Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жалқаулықтан қалай құтылуға болады?.. - АРҚА АЖАРЫ

Жалқаулықтан қалай құтылуға болады?..

Жалқаулық деген қасиет барлық адамдарда бар. Біреуде ол көбірек көрінсе, енді біреулерде онша біліне қоймайды. Көзге ұрып көрініп тұрған жалқаулыққа қарап ондай адамның жалқау екендігін жұрттың бәрі біледі. Ал, сырт көзге байқала қоймайтын мұндай қасиеті барлар бір қарағанда еңбекқор жан сияқты көрінеді. Дегенмен, уақыт өте келе бойындағы жалқаулық қасиетті тізгіндемесе, ол адамның да жалқаулар қатарына оп-оңай қосылары анық.

Жалқаулық – дерт

Иә, жалқаулық деген кәдімгі адамдарға жиі тиетін тұмау сияқты аурудың бір түрі. Оның тымаудан өзгешелігі – тұмау адам ағзасы әлсіреген кезде күш алып, дәрінің көмегімен уақыт өте келе жазылады. Ал, жалқаулық  адам бойындағы ерік күші азайғанда көрініс табады да, бірақ оны ешқандай дәрінің күшімен емдей алмайсыз.
Жалқаулықтан көп адам зардап шегіп жатады. Ондай жанның жұмысында береке болмайды. Жалқау адамды әріптестері де, басшылық та сыйламайды. Ондай адам отбасында да жағымды бола қоймайды. Бір сөзбен айтқанда, жалқау адам қай жерде де сүйкімсіз және жұмысы алға жылжымағандықтан, күнкөрісі де жақсы болмайды.
Жолдамамен барып бұрынғы Торғай облысында редакцияда қызмет етіп жүрген кезімде жатақханада бір кісімен бірге тұрдым. Жасы сол тұста елулерге келген әлгі кісі өте жалқау болды. Мен жұмысқа кетемін, ол ұйықтап жатады. Түске қарай редакцияға келеді. Бірге барып асханадан тамақ ішеміз. Ақшасын мен төлеймін. Тамағын тойдырып алған ол жатақханаға қайтады. Содан кешке дейін жатады.
Ол  кентке іргелес жатқан кеңшарда бапкер болып істейтін. Бұрын күреспен айналысыпты, спорттық дәрежесі де бар. Оған жас жігіттер келіп жаттығу жасайық деп ұсыныс айтып жүрді. Бірақ жалқаулыққа салынған ол өз міндетін мүлдем дерлік орындамайтын. Содан бір күні оны кеңшар парторгы жұмыстан шығарып жіберді. Осыдан кейін ол қаңғыбастыққа салынды. Тамыр-таныс-
тарын сағалап солардың есебінен тамақ, арақ ішіп, сонымен жан бақты. Ал, еліміз нарыққа көшкен 90-шы жылдарда  күнкөрістік жұмысы жоқ ол қатты қиындықтар көрді. Ақырында аурудан, бәлкім аштықтан болар, қайтыс болды. Міне, жалқаулықтың адамға әкелер игілігі осындай.

Жалқаулықтан құтылғыңыз келсе, ерте тұрып үйреніңіз

Жалқаулық аурудан жазылу да оңай шаруа емес. Оны емдейтін әлемде бір де бір медициналық мекеме жоқ. «Суға кеткендерді құтқару, суға кетушілердің өз ісі» дегендей, жалқаулықтан жазылу – әркімнің өз шаруасы. Сондықтан, жалқаулық сияқты жазылмас дерті бар адам өзін-өзі емдеуіне тура келеді.
Жалқаулықтан арылудың ең алғашқы және сенімді қадамы – ерте тұру. Иә, ұйқыдан ерте тұрып үйренсеңіз, жалқаулық дертінің жартысын жеңдім деуге болады. Ерте тұратын адам әдетте ұйқыға да ертерек жатады. Жалқау адамдар әдетте түнімен теледидар көріп, түске дейін ұйықтайды.
Қазақ «ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің жұмысы артық» дейді. Ерте оянған адам күнұзақ өзін сергек сезінеді. Ерте тұрған соң жұрт ұйықтап жатқанда қалғып-шұлғып бос отырмайтыныңыз белгілі. Яғни, пайдалы бір шаруамен айналысу қажет болады. Ол бәлкім кітап оқу бола ма немесе таза ауаға шығып жүгіру, дене жаттығуын жасау бола ма, әйтпесе, тіпті теледидардан түрлі пайдалы ақпараттар алу бола ма – әйтеуір өзіңізге пайда әкелетін іс болғаны дұрыс.
Таңертең жасаған шаруаңыз өнімді ғана емес, сапалы да болады. Алған пайдалы ақпараттарыңыз санаңызда берік сақталып қалады. Дене жаттығуын жасасаңыз денсаулығыңыз нығаяды, сергек боласыз. Ал, сергек адамның жұмыс қабілеті де жоғары болмақ. Осылайша сіз ақырындап жалқаулықтан арылып, пайдалы істермен айналысып, өзіңізге де, айналаңызға да пайдаңызды тигізіп, жұртқа сүйкімді бола бастайсыз.

Түйін: егер сіздің бойыңызда жалқаулық атты дерт болса, одан құтылудың ең сенімді және алғашқы қадамын жасаңыз, яғни, ұйқыдан ерте тұруды дағдыға айналдырыңыз. Жалқаулықтан құтылдың ең сенімді де, тиімді тәсілі осы. Байқап көріңіз, бәлкім  бұл тәсілдің сізге де көмегі тиіп қалар.

Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар