Онлайн-семинардың мүмкіндігі кең

Өткен жылдың наурыз айында Мәдениет және спорт министрлігі жанынан Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті ашылған болатын.

Осы мерзім аралығында маңызды құрылым көптеген танымдық шараларымен көпшілік назарына ілігіп отыр. Бұл істің Қазақстан-Ресей шекаралық аумақтары ынтымақтастығының Көкшетауда өтетін форумы қарсаңында ауқымы кеңейе түскені құптарлық. Мәселен, елордадағы «Нұрсұлтан Назарбаев» әуежайының қызметкерлері үшін танымдық тренингтің алғашқы кезеңінде, қызмет көрсетудің халықаралық туристік стандарттарына қоса, халықтық дәстүріміздің бренді саналатын қазақстандық қонақжайлылық ерекшеліктері кеңінен насихатталды.
Қазіргі күні де елімізге келуші әрбір туристің, ең алдымен, құрметті қонақ екендігін білдіретін ауқымды шаралар қызығушылық тудыруда. Республикамызда төтенше жағдай жариялануына байланысты, университет тарапынан бұл жұмыстың тиімді тәсілдері қолданылуы туристік бизнес өкілдерінің белсенділігін ұштай түскенін айту керек. Атап айтсақ, жуырда Бурабайда өткізілген онлайн-семинарға қатысушылар қатары екі еседей өскен. Бұл орайда, Ақмола облыстық туризм қауымдастығы қашықтықтан оқыту шарасының басты модераторы болып отыр.
Семинарға қатысушыларды облыстық туризм қауымдастығының төрағасы Ш.Батырханов пен университет ректоры М.Мырзамадиев құттықтап, Алматының жетекші компаниясы «Инсайд тревел» (директоры Е.Тикенов) ұйымдастырған шараның табысты өтуіне тілектестік білдірді.
«Цифрлық маркетинг тетіктері және туристерді орналастыру қызметі» тақырыбы бойынша өткен тренинг қатысушылары екі күн бойы өңірлік бизнес өрісі туралы толыққанды мағлұмат алып, туристік индустрияны дамытуға бағытталған ой-пікірлерімен бөлісті. Бурабай алаңында ІТ-технология мүмкіндіктері кеңінен ашып көрсетілген алғашқы онлайн-семинарда мұндай интернет платформаның туристік өнімдерді молайтудағы артықшылықтары атап көрсетілді.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар