Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Автобус аз. Жолаушы көп - АРҚА АЖАРЫ

Автобус аз. Жолаушы көп

Көкшетау қаласындағы қазіргі жолуашы тасымалындағы шектеулер індеттің екінші толқынын алып келуге себепші болып жүрмесін

Елімізде төтенше жағдай алынды, бірақ, карантин режимі әлі де сақталуда. Осыған орай, карантин талаптарын жеңілдетудің үшінші кезеңінде қалаішілік қоғамдық көліктер іске қосылды. Олардың жұмысына, жүріп-тұруларына да тиісті талаптардың бары анық. Дегенмен, редакциямызға келіп түскен өтініштерде Көкшетау қаласының ішінде жүріп жатқан автобустарда ешқандай шектеулер, белгілі бір тәртіп, талаптар жоқ екендігі мәлім болды. Осыған орай, қаладағы көлік құралдарындағы санитарлық ережелердің қаншалықты сақталатындығын анықтау үшін рейд жасадық.

Көкшетау қаласында жүріп жатқан қоғамдық көліктердің жаңаларында төлемақы жүргізу үшін арнайы валидатор құрылғылары бар. Ал, ескі көлік құралдарында мұндай құрылғының орнына кассалық аппараттар қолданылады. Осы кассалық аппараттармен кондукторлардың кейбірі ешбір қолғапсыз, не бір антисептик қолданбай, енді бірі тіпті маска да кимей жолаушыларға жақындап, олардың төлем карталарын алып, қолымен ұстап, төлем жүргізеді. Көліктің ішін үзіліс кезінде зарарсыздандыру былай тұрсын, жолаушылардың көңілдері толмай, өздерінің тарапына жасап жатқан ескертулерді де ескермейді.
–Қаншама уақыттан бері қоғамдық көліктердің жүрмегені әрине қиындықтар туғызды. Іске қосылғанына қуандық, бірақ, санитарлық талаптар сақтала бермейді. Мәселен, кассалық аппараттарға карталарымызды өзіміз қойып, төлем жүргізуіміз керек, алайда, біздің кондукторлар олай жасамайды. Біз олардың аппараттарын тартып алатындай карталарымызды қолдарына ұстап төлем жүргізеді. Және бір айта кетерлігі, көліктерді көп күтеміз. Оның себебін де түсінеміз. Дегенмен, кішкене «Пазиктер» өз алдына, үлкен автобустардың өзіне адамдар лық толып, сыймай кетеді. Әлеуметтік арақашықтық сақталмайды, кей адамдар мүлдем маскі тақпайды, – деп өзінің ренішін білдірді красноярлық Гүлім Мұратқызы.
Шынымен де, карантин режимі жеңілдетілді деген соң, көп адамдар маска тақпай жүр. Олар далада жалғыз жүрсең, маскі кимеуге болады деген ережені дұрыс түсінбеген тәрізді. Мысалы, егер де адамдар көшеге, не болмаса қала сыртына бір өздері ғана шықса, онда маска кимесін, бірақ та, адамдар көп шоғырланатын, яки, қоғамдық көліктерге отыратын болса, онда маска таққандары абзал.
«Көкшетау автобус паркі» ЖШС-нің №5 маршруты «Сарыарқа -№20 мектеп» бағыты бойынша жұма күні таңертеңгі сағат 08:50 де шықты. Мен «Сырымбет» аялдамасынан отырдым. Әлеуметтік арақашықтық қайдам, «Сырымбет» аялдамасынан-ақ автобустың ішінде ине шаншар жер болмады. Осылайша Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне дейін толы келді. Жаңа автобус болғандықтан, ішінде валидатор құрылғысы орнатылған. Бірақ, қолына қолғап кимеген кондуктор жолаушыларға өзі жақындап, кассалық аппарат арқылы төлем жүргізе бастады. Жаңа көліктердің төлем жүргізуге арналған құралдары орнатылған болса, кондукторлар қажет емес деген мәселе сонда қайда қалды?! Егер сенбейтін болса, олар тек жолаушылардың валидатор арқылы төлем жүргізулерін қадағалап тұрсын.
№10 автобустар да осылайша күн сайын «Аққу-Сарыарқа» бағыты бойынша таңертең лық толып жүреді. Сарыарқа шағын ауданында құрылыс көптеп жүргізіліп жатқаннан және осы көлік қаланың орталығымен өткеннен кейін болар, таңертең үздіксіз жүріп тұрады. Адамдар көп күтіп, жиылып қалмайды. Ал, №1, №5, №3, №6, №8, №2 қоғамдық көліктерінің кейбірі үлкен жаңа автобустар болса да, күніне 3-4 автобус шығады. Көліктердің аралық уақыты көп болғандықтан, адамдар күткенде көптеп жиналып қалады.
Балаларымды балабақшалар толық ашылмаған соң, Сарыарқа шағын ауданында тұратын ата-енемізге апарамыз. №10 автобусқа халық көп мінетіндіктен және адамдардың барлығы бірдей маскакимейтіндіктен, бірнеше күн қатарынан такси қызметіне жүгінуге тура келді. Жұмысқа келе жатып, қоғамдық көлікте отырып, маска тақпаған бір-екі егде адамнан неге тақпағанын жайлап сұрағанымда, «қалқам, біздің елде ондай ауру жоқ, қайдан шығардың? Бұл әдейі халықтың ығырын шығарып, елдің экономикасын төмендетіп, дағдарысқа апаратын жасанды саясат…» деп біраз мәселені қозғап, өзіме әңгіме айтып тастады.
Ал, маска тақпауының себебін жастар тарапынан сұрағанымда, «ұмытып кетіппін», «күн ыстық», «таққым келмейді», «мен ауырып жүрген жоқпын», «мен жалғыз жүрмін» деген пікірлер болды. Негізі бұл масканы ересектер, әсіресе отбасын, жақындарын ойлайтын адамдар жағы ғана тағып жүрген сияқты. Елімізде қаншама коронавирус жұқтырғандар тізімі күн сайын беріліп жатса да, біздің көкшетаулықтар әлі де жайбарақат жүр. Карантин талаптарының жеңілдеуінен адамдардың осылай шоғырланып, тәртіпке бағынбауы басқа облыстардағыдай ертең қайта қатаңдатылуына алып келмесіне кім кепіл?!
–Карантин кезінде автобустардың жұмысы уақытша тоқтап, 11 мамырдан бастап қайта жанданды. 130 автобустың жартысынан көбі, яғни, 70-і өз жұмысын жалғастыруда. Тек, қоғамдық көлік жүргізушілер мен кондукторлар санитарлық талаптарды қатаң сақтауы тиіс. Таңғы 07:00-ден бастап, кешкі 20:00-ге дейін қоғамдық көліктер қала ішіндегі барлық бағытқа қатынайды. Біздің әр автобуста арнайы антисептикалық құралдар қойылған. Ал, жүргізушілер мен кондукторлар маска мен қолғапта жүр. Сондай-ақ, жұмысқа шыққан барлық жүргізушілер мен кондукторлар коронавирусты анықтау бойынша ПЦР тест тапсырды. Ал, жолаушыларға қойылатын басты талап арақашықтықтары 1 метр болуы керек. Автобус тізгіндеушілер бір бағытқа барып келгеннен кейін, санитарлық тазарту жұмыстарын жүргізулері қажет, –дейді «Көкшетау автобус паркі» серіктестігінің директоры Әсия Шәрімова.
«Аққу» аялдамасына келетін автобустардың жүргізушілері мен кондукторларынан «неге көлікке аялдамада санитарлық тазарту жұмыстарын жүргізбедіңіздер?» деп сұрадым. «Біз әр жақтан шыққан аялдамада жасадық» деп жауап берді бір-екеуі. Бірақ, шынымен жасады ма, жоқ па, ол өздерінің адамгершіліктерінде.
Негізі, карантин тәртібінің жеңілдету ережелеріне сәйкес автобус-тар да кезең-кезеңмен біртіндеп қосылатыны белгілі. Бірақ, жұмыс орындары ашылған соң, қаншама халық көлікпен жүретін болды. Осы кезде ережелерді шығарып отырған министрліктегілер де қоғамдық көлікке мініп, ондағы жағдайды өз көздерімен көрсе игі. Сонда олар әлеуметтік арақашықтық сақтауға адамдардың мұршасы бола ма, жоқ па екендігін түсінер еді. Мүмкін сонда ғана көліктердің толықтай шығуына, тіпті халық көп қатынайтын базар, орталық сияқты бағыттармен өтетін автобустардың санын арттыруға жағдай жасар еді.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар