Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлағат - АРҚА АЖАРЫ

Ұлағат

Атбасардан шыққан алғашқы ұстаз

Жиырмасыншы ғасырдың басында Атбасар, Есіл өңірлерінде халық ағартушылық саласында айтарлықтай із қалдырып, бала оқытуда ұлағатты ұстаз атанған Жабағы Қаржасбаев туралы музейде қалған мұрағаттардан басқа дерек жоқтың қасы. Еліне еңбегі сіңген асыл азамат жайында бүгінгі ұрпақ біліп, қанықсын деген оймен қолымызға қалам алдық.

Жабағы Қаржасбайұлы Атбасар уезінің 15-ші ауылында 1892 жылы дүниеге келген. Әкесі Қаржасбай Бегімбайұлы азын-аулақ малы бар және жер жыртып, егін еккен шаруақор адам болыпты. Он саусағынан өнер тамған шеберлігімен ауыл аймағына танымал екен. Етікшілікпен де айналысыпты. Тұрмысқа пайдаланатын арбаларды құрастырып, жөндеп, ісмерлікпен айналысады екен.
Қаржасбай 7 жасқа, қарындасы 5 жасқа келгенде әкесі Бегімбай ауырып қайтыс болады. Анасы Қалифа екі баласымен жиырма бес жасында жесір қалады. Қаржасбай он тоғыз жасында руы қарауыл Бөкенас деген кісінің қызы Фатимаға үйленеді. «Осы қара келінім келген соң өміріміз гүлденді» дейтін анамыз Қалифа» деп жазады Ж.Қаржасбаев.
1898 жылы әкесі Жабағыны алты жасқа келгенде Бейсенбай деген кісіге хат танысын деп оқуға береді. Кейін Жабағы есейе келе, Хасен Үсенов деген мұғалімнен «Төте оқу» әдісі бойынша дәріс алады. Хасен ауылға ақ шатыр тігіп, жиырма бес баланың бойына білім нәрін сіңдіреді. Ұстазы бір жаққа кеткенде іштеріндегі ересегі болған соң балаларды Жабағы оқытыпты. «Сен зейінді баласың. Оқысаң аталарың Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсариннің армандарын орындауға атсалысар едің. Олар қазақты басқа елдің қатарына қосуға арман еткен» деп ұстазы Хасен жиі айтады екен. Жабағы бала оқытып, ауыл-аймағына жақсы мұғалім деген атағы жайыла бастайды. Атбасарда маусым айында жәрмеңке басталғанда оған есеп-қисап білетін жастар керек болады. Саудагерлер жаза білетін тұрғындарды жұмысқа алады. Осы кезде оқудың қажет екені анық байқалады. Осыдан болар, жергілікті қазақтар балаларының есеп-қисапты, жазуды үйренуіне көңіл бөліп, оқуға бере бастайды.
«1905 жылы патшалық Ресейдің мемлекеттік Думасы шақырылып, онда «Хұддрият» жарияланғаннан кейін уездік қала Көкшетауда «Серке» атты қазақ-татар тілінде газет шығады. Мен оның оқушысы болдым. Өзім оқып қана қоймай, ондағы қозғалған көкейкесті мәселелерді кедей шаруаларға, жалшы малшыларға оқып беріп жүрдім» деп есіне алады Ж.Қаржасбаев. Қазан төңкерісінде ол белгілі революционер Әділбек Майкөтовтың сенімді серігі, үгітшісі болады. Ә.Майкөтов жастармен жиі кездесіп тұрыпты. Оның жетекшілігімен С.Көбеевтің «Қалың мал» романы бойынша алғаш рет Атбасарда сахналық қойылым ұйымдастырылады. Ғайшаның бейнесін Әділбектің әйелі сомдайды. Осы қойылымға Жабағы да қатысады. «Әділбек Майкөтов ғажап адам еді. Кісіге өте үйір. Адам жанын түсіне, сезіне біледі. Мені ұстаздық жолына меңзеген, ақыл-кеңесін берген сол ағамыз еді» деп жазады Ж.Қаржасбаев.
Кеңес үкіметі орнаған соң 1925 жылы 110 үйлі тұрғыны бар Қаражар ауылында бөренеден мектеп ғимаратын салуға басшылық жасайды. 1926-1927 жылдары білім ордасы ашылып оқушылар қабылдайды. «Ұстаз болу үшін, ең алдымен баланы сүйе білу керек. Мұнсыз ұстаз болу мүмкін емес» дейді Жабағы Қаржасбайұлы. Осы мектептен тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Аяп Нұрқанов, Торғай облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Социалистік Еңбек Ері Сақан Құсайынов, тау-кен инженері Кенжеболат Сәдуов, Орман шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары болған Ақтан Төлеубаев, республикаға еңбегі сіңген дәрігерлер Ғаббас Шамаев, Садық Табынбаев, қоғам қайраткері Роза Шамжанова және тағы басқа елге танымал тұлғалар білім алады. Осы аты аталған азаматтардың бәрі Жабағы Қаржасбайұлының шәкірттері еді.
1931-1932 жылдары Ж.Қаржасбаев Алматыға барады. Облононың жолдамасымен Қарақастек, Еңбекшіқазақ аудандарында жетіжылдық және орта мектептерде мұғалім болады. Аудандық оқу бөлімінің аппаратында қызмет жасайды. 1935-1938 жылдары ҚазПИ-дің дайындық курсында оқиды. 1939-1940 оқу жылында Қарағанды қаласында он жылдық орта мектепте еңбек етеді. Кейін Алматыға қайтып келіп мұғалімдер институтын бітіреді. Бес ай милиция мектебінде сабақ береді. 1947-1953 жылдары педагогика ғылымдарының ғылыми-зерттеу институтына ауысып, аға ғылыми қызметкер болады. Сол жылдары бастауыш кластарға қазақ тілінде «Жазу үлгісі», «Диктанттар жинағы», «Мазмұндамалар жинағы», «Бастауыш мектепте көркем жазу» сияқты бірнеше әдістемелік құралдарын жазады. «Әліппе» оқулығының авторларының бірі атанады. Жарты ғасырдан астам ағартушылық салада еңбек еткен
Ж.Қаржасбаев «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Қазақ ССР-нің Еңбек сіңірген мұғалімі» құрметті атақтарына ие болады.
Ж.Қаржасбаевтың отбасына келетін болсақ, екі рет үйленіпті. Алғашқы әйелі Шәутік Құдабаева ауырып қайтыс болады. Екінші рет Сара Шойбековамен шаңырақ көтереді. Сарамен он жеті жыл тату-тәтті ғұмыр кешеді. Шәкірттеріне саналы білім беруде ұлағатты ұстаз атанған Жабағы Қаржасбаев 1968 жылы дүниеден өтеді.
Ж.Қаржасбаевтың ұрпақтары бар ма деп іздеу салған едім. Соңынан ерген төрт қызы бар екен. Солардың бірі Алматыда тұратын Рауза апамызбен телефон арқылы хабарласып тұрамын. 2008 жылы ұрпақтары Ж.Қаржасбаевтың қайтыс болғанына қырық жыл толғанда рухына бағыштап «Еңбек мұраты» деген кітап шығарды. Сол кітаптың екі данасын маған пошта арқылы салып жіберіпті. Бірінші әйелі Шәутіктен Әсия, екінші әйелі Сарадан Әлия, Рауза, Алтын есімді қыздары дүниеге келеді. Үлкен қызы Әсия қыздар педагогикалық институтын бітіріп, ауылда ұзақ жылдар мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры қызметтерін атқарады. Қордай ауданының атқару комитетінің төрайымы қызметінен зейнеткерлікке шығады. Әлия мектепті алтын медальмен бітіріп, Алматы медициналық институтына түседі. Жоғары оқу орнын бітірген соң Теміртау қаласында «Қазақстан Магниткасы» деп аталатын медициналық орталықта дәрігер болып еңбек етеді. «Совет үкіметінің үздік дәрігері» төс белгісінің иегері атанады. Рауза Жабағықызы ҚазМУ-ді бітіріп, химия пәнінен мектепте мұғалім болады, кейін әке жолын қуып, Ы.Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институтында аспирантурада оқиды. Ғылыми жұмыстармен айналысады. «Атамұра» корпорациясында жетекші редактор болып еңбек етеді. «Білім беру ісінің үздігі», Білім министрлігінің құрмет грамотасының иегері. Кенжесі Алтын Алматы технология институтын тәмамдаған. Ұзақ жылдар метролог болып жұмыс істейді. «Метрология ісіне еңбегі сіңген қызметкер» деген атақ берілген. Ж.Қаржасбаевтың ұрпақтары халқына қалтқысыз еңбек етті. Әке абыройын асқақтатты.
«Біз әке-шешеден жастай қалдық. 1963 жылы анамыз қатерлі ісік ауруынан қайтқанда, Әлия 15-те, мен 13-те, Алтын 9-да еді. Бұл уақытта әкеміз 71 жаста болатын. Содан біздің тәрбиеміз толық әкеміздің қолында болды. Мектепке барарда үшеуміздің шашымызды өріп беретін. Үйге келгенде асымызды дайындап қоятын. Бізді ойын-сауыққа жібермейтін. Киноға да бармайтынбыз. Барлық күшімізді оқуға салып, соның жемісін көрдік. Бес жылдан кейін әкемізден айрылып қалдық. Ол кісі қайтыс болғанда Әлия екінші курстың, мен бірінші курстың студентімін. Алтын 14 жаста жетінші класта оқитын» деп Рауза Жабағықызы ата-анасын сағына есіне алады.
Иә, өңірімізден шыққан тұңғыш ұстаз, ағартушы Ж.Қаржасбаевтың жас ұрпаққа тәрбие берудегі сіңірген еңбегі зор. Осы орайда, Атбасар қаласының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында бір мектепке есімі берілсе, өңірімізден шыққан ұлағатты ұстазға лайықты құрмет болар еді.
P.S. Деректер мен суреттер Рауза Жабағықызының «Еңбек мұраты» кітабынан алынды.
Темірбек ҚАСЫМЖАНОВ,
Атбасар тарихи-өлкетану музейінің қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар