Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Іні - АРҚА АЖАРЫ

Іні

Тілеуғабыл Иманбайұлы Ахметов жайлы көңіл сыры

Әлқисса, бұл жолғы сөзім іні жайында болмақшы. Іні болғанда да кісілігі мен адами қасиеті ірі, туа бітті дарынды да алғыр және де жаратылысынан қарапайым жан иесінің бірі – Тілеуғабыл Иманбайұлы Ахметов туралы және оның туып өскен ортасы мен адами қасиеттерін даралап айтуды жөн деп білдім.
Шынында да ол – текті жан. Сол тектілігі Тілеуғабылдың тұла бойынан танылары бар. Үлкеннің де, кішінің де алдында иіліп тұрар сыпайылығын қайтерсіз?! Және де ешкімнің көңілін қайтармай, біреудің шаруасы үшін елпілдей жүгіріп кете беретіні, тіпті, әлдебір баланың да жұмсағанына да көне салатыны тағы да бар. Ол қандай істі болса да тиянақты тындырып, адалдығынан танбайтын да тынбайтындығына қайран қаламын. Ешқандай шаруадан жиіркенбейді. Білегін сыбанып тастап, не нәрсеге болсын жанын салып кірісіп кетерін де былайғы жұрттың бәрі де жақсы біледі. Ең асылы жан баласымен қатты сөзге келуді, біреудің бағы мен тағын қызғануды да, білімі де біліктілігі де жетіп тұрса да, мансаптың баспалдағымен жоғарылап, өрлейінші, өсейінші деген ойдан да аулақ өмір сүріп келеді. Еңбекқорлығы мен өз мамандығына деген адалдығы болар, менің інім Тілеуғабыл Иманбайұлы Ахметов осы қарапа-
йым күйімен-ақ өз ортасының сыйлы да құрметті азаматы атанып, өз биігіне адалдықтың баспалдағымен көтеріліп, жүріп жатыр.
Әйтпесе, Тілеуғабылдың да бір мектеп директоры болатындай немесе бір оқу бөлімін басқаратындай қабілеті де, білімі де, тәжірибесі де, іскерлігі де жетіп жатыр. Ғылыми атақ қуса, оның да небір дәрежелісіне ие болатындай қабілет-қарымы да бар. Мұны ешкім де жоққа шығара алмас. «Өз біліміңмен ендігі академик болып жүретін кезің жетті ғой» деген осы бір ойларды айтқан кезімде, бір жымиятын да қоятын. «Талпынбайсың, қолынан келсін, келмесін талайлар өсіп жатқан жоқ па?» деп айтқанымды да сол бір жымиысымен қабылдап, «қайтемін оны» дейтін бір ауыз сөзбен жауап беретін-ді.
Осы бір қарапайым да жайсаң мінезімен және де адал жанымен ер жасы алпысқа да толып отырған Тілеуғабылды туғанынан бастап білемін. Бір атаның балаларымыз. Және де бір үйде, бірге өстік десек те жарасады. Біздің Жаңабатыр бабамыздың Назар, Бабаназар қажы, Байназар, Қожаназар, Жұмжұма молла, Әушама атты жеті ұлының бірі Байназардан осы Тілеуғабыл, ал сол Байназардың туған інісі Жұмжұмадан мен тараймын. Таратып айтар болсақ, Байназар бабамыздың Ахмет деген ұлының Иманбайынан туған осы Тілеуғабыл. Ал мен Жұмжұманың Ерғали атты ұлының ұрпағымын. Жаңабатыр әулетінің қасиетті қара шаңырағына қазір мен ие болып отырмын.
Бабаназар қажы Жаңабатырұлы (1855-1938) – діни қайраткер. Он тоғызыншы ғасырдың соңы мен жиырмасыншы ғасырдың басында патшалық Ресейдің қазақ даласындағы медреселерді жауып, діни рәсімдерге тыйым салған тұста осы саясатқа қарсы Көкшетау өңірінің бас көтерген дін басылары мен зиялыларының бірі.
Көкшетау дуанының бас имамы Науан Хазірет (Наурызбай Таласұлы) патша жарлығымен Сібірге жер аударылып жіберілген қиын-қыстау кезеңдерде ақ патшаға дейін барып арызданып, одан кейін итжеккенге айдалып кеткен Наурызбай Таласұлының соңынан іздеп барып алып келген де Жанбатыр Бабаназарұлы мен Бабаназар Жаңабатырұлы сияқты сөзге шешен, от ауызды, орақ тілді осы бір ділмар қажылар болатын. Бұл жайында белгілі жазушы Сарбас Ақтаев «Науан Хазірет» атты көлемді еңбегінде дәлелді жазып көрсеткен-ді.
Бабаназар қажыға қатысты Дала Генерал-губернаторының кеңсесінің мына бір анықтамасы да назар аударуға тұрарлық. «Анықтама. Аса мәртебелім! Ақмола облысының әскери губернаторы жанындағы аса маңызды істері жөніндегі шенеунігі Яхонтовтың түсініктемесі бойынша мұсылман үгіті жөніндегі істің меңгерушісі Генерал-Майор Романов жергілікті әкімшіліктің өкімімен жабылған медресені ашу және Сібірге жер аударылған молла Таласовтың басына азаттық беру жөніндегі қырғыздар Бабаназар Жаңабатырұлы, Әбутәліп Бакизин және басқалардың өтініштерін Сіздің құзырыңызға жеткіземін». (Ескерту: құжатта Дала Генерал-губернаторы кеңсесі меңгерушісінің және аға іс жүргізушінің қолдары бар. Көшірмесі орысшадан аударылып беріліп отыр).
1903 жылдың 9 қарашасы күні Дала Генерал-губернаторының кеңсесіне түсіп, тіркелген осы анықтама Омбы мемлекеттік архивінен табылып отыр. Бұл тарихи құжат Бабаназар қажының еліміз бен дініміздің шынайы жанашыры болғандығын көрсетеді.
Ал, енді осы Бабаназар қажының туған інісі Байназар бабамыз да шаруаның адамы болса керек. Қора-қора қой, табын-табын жылқы біткен екен. Және Байназар бабамыз сол бүкіл бір әулеттің малының иесі де, киесі де болған деседі. Атығай-Қарауылға аты белгілі Бабаназар қажыны іздеп келіп, сәлем беретін және әңгіме-дүкен құрысатын игі жақсылар бір үзілмейтін болса керек. Сол келіп-кетіп жататын меймандардың барлығына мал сойып, қонақасы беріледі ғой. Жарықтық Байназар бабамыз «мен мал жиямын, қажы ағам шашады» деп кейде ағасы Бабаназарға әзілдеп болса да, айтатыны бар екен.
Жарықтық Ахмет атамыздың көп сөзі жоқ, шаруаның адамы болатын. Турашыл, кесіп айтатын. Ағайыншыл-ды. Кез-келген істің мән-жайын ақылға салып, жөн сілтеп отырар даналығы да бар еді. Ал, енді осы Ахмет атамыздың бәйбішесі Күлімжан Хамзақызын бәріміз де «апа» деуші едік. Осы күні ойлап отырсам, ақылды және ықпалды, сөзге шешен, суырып салатын ақындығы және де бар болатын. Атам Ахметтің далада қона жатып шөп шабатын дағдысы болатын. Бір өліара тұста қатты жауын жауып кетсе де, атам шалғын басынан оралмаса керек. Соған алаңдаған апам менің әкеме келіп, «әлгі шөпке кеткен ағаң жоқ әлі, қарап келмейсің бе? десе керек. Өзі де шаршап отырған әкем «осы жауынды күні шалды шөпке жіберіп не көрінді? Бармаймын!» деп кесіп айтады. Күлімжан апам, «жарайды, аға сенікі, мен үйде отырып:
Шөбіңді шауып келмедің-ау,
Бақұлдыққа да келмедің-ау,
Үйге де келіп өлмедің-ау,–
деп отырғаннан басқа не істеймін енді» десе керек. Әкем жарықтық үнсіз орнынан тұрып, ағасын іздеуге шығып, аман-сау қалпында тауып, алып келсе керек.
Көкірегі зерек Күлімжан апамыз шынында да бәрімізге адами да инабатты тәрбие берген керемет ұстазымыз болған екен-ау! Ән де айтатын, бізді де үйрететін. Домбыраны қағып отырсақ, «құлақ күйің келмей тұр ғой» деп соны да реттеп беретін. Дойбы ойнасақ, соған да төреші өзі болатын. Үйге берілген тапсырма бойынша есеп шығаруға келгенде де біз апамыздан асқан «математикті» таппайтынбыз да! Жарықтық тоқсаннан асып дүние салған апам Күлімжан Хамзақызының тұңғышы Құрманбай Ұлы Отан соғысы жылдарында Калинин майданында оққа ұшып, соңынан ұрпақ та қалмаған соң ба екен, ол кісі өзінің әр немересінің қылығын айтып, соған мәз болып отыратын. Және де әрқайсысының қасиетін айтып, соған өзі ма-әз-майрам болушы еді. Әсіресе, немересі Байғабылдың сөзшең екендігін айтып, бұл «Құдыл ғой!» деп отыратыны бар еді. Құдыл (шын аты Ғадылмәжит) Бабаназар қажының ұлы. Бұл атам сөйлеп кетсе ешкімге дес бермейтін сөзге шешен, діндар және ескіліктің әңгімесін, шежірені көп білуші еді. Сол Құдыл атасына тартып туған Байғабылды қазір де сөйлетіп қойып, сүйсініп отыратыным бар. Кешегі Кеңес үкіметі кезінде осы Байғабыл інім әскер қатарына алынып, Кеңес әскерінің құрамында Германияда екі жыл борышын өтегені бар. Ауылдан шыққан жас жігіт үшін Еуропаның Германиясында көргендерінің барлығы да қатты әсер етсе керек. Сол әсерімен әкесі Иманбай ағама жазған алғашқы бір хатында, бар көрген-түйгендерін керемет сүйсіне суреттеп, әсерлене айта келіп, хатының ең соңында «несін айтасыз, менің бұл көрген тамашаларымды сен түгіл, сенің әкең де көрген жоқ» деп хатын түйіндегені де бар. Байғабылдың әкесіне жазған сол «тарихи» хатын бүкіл Қарағаш ауылы оқып, мәз-майрам болғаны да есте!
Әңгімеміздің осы арасында Ахмет атам мен Күлімжан апамның қыздары Рәзия тәтем жайында айтқанды да жөн санадым. Біз ес білгелі тәтем ғұмыр бойы Красноармейск қаласында (қазіргі Тайынша) тұрды. Жездеміз Зәкен Егінбайұлы ішкі істер саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етті. Жарықтық Рәзия тәтем мен Зәкен жездем екеуінің жақсылығын, шапағатын көрмегендер шамалы болар. Қазір осы әулеттің Елшібай, Зейнілғарап, Орынтай, Серікбай сияқты балаларының барлығы да бір-бір үй болып, енді олардың өздері немере-жиенді болып отырған жайлары бар.
Апамыздың бойындағы бар асыл қасиеттері және де есепке де жүйріктік ағамыз Иманбайдың бойына бітті. Өз анасы сияқты Иманбай ағамыз да зерек болды. Ағамыздың қолы да епсекті еді. Ағаштан түйін түйген шебер еді. Және де бүкіл ауылдың адамдары келіп, ағамызға шаңғыларын бір шыңдатып алуға кезекке де тұратын. «Иманбайға бір шыңдатып алған шалғымен бір жаз бойы шөп шабуға жарайды» деп ризашылықтарын білдіріп отырушы еді ауылдың шаруақор жандары. Шахмат, дойбы ойнаудан да алдына жан салмайтын. Тоқсаныншы жылдары тоғызқұмалақты да жандандырып, шау тартып қалғандығына да қарамастан облыстық сайыстарға қатысып, жеңімпаз атанып жүрді. Уақытты түнгі жұлдызға қарап, дәл айтып беретіндігін де көрдік. Міне, сол табиғи тума зеректік Иманбайдың ұлы Тілеуғабылға және сол үйдегі барлық балалардың бо-
йына дарыды. Ағамыз Иманбай турасын айтатын, кемшілікке және жалғандыққа төзбейтін мінезі бар еді. Ертеде ағамызды шаруашылықтың партия ұйымы коммунистер қатарына қабылдауға дайындаған екен. Содан Иманбай ағамыз Коммунистік партияның жарғысын, өзге де құжаттарын оқып, дайындалған ғой. Партия қатарына өтетін күні бар тәуірін киіп, шаруашылық кеңсесіне қарай бет алса, орта жолда ауылда жүргізуші болып істейтін өзінің бір құрдасын жолықтырады.
– Е, сен қайда бара жатырсың?– дейді ағамыз құрдасына. Сөйтсе ол да партия қатарына өтуге бара жатқан беті екен.
– Сендей ұры-қарылар өтетін партия қатарына мен кірмей-ақ қояйын,– деп Иманбай ағамыз кері бұрылып, үйіне қайтады да, содан кейін партия қатарына кіру жайын есіне де алмаса керек.
Есеп-қисапқа, яғни, математикаға келгенде тағы да алдарына жан салмайтын даралықтарын Тілеуғабылдың ұрпақтары да көрсете бастады. Жуырда Тілеуғабылдың жиені Жасдинар Қазақстан Респуб-
ликасы Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы 1-7 сынып оқушыларының математика және логика пәнінен зерттеу жобаларының «Зерде» ХV республикалық конкурсында Алматы қаласы бойынша бірінші, ал, республика бойынша үшінші орынды жеңіп алды. Жиен демекші, ол да жұрағат қой! «Қыздан туғанның қиығы жоқ» деген атам қазақтың сөзіне салсақ, қазір Тілеуғабыл інім мен Күләжан келінім екеуі алты бірдей жиендерінің нағашы аталары мен нағашы әжелері болып отыр. Інімнің қыздары Жанар мен Жадыра да осы педколлежде оқып, одан кейін өзге де оқу орындарын тәмамдап, қазір өз алдарына үй болып отыр. Қызымыз Жанар мен күйеу баламыз Русланның Жасдинар, Әларназ, Азал, Аль-Софи атты сүйкімді
ұл-қыздары өсіп келеді. Руслан қазір Академияда оқып жүр. Құда-құдағиымыз Бейбіт пен Роза Қожановтар екеуі осы немерелерінің үстінде десе де болады. Ал, Жадыра мен күйеу баламыз Әскер екеуінің Ислам және Иманәлі атты екі ұлдары бар. Әскердің ата-анасы, яғни, құдамыз Тәжеидин мен құдағиымыз Рысалды Қабдрахмановтар бір тамаша адамдар. Еңбекқор, балажан, ағайыншыл жандар. Жан-жақты, өсіп-өнген осы әулеттің келіні болып отырған Жадырамыз да бұл шаңырақтың құтты бір келіні болып отыр.
Осы бір әулетті сөз еткенде, асыл жеңешем, Тілеуғабылдың анасы Ұмсын Жетпісбайқызын еске алмай тұра алмаймын. Жарықтық нағыз Ана еді! Дүниеге осы Тілеуғабылды, одан кейін Бақыт, Жанғабыл, Байғабыл, Баймұрат, Жанат, Марат, Болат, Дулат, Дәулет атты он бала әкеліп, соның барлығын да таңертеңнен кешке дейін еңбек ете жүріп асырап, адам етті. Атам мен апамды бақты. Үй шаруасы да мойнында болатын. Таңғы бестен тұрып, фермаға сиыр саууға баратын да, үйге келіп бел жазып, шайын ішіп, сол үстелдің басында отырған жеріне қисайып, бір мызғып алатын да, қайтадан шаруасына кірісетін. Үйден шықса болды, есік алдындағы барлық қой мен ешкі, қаз-тауығы бар Ұмсынның соңынан еріп шұбыра жөнелетін. Жас қозыны ұстап алып, жерге отыра қалып, әлгі қозыны құшағына қысып еміренгенде, кез-келген ана өз баласын дәл солай аймалай бермейтін шығар деп таң қалатынмын. Және де Көкшетаудан ауылға келгенімізде біздің де балаларымызды иіскелеп, аймалап дымы қалмайтын еді. «Туһ, осы балаларды резеңке арбаға салғанша, бесікке неге бөлемейсіңдер? Иістері жоқ, резеңке иісі шығып тұрады» деп жарқылдап күлуші еді, жарықтық!
Тоғыз ұл, бір қыз баланы дүниеге әкелген жарықтық Ұмсын жеңешемнің жан баласына деген кейістігі жоқ болатын. Иманды жан еді. Аналық ниетінің кеңдігі болар, ауылдың барлық балалары осы үйден шықпайтын. Қонып та қала беретін. Ағам мен жеңешемнің балаларының барлығының да көпшіл болып өскендіктері де осыдан еді. Және де ауыл балалары қирап, әр жерде шашылып қалған велосипедтен бастап жинап, барлық техника атаулыны да осы үйдің алдына әкеліп, сол арада жөндеп, құрастырып, әуре болып жататын-ды. Есік алды шағын бір шеберханаға ұқсайтын. Және де біреуі домбырасын, біреуі гитарасын асынып келіп, бірін-бірі ән айтуға, аспаптарда ойнауға да үйретіп жататын осы Тілеуғабыл және оның бауырлары болатын. Бұл үйдің балаларының Жанғабыл мен Байғабылдан бастап, бәрінің де техникаға жұғыстықтары және де қолдарының епсектіліктері, бәрінің де домбырамен, өзге де аспаптармен ән салатындары бала кезден дағдыланғандықтың жемісі еді. Тіпті, фото шығаратын кішігірім лаборатория да осы үйде болды.
Осы бір есігі күні-түні жабылмайтын, дастарханы бір жиналмайтын құтты шаңырақтан шыққан Тілеуғабыл да еңбекқор және адал болып өсті. Біз апамыз-
дың «жақсы іс істесеңдер сауап болады, жаман іс қылсаңдар ол обал болады» деген өсиетімен өстік. Бұғанамыз қатпай, беліміз бекімей жатып-ақ шаруаға араластық. Атамызбен бірге шөп шабуға баратынбыз. Мал қайыру, түнгі жылқы күзеті сияқты шаруадан да шет қалған жоқпыз.
Есейіп, ер жетіп, біздің алдымыздан әрқайсымыздың өз жолымыз шыққан кезде, артымызға қарайлай-қарайлай кете бердік. Тілеуғабыл Көкшетаудағы Шоқан Уәлиханов атындағы педагогика институтының физика-математика бөліміне түсіп оқыды. Тағы да бірге тұрдық. Мұғалімдік мамандығын алып шыққаннан кейін, жолдамамен сол кездегі Көкшетау облысының Уәлиханов ауданына барып, орта мектепте сабақ берді. Сол арада жүріп үйленді. Осы Уәлиханов ауданында жүріп, ұстаздық қызмет еткен жылдарында інімнің тапқан ең үлкен олжасы келінім Күләжан Баймолдақызы болатын! Мен осы бір ауыз сөзді батыл да және зор бір мақтанышпен айта аламын. Күләжан келініміз біздің әулетке құтты келін болды. «Қазақтың қызы да, келіні де осы Күләжандай болса» деген сөзді сан мәрте айтып та келемін. Ол осы бір мадаққа әбден лайықты. Бір шаңырақтың жеті қыз, үш ер баласы арасынан шыққан Күләжанның әкесі Баймолда мен анасы қазіргі Біржан сал
ауданының Кеңащы ауылының, одан қалды, бүкіл сол төңірекке белгілі, сыйлы да абыройлы адамдары еді. Жарықтық, иманды болғыр Баймолда құдамыз нағыз шаруаның адамы еді, нағыз әке еді. Алды кең, қолы ашық, жарқылдаған жанымен төңірегіне игі жақсылардың барлығын жинап жүретін.
–Қазір осы қыздарымнан ұяламын,–дейтін жарықтық күлімдеп қойып.–Мына құдағиларың бірден жеті қыз тапқан жоқ па? Содан ылғи қыз таба бересің деп ауруханаға бармай қойған кездерім де болды. Енді рахатты осы қыздарымнан көріп отырмын,–деп те ағынан жарылатын.
Сөз арасында айта кетейік, бірде Елордада тұратын Ұлболсын қызы телефон шалады ғой. Баймолда құда «бұл кім?» деп қызын даусынан танымаса керек.
– Әлгі мен туғанда тағы да қыз таптың деп анама ренжіп, ауруханаға келмей қойған қызың, Ұлболсынмын ғой,–деп еркелей сөйлесе керек. Ұлболсын заты қыз бала демесеңіз, ер азаматтың орнын толтырып жүрген жан еді. Ғұмыры қысқа болды. Соңында бір ұлы Руслан мен бір қызы Лейла қалған Ұлболсын да осыдан бірер жыл бұрын дүниеден өтіп кетті.
Ал, енді Күләжанның анасы Гүлсім жайлы кеңінен толғап жазбақ керек. Нағыз Ана! Батыр Ана! Және де қазақ халқының әйел затына тән бар асыл қасиеттерін тұла бойына жинаған, жүзінен иманы төгіліп тұрар Гүлсім құдағиымыз кісі бетіне тіке қарап сөйлемеген жан болар. Өз қыздарына да бойындағы бар асыл қасиеттерін дарытып, тәрбиелегеніне сүйсінетінмін. Тегінде қазақтың «аяғын көріп асын іш, анасын көріп қызын ал» дегенін осы құдағиымыз Гүлсім мен оның қызы, келініміз Күләжанның арасындағы адами ұлағаттылықтан аңдап келемін. Жалпы, Баймолда мен Гүлсім құда-құдағиларымыздың жеті қызы да жеті шаңырақтың шырағын шырайландырып, жеті үйге де бақыт пен қуаныш, тек жақсылық әкелгендіктерін айтуға да болар еді. Мұны ешкім де жоққа шығара алмас. Қазір бір Аллаға сыйынып, сабырлы қалпымен ұлы Бауыржан мен келіні Алтынның қолында қара шаңырақта отырған Гүлсім құдағиымыз ұл-қыздары мен немере-жиендерінің және шөберелерінің тілеуін тілеп, баршасына ақылшы, қамқоршы болып бақуатты өмір сүріп жатыр.
Тілеуғабыл інім қазіргі кезде Көкшетау қаласындағы Жанайдар Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінде ұстаз болып жүр. Бұл күндері атағы да, дәрежесі де Қазақстанға кеңінен мәлім оқу орнында ол 1990 жылдан, яғни, іргесі қаланған сәттен бастап еңбек етіп келеді. Тілеуғабылды осы оқу орнының шежірешісі десе де болғандай.
Кейін колледж болып құрылып, оның директорлық тізгінін Нұртас Ахатұлы алған кездегі, сонау, яғни, өткен ғасырдың 90-шы жылдардың қиыншылықтарын жеңу бар және де қазіргі бәсекеге қабілетті мамандарды даярлайтын айтулы білім ордасына айналса, сол игі де абзал істе менің інім Тілеуғабыл Иманбайұлының да үлесі барлығына сенімдімін. Ол уақытпен санасуды да білмейді. Сол колледжде қона жатып жұмыс істеуге де бар. Бұл менің інімнің өз ісіне деген адалдығының тағы бір көрінісі. Және де інім Тілеуғабыл да, келінім Күләжан да осы оқу орнының директоры Нұртасқа шаң жуытпайтындықтарын да қайтерсіз?! Бұл олардың жағынып, жалпайып күн көру қамы үшін емес, азаматтың қадірін танып сыйлай білген кісіліктері екендіктерін ұғынамын да, солай деп білемін. Обалы нешік, Нұртас Ахат та өз қызметкері Тілеуғабыл Иманбайұлын және оның отбасын қатты қадірлеп келеді. Бұл да – азаматтық!
Білім беру саласындағы көп жылғы қажырлы да табысты еңбегі үшін Тілеуғабыл інім «Қазақстан Рес-
публикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, «Білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен және әр дәрежедегі Алғыс хаттармен, Құрмет Грамоталарымен де марапатталды. Ең бастысы, өзімізге және өз ортасына сыйлы да жайлы, қоғамшыл да ағайыншыл, бауырмал да жанашыр қасиетімен жұртшылықтың ризалығына бөленіп жүргені қымбат. Адами асыл қасиетінен бір айнымай, өмір белесінің алпыс атты биігіне көтерілген Тілеуғабыл ініме шын ризамын. Іні – ол, нағыз – Іні!

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар