Облыс әкімі Сергей Кулагин жұмыс сапарымен Аршалы ауданында болып, Қостомар ауылында салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстарын аралап көрді.
Ең алдымен облыс әкімі Сергей Кулагин Қостомар ауылындағы жаңадан салынып жатқан фельдшерлік-акушерлік пунктінде болды. Бұл медициналық мекемеде алдағы уақытта тұрғындарға төрт медицина қызметкері мен бір акушер қызмет көрсетіп, бір ауысымда он адамды қабылдайтын болады. Аталмыш мекеме науқастарды қабылдау үшін барлық қажетті құрал-жабдықтармен, жалпы дәрігерлік жинақтармен және медициналық аппараттармен толық жабдықталады деп күтілуде. Бүгінде мұнда ішкі өңдеу және аумағын көріктендіру жұмыстары аяқталып, қажетті құрылғылар орнатылуда. Мекемеге жалпы 88 миллион 230 мың теңге көлемінде қаржы жұмсалыпты. Алдағы уақытта бұл жаңа салынған медициналық мекеме ауылдағы 446 адамға қызмет көрсететін болады.
Бұдан кейін өңір басшысы
ауылдағы 120 орынға шақталған мектеп құрылысының бүгінгі жағдайымен танысты. Осы күні аталмыш нысанда әрлеу жұмыстарымен қатар, электр желілерін орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ағымдағы жылдың тамыз айында бұл жаңадан салынған білім беру ордасы пайдалануға берілмекші. Нысан құрылысына 346 миллион теңге жұмсалған.
Аймақта бірқатар әлеуметтік нысандар іске қосылады деп күтілуде. Соның ішінде денсаулық сақтау саласына арналған 15 нысанға 4,5 миллиард теңге қарастырылған. Биыл Зеренді және Ақкөл аудандарында бір ауысымда 250 адамнан қабылдайтын 2 емхана салынбақшы. Сонымен қатар, Бурабай, Целиноград, Аршалы, Бұланды және Есіл аудандарында
6 дәрігерлік амбулатория мен жоғарыда аталған фельдшерлік-акушерлік пункті пайдалануға берілмекші.
18 білім беру нысанының құрылысына биылғы жылы республикалық және облыстық бюджеттен 3,4 миллиард теңге қаржы бөлінген. Биылғы жылы Целиноград, Бұланды, Бурабай, Ерейментау, Еңбекшілдер және Аршалы аудандарында 7 мектеп, ал Степногорск қаласы мен Ақкөл ауданында 420 орынға арналған
2 балабақша іске қосылады.
Сонымен бірге, ағымдағы жылы
41 білім беру нысанына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін республикалық және жергілікті бюджеттен 1,4 миллиард теңге қаржы бөлінді. Қазіргі уақытта бұл білім беру нысандарының 5-уінде, атап айтқанда, Көкшетау, Степногорск қалалары мен Ерейментау ауданында жұмыс толық аяқталды және Көкшетау қаласы мен Бурабай ауданындағы 4 нысанда жұмыс аяқталуға жақын. Қалған 32 нысанда жөндеу жұмыстары әлі де жалғасуда.
2015 жылы денсаулық сақтау саласының 14 нысанына (Атбасар, Бурабай, Зеренді, Сандықтау аудандары мен Көкшетау және Степногорск қалаларында) күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен 618 миллион теңге бөлінген. Қалған 3 нысан бойынша жұмыстар әлі де жүргізілуде.
«Арқа ажарының»
өз ақпараты.