Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлы Жеңіс – 75 - АРҚА АЖАРЫ

Ұлы Жеңіс – 75

Ұлы Жеңіске Шамай батырдың ұрпақтары да үлес қосты

Соғыс жылдарының ауыртпалығы Сандықтау ауданының жұртшылығына да оңайға түскен жоқ. Қаршадай баладан еңкейген қарияға дейін Отанын қорғауға ұмтылды. Солардың арасында бұрынғы Қараадыр ауылында тұрған Досмұқан атаның ұлдары Айдархан мен Найман ағалар да болды.

Айдархан ағамыз 1909 жылы дүниеге келген. Еңбек жолын 1932 жылы пошташы болып бастады. Кейін трактор-егіс бригадасының бригадирі болып жүрген кезінде коммунистік партия қатарына қабылданды. 1934 жылы Ақмола қаласындағы жоғары партия мектебіне оқуға жіберіледі. Оны бітіргеннен кейін Жаңаарқа ауданындағы машина-трактор станциясының директоры болды.
Ұлы Отан соғысы басталған жылы Айдархан ағамыз майданға аттанды. Сталинград қаласын жаудан азат еткеннен кейін Воронеж майданында соғысты. Ағамыз Калинин майданының 143 танк бригадасының 1 батальонында парторг болды. Майданда талай ерліктердің үлгісін көрсетіп, екі «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін» және «Сталинградты қорғағаны үшін» медальдарымен марапатталды. Рота командирі Колганов өз марапаттау құжатында: «1944 жылдың 23 шілдесінде Уенвитани деревнясының тұсында неміс басқыншыларымен болған ұрыс алдында Айдархан Досмұханов взводтағы сарбаздарды дұрыс таңдап орналастырды. Өзі шабуылға шығып, неміс унтер-офицерінің көзін жойды. «Ерлігі үшін» медалімен марапатталуға лайық» – деп атап көрсеткен екен. Ағамыз 1945 жылы аға лейтенант шенінде соғысты Чехославакияда аяқтады.
Елге аман-есен оралған Айдархан ағамыз еңбек майданында да абыройлы болды. Астрахан ауданының Новочеркасск машина-трактор станциясының, Қорғалжын ауданындағы «Дружба» кеңшары мен Балкашин ауданының Барақкөл астық қабылдау кәсіпорнының директоры қызметін жемісті атқарды. Кейін зейнеткерлікке шыққанға дейін Қарағанды облысындағы С.Сейфуллин атындағы кеңшарды басқарды. Абыройлы еңбегі үшін Ленин орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі мен Министрлер Кеңесінің Грамоталарымен марапатталды. Республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер атанды. «Коммунистік партия қатарында 50 жыл» төсбелгісімен марапатталды. Шешеміз Бәтима апай екеуі он бір бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінгі күні балаларынан тараған 32 немересі мен 33 шөбересі еліміздің игілігі үшін еңбек етуде. Олардың арасында ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, теміржол саласының мамандары бар. Немересі Руслан теміржол саласында жемісті еңбек етіп, «Қазтранстелеком» торабын басқарып отыр.
Досмұқан атамыздың екінші ұлы Найман аға 1925 жылы дүниеге келген. Майданға 1942 жылы аттанып, елге 1949 жылы оралды. Елімізді жапон милитаристерінен қорғауға қатысып, «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен марапатталды. Елге оралғаннан кейін ауыл шаруашылығы саласында механизатор, жүргізуші болды. Осы күні балалары ел игілігі үшін еңбек етуде. Жомарт ішкі істер органында қызмет атқарды. Қазір еңбегінің зейнетін көруде. Ағамыздың немерелері де еліміздің экономикасына өз үлестерін қосып жүрген жандар.
Ағаларымыз қан майданда өздерінің бабалары ағайынды Арлан мен Шамай батырлардың Отан қорғаудағы ерлігін үлгі-өнеге тұтты. Ел Кенесары Қасымовтың қосынында болып, ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан қос батыр жөніндегі аңыздарды жиі айтып отыратын. Біз Жеңіс үшін жаумен айқасқан аға ұрпаққа да, басын ажалға тігіп мәңгілікке көз жұмған асыл ағаларымыз бен апаларымыздың рухы алдында да мәңгі қарыздармыз. Өскелең ұрпақ осыны естен шығармаса екен.

Бауыржан ДОСМҰҚАНОВ.
Атбасар қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар