Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Шағым көп, мәселе оң шешілмек - АРҚА АЖАРЫ

Шағым көп, мәселе оң шешілмек

 «Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық филиалында облыс прокуроры Мұратбек Исадилов  азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

  Қабылдауға келген Жанар Нұрмағамбетова  бастаған бір топ қала тұрғыны Аягүл Қасымова есімді азаматшаның алаяқтығының әшкереленбей жатқандығына  налиды. Ол «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы арқылы  нарықтық құнынан арзан бағаға үй алып беремін деп талай тұрғынды алдапты. Сан соғып қалғандар  алаяқтың бұрын істі болған Руслан Байғабыловпен бірігіп, жұртты жаппай алдап жүргендігін
айтады. «Қолжетімді  баспана – 2020» бағдарламасымен арзан, әрі кезектен тыс үйлі болғысы келгендер  қарызға батып, оған қолындағы бар қаражаттарын қосып бере салған. Енді сол ақшаларын қайтара алмай жүр.  Өтініш иелері заңды белден басқандарға қатысты қалалық ішкі істер басқармасы қозғаған істің алға жылжымай жатқандығына наразы. Қала тұрғыны Зинаида Козлова да айлакерлердің құрығында қалған туысының жоғын жоқтап келді. Олардың риэлторлық компания арқылы алған үйінің төрт жылдан кейін басқа қожайыны  пайда болған. Сөйтсе, қулығын асыра білген Гаврилова есімді азаматша әлгі үй иесінің атынан жалған құжаттар жасапты. Бірақ, үйді алу процесі заң бойынша жүргенімен, не әділет органдары, не нотариус әлгі жеке куәліктің түпнұсқа еместігін байқамаған. Нөмірінің бәрін дәл сондай етіп, тек өз суретін қоя салған оның шын қожайынмен де, әлгі тіркеуді рәсімдеушілермен де байланысы болуы мүмкін деген болжамды алға тартады шағымданушы.
Ал, Сағадат Нұрмағанов үйіндегі жарықтың жиі өшіріле беретіндігін түсінбей дал. Оның құқық қорғау органдарына жазған хаттары жауапсыз қалыпты. Прокурордан әділдік сұрай келген Абай көшесіндегі 132-інші үйде тұратын  Гүлжан Сайранбаева сот шешімімен келіспейді. Ол үйінің дәл астында орналасқан «Олжа» дәмханасынан естілетін у-шу өз алдына, темекі, түтін мен кәуәптің иісінің қолқаны жаратынын айтады. Екінші қабатта тұратын оның үйі ыстанып кетеді екен. Өзінен онкологиялық ауру белгілерінің байқалатынын айтқан азаматша тұрғындардың тыныштығын бұзған сыраханаға қатысты бейтарап шешімнің қабылданғанын қалайды.
Зерендіде бұдан екі жыл бұрын жоғалған жылқылардың дауы әлі бітер емес. Партияға келген  Сан-Сабила Ермұқанова, Балжан Бәкішевалар  аталған іске бір нүктенің қойылар сәтін күтіп жүр. Ал, мемлекеттік сатып алулар бойынша лотты ұтып алған Александр Сахаровқа шаруашылық жүргізу құқығындағы «Термотранзит» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тиесілі қаражатты аударар емес. Осындай сан қилы саланы қамтитын тұрғындардың талап-тілектерін мұқият тыңдаған облыс прокуроры Мұратбек Исадилов  әр өтінішті өзінің жеке бақылауына алатындығын жеткізіп, барлығына да заң шеңберінде  жауап берілетіндігін атап көрсетті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар