Қарты бар елдің – қазынасы бар

Мемлекетке мың алғыс!

Күні кеше ғана «Ардагерлер туралы» заң қабылданып, Жеңіс мерекесінің қарсаңында «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрді. Аталған заңда өзге де санаттағы адам­дармен бірге заманында қоғам байлығын еселеуге қисап­сыз еңбек сіңірген Социалистік Еңбек Ерлеріне бері­­летін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері «Қазақ­­станның Еңбек Ері» атағын алған адамдармен теңес­ті­ріліп, әділдік салтанат құрды. Біз, Социалистік Еңбек Ер­лері, мәртебемізді биіктеткен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа шынайы алғысымызды білдіреміз.

Шындығын айтқанда, осы бір түйткіл мәселе көптен бері шешімін таппай жатқан болатын. Қазақта «қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» деген сөз бар. Қадіріміз қашқан соң қаһарман еңбек дәстүрін жалғастыруға шынайы септігін тигізетін, жас ұрпақты жасампаз еңбекке баулитын өнеге болу керектігін айтып талай рет мәселе көтердік. Қарнымыз ашқандықтан емес, біз асарымызды асап, жасарымызды жасаған адамдармыз. Біздің жасымыздағы адамдарға  көп байлықтың қажеті де жоқ. Біздің  жинаған байлығымыз – нәтижелі еңбек, жалқының емес, жалпының игілігі ғой.
Қазіргі ұрпақ ардагерлер  еңбегінің зейнетін көрмей жатқандығын байқаса, олар қалай ақ адал еңбекке ынтызар болады. Еселі еңбек етуге деген құштарлық қайдан пайда болады? Сабақтастық болуы керек қой. Мұның өзі тәрбиенің бір тетігі. Қолымыз жетпей, сөзіміз өтпей жүрген өзекті мәселені ел газеті – «Egemen Qazaqstan» үсті­міздегі жылдың 6-шы  ақпан күнгі нөмірінде жарық көрген журналист Байқал Байәділдің «Ерден ердің несі кем?» деп аталатын мақаласында орынды көтерген еді. Социалистік Еңбек Ерлерінің жанкешті еңбегін қаузап жазып, оларға  Қазақстанның Еңбек Ері атағын алған адамдармен бірдей арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлену керектігін жеріне жеткізе айтқан болатын.
Онсыз да қатары селдіреп қалған Социалистік Еңбек Ер­лерінің көкейлерінде жүрген өкпе-наз  тарқап, бүгінде лайықты бағасын алып отыр. Бұл жалғыз бізге ғана емес, табаны тастан таймаған тарланбоздай уақытпен санаспай еңбек етіп, ортақ бай­лықты еселей молайтқан барша ардагерлерге көрсетілген құрмет деп білеміз.
«Ардагерлер туралы» заңда нақты былай деп көрсетілген. «Социалистік Еңбек Ері» атағына және үш дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендеріне ие болған адамдарға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері «Кеңес Ода­ғының Батыры», «Халық Қаһар­маны», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарын алған адамдар­дікімен теңестіріліп, 138,63 ай­лық есептік көрсеткіш, яғни, 385 115 теңге болып белгіле­ніп отыр. Бұл  шешім біз үшін әділ­діктің салтанат құрған сәті деп түйсінеміз. Қазақтың жал­пақ тілімен айтқанда, «ақ түйе­нің қарны жарылған сәт». Олай дейтінім, осыған дейін Социалистік Еңбек Ерлері мен ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орден­дерінің толық иегерлері 9,60 ай­лық есептік көрсеткіш немесе 26 668 теңге мөлшерінде ғана арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алып келді.
Бәлкім, мәселе ақшада да емес шығар. Ең бас­тысы, еңбектің ел­енгені. Тәуелсіз қазақ елінде еңбек адамын құрметтеу туралы аз айтылып келе жатқан жоқ. Тұң­ғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев та бұл мәселе туралы талай рет аталы сөзін айтқан болатын. Қадірлеу мен қошеметтеу, ақ адал еңбекті ардақ тұту ақшамен өлшенбесе де, өміршең өнегенің тіні осылай сабақталуы керек еді. Адал еңбекті мұрат тұтқан, мақ­­сат еткен туған еліміздің тұ­ғы­р­­лы саясатының арқасында тұл­­ға­мыз биіктеп, тұғырымыз ас­қақ­тап қалды. Сол үшін де ел Пре­зи­дентіне және осы мәселені дер ке­зінде көтерген «Egemen Qazaqstan» газетіне алғыс айтамыз.

Есілбай ҚАДЫРАЛИН,
Социалистік Еңбек Ері.
Көкшетау.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар