Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көктемгі су тасқыны бойынша жағдай қалыпты - АРҚА АЖАРЫ

Көктемгі су тасқыны бойынша жағдай қалыпты

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Алексей Советов өңірдегі көлдер мен өзендерде су деңгейінің қалыпты мөлшерде екендігі, сондай-ақ, орман мен дала өртінің алдын алу жұмыстары жөнінде баяндап берді.

Жыл сайын су тасқыны қаупін тудыратын Сілеті, Шағалалы, Қылшақты, Есіл, Қалқұтан мен Жабай өзендерінде бүгінгі жағдай тұрақты. Биылғы жылдың 12 наурызында су тасқынына қарсы облыстық штаб құрылып, дайындық жұмысы жүргізілген. Бұл жұмысқа 2410 адам, 1058 техника, 60 қайық, 254 мотопомпа тартылыпты. Басты назар Астрахан, Атбасар, Аршалы, Целиноград аудандарына аударылған екен. Мұз жару жұмысы Қопа көлі мен Есіл, Нұра, Қалқұтан, Жабай, Боқсық, Талқара, Сарқырама өзендерінде жүргізіліпті. Су тасқынынан зардап шеккендерді қабылдау үшін 222 нысан және 70 резервтік бекет дайындалыпты.
–Биылғы жылдың 17 наурызына қараған түні Көкшетау қаласы ішінен ағып өтетін Қылшақты өзеніндегі су деңгейінің күрт көтерілуіне байланысты автокөлік көпірі маңындағы 183 тұрғын үй мен № 8 және №12 орта мектептерді, сондай-ақ, 6 сәуірде Есіл ауданы аумағында ағатын Жаныспай өзеніндегі су деңгейінің күрт жоғарылауынан Московский ауылындағы тұрғын үйлер мен мал қораларын су басып қала жаздады. Сандықтау ауданының Жабай өзеніндегі су деңгейі арнасынан асып, Балкашино селосындағы 2 үйдің ауласын су алды. Осы өзендегі судың көтерілуінен Атбасар қаласының тұрғын үйлерін су басу қаупі туындады. Мұндай жағдай ағымдағы жылдың 14 сәуірінде Астрахан ауданында да орын алды. Тек жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдай саласы қызметкерлерінің жедел іс-қимылының арқасында ғана облыс аумағындағы тұрғын үйлер су басудан аман қалды,–деген Алексей Советов өрт қаупі туындайтын көктемгі және жазғы кезеңде орман, дала өрттерінің алдын алу шаралары жөнінде де айтып берді. Өңір ормандарында әзірге бір орман өрті мен даладағы қураған шөптің жануының 6 оқиғасы тіркелген.
–Дала өртін сөндіру әкімдіктердің мойнына жүктелді. 6 сәуірде өрт қаупі бар маусым басталды. Сәуір айының екінші онкүндігінде төтенше жағдай жөніндегі облыстық комиссияның отырысын өткізу жоспарланған. 24 ақпанда облыс әкімінің бастамасымен орман мен дала өртін ескерту және сөндіру жөнінде облыстық жұмыс тобы құрылған болатын. Рас, еліміздегі карантинге байланысты оқу-жаттығу өткізілмеді. Дегенмен, өрт оқиғасы туындай қалған кезде төтенше жағдай департаменті құрылымдары мен әскери бөлім, тұрғындармен бірлесе қимылдау нұсқауы бекітілді. 25 орман өрті станциясы, 42 өрт қадағалау мұнарасы, 1382 радиостанция, 59 өрт сөндіретін автокөлік, 130 арнайы трактор, 793 су шашқыш, 71 өрт мотопомпасы тәрізді өзге де қажетті құралдар дайындалды. Облыста өртке қарсы 1141 мүшесі бар 208 ерікті құрылым жұмыс істейді. Олар 53 өрт техникасымен және 70 мотопомпамен жабдықталған. Бүгінгі күні 28 бекет құрылды. Орман шаруашылықтарындағы өрт қадағалау мұнаралары мен бекеттерінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Орман алқаптары сондай-ақ, Ақмола, Бурабай және Көкшетау авиатоптарының күшімен орман бақыланады,–деді Алексей Советов өз сөзінде.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар