Еріктілер қозғалысы өрістеп келеді

Биылғы 2020 жыл – Волонтер жылы екені баршамызға белгілі. Сол себептен еріктілермен көптеген іс-шараларды өткізу көзделіп отыр. Волонтерлердің қызметі, мейірімді істері әрқашан халықтың жағдайын жақсарту мен олардың жүректеріне адамгершілік қасиеттерін ұялату мақсатында жасалатын дүние. Сол себептен, волонтерлердің игі істерінің мемлекетімізге тигізер пайдасы зор.

Мемлекет басшысы өзінің бір сөзінде: «Мен әрқашан волонтерлердің қозғалысын қолдаймын. Волонтерлер – жаны таза адамдар. Олар – елдің шынайы патриоты, сол үшін де оларға деген құрметім шексіз. Олардың азаматтық ұстанымдары мемлекеттің дамуына айтарлықтай септігін тигізетіні сөзсіз», деген еді.
Биыл Волонтер жылы аясында 7 жалпы ұлттық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Айталық, волонтерлікті одан әрі дамыту үшін «Білім», «Сабақтастық», «Саулық», «Таза әлем», «Асыл мұра», «Қамқор» және «Үміт» атты жобалар іске асырылатын болады. Аталмыш жобалар арқылы 420-ға жуық шағын грантқа қолдау көрсетілмекші. Осыған байланысты, осы бағыттарды қамтитын еліміздің әр өңірлерінде волонтерлерді қолдау орталықтары ашылуда. Солардың ішінде біздің облысымыз да тыс қалған жоқ. Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен облыстық волонтерлерді қолдау орталығы ашылды. Орталықта әр бағытқа байланысты арнайы кеңес беретін үйлестірушілер қызмет етеді. Сонымен қатар, өңір басшысы ресми түрде волонтерлердің қатарына еніп, qazvoluntuur.kz сайтына тіркелді.
Жыл басынан бері облыс бойынша волонтерлермен көптеген игі істер жүзеге асырылды. Әсіресе, ауа райының қолайсыздығына байланысты боранды күндері тас жолдардың жабылу себебінен көліктерді құтқару мақсатында өңіріміздің волонтерлері өз көмектерін аянбай жұмсады. Мәселен, Целиноград, Атбасар, Ерейментау аудандары тәрізді бірқатар өңірлерде волонтерлер ерекше көзге түсті. Сондай-ақ,  өңірлік волонтерлар және Ақмола облысының жастар-ресурстық орталығымен бірлесіп, инфекцияның таралуына байланысты үйден шықпаулары үшін 300-ден астам үйді аралап, денсаулық жағдайына байланысты есепте тұрған адамдарға қажетті дәрі-дәрмектерді жеткізді.
Коронавирустық инфекция бойынша әлемдегі жағдайға байланысты Қазақстан Республикасында халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етудің және жұқпалы аурудың таралуының алдын алу шаралары қолға алынды. Осыған орай, Ақмола облысының жастар ресурстық орталығы және Көкшетау қаласының волонтерлері тұрғындардың денсаулығын қауіпті инфекциядан қорғау үшін сауда үйлерінде ақпараттық жұмыстар жүргізді. Қала тұрғындарына вирустың алдын алу шаралары туралы жадынама таратылды.
Сонымен қатар, волонтерлер көп балалы және аз қамтылған отбасыларға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, қаламыздың барлық аумағында тұратын жалғызбасты зейнеткерлерге материалдық көмек көрсетті. Карантин басталғалы облыстық волонтерлерді қолдау орталығының мүшелері 200-ге жуық денсаулығында кемістігі бар жалғыз басты қарттарды, көп балалы және жағдайлары нашар отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз етті. Қазіргі кезде медициналық маска тігіп, тұрғындарға тегін таратуда. Солардың ішінде Целиноград, Бұланды аудандары және Көкшетау қаласының волонтерлері ерекше көзге түсті. «Лидер кз», «Рахат» және тағы да көптеген волонтерлік ұйымдар облыстық жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, «Біз біргеміз» акциясы шеңберінде игі істердің жүзеге асырылуына атсалысуда.
Жеңіс БАЛҒАБЕКОВ,
Ақмола облыстық жастар ресурстық орталығының
маманы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар