12 мамыр күні Халықаралық медициналық мейіргерлер күні аталып өтті.
Осы бір ауыр да қауырт күндері мейіргерлер дәрігерлермен қатар, коронавирус инфекциясымен күресуде алдыңғы қатарда тұр. Олар медицина қызметкерлері санатының ең көп санын құрайды. Бұл мамандық денсаулық сақтау жүйесінің маңызды да ажырамас бөлігіне айналды. Медициналық қызмет көрсетудің тиімділігі мен сапасы, көп жағдайда мейіргерлердің ұтымды қызметіне байланысты.
Сіздер таңдап алған мамандық – парасаттылықтың нышаны, гуманизмнің шынайы белгісі. Сіздерді шын мәнісінде мейірімділіктің елшісі деп атайды.
Ақмола облысында тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін 47 медициналық ұйым көрсетеді, оларда 4729 медициналық мейіргерлер жұмыс істеуде. Олардың ота жасау бөлімшесіндегі үйлесімді жұмысына, «жедел жәрдем» бригадасының құрамында адам өмірін сақтап қалу, босандыру бөлімшесінде ана мен сәбиге деген қамқорлық, стационарда ауруларға күтім көрсету сияқты күнделікті еңбегіне баға жетпейді.
Қай уақытта болсын, осы мамандықтың өкілдері өздерінің қарапайымдылықтарымен ерекшеленуде. Қазір пандемия індетімен күресуде де алдыңғы қатарда жүрсіздер.
Осы бір атаулы күнге орай, шынайы құттықтауымды қабыл алыңыздар. Сіздерге және сіздердің жақын туыстарыңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, баянды бақыт, отбасылық береке тілеймін.