқазған қаласында тұрады. Ол менің әпкемнен туған. Апайым қайтыс болғанда бір жарым жаста қалған. Содан мен бауырыма басып, тәрбиеледім. Ол да менің ұлым», – деді Ұмсын әже іле тағы ойын жалғап.
Ғасыр көжесін ішуге бұйыртқан Аллаға тәубе еткен Ұмсын әжеміз немере-шөбере, немене, шөпшектерінің санын айтуды да жөн көрмеді. Бізде оны қысталамадық. Өйткені, қазақ қашаннан ұрпағын санамалауды дұрыс көрмеген. Иә, «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызыңнан құтылмайсың» дегендей, өзі де ұрпақ тәрбиесімен айналысып, зейнеткерлікке шыққалы отырған ғасыр жасаған әжеміздің қызы Мәрияш:
–Біз осы кісінің алдында мәңгілік қарыздармыз. Бүгінде осы Ұмсын анамыз бен Байдолла әкемізден тараған 26 немере, 56 шөбере бар. Құдайға шүкір, деп, осындай қос ғасырдың куәсі болған анамызбен мақтанамыз, – дейді.
Осынау бір ғасырлық ғұмырында аштықты да, соғысты да, ұжымдастыру мен тәркілеуді де көріп, ес білгеннен еңбекке араласып, жеңісті де жақындатуға бар үлесін қосқан Ұмсын әже ешқандай марапатқа ие болмаса да жасымаған. Қайта еңбекпен ерте есейіп, қатая түскен. Жақсылық пен жамандықты, бейнет пен зейнетті, қиындық пен қуанышты қатар көрген ғасыр жасаған әжемізге қарап, біз де қарттықтың ешқашан жаспен өлшенбейтініне, көңіл дегеннің қартаймайтынына көзіміз жеткендей. Айналасына шуағын түсіріп, шұғыласын шашып отырған Ұмсын әжеміз денсаулықпен немере, шөбере, неменелерінің қызығын көре беруді нәсіп етсін дейміз.
Міне, бір ғасыр ғұмыр кешкен асыл әже сол бір замандардағы қиын-қыстау кезеңде ел үшін жасаған ерен еңбектерін киноның лентасындай көз алдына елестетіп, еміс-еміс есіне түсіріп, игі істерге ізгі ниетін білдіріп отырғандай.
Біз де 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында сонау шалғайдағы елді мекеннен ғасыр жасаған ғибратты ғұмыр иесін тауып тілдескенімізге қуансақ, ғасыр иесі біздің келгенімізге баладай мәз болып, «сендер де 100 жасаңдар» деген ақ батасын берді.
Иә, ешқашан мақтау күтіп, марапат іздемеген, қандай құрметке де лайықты қазыналы қарттарым-ай. Ғасыр жасаған ғұмырыңыз баянды болсын, Ұмсын әже!

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Мәдениет ауылы,
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар