Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды! - АРҚА АЖАРЫ

Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды!

Әкем Жеңіс деп қойған атымды

Менің әкем Атай Кәрісмағұлұлы Бөдешев 1924 жылдың 15 мамырында Ерейменнің бір шұрайлы қонысы Шәкей ауылында дүниеге келіпті. Жылым ескіше тышқан жылы деп отыратын әңгіме арасында. Арқаның ақиық жырауы, Абылай ханның жорық жырауы атанған, Қанжығалы Бөгенбай батырдың үзеңгілес жолдасы Үмбетей Тілеуұлының тікелей ұрпағы болғандықтан, әңгіме-жырға жақын тұратын. Ерейменді мекендеген Қанжығалы-Жолымбет-Үмбетей жырау Тілеуұлының бес баласының бірі Белден Бұйра атамыз туады. Бұйрадан Жүзбай, Жүзбайдан Кәрісмағұл атамыз дүниеге келген.

Кәрісмағұл атам жалғыз ұлы шыр етіп дүние есігін ашқанда ырымдап тұңғышына Бұйра деп атасының атын қояды. Қазақтың салт-дәстүрін берік ұстаған ол заманның келіндері атасының атын атамай, жас баланы атам атындағы атай деп кетеді. Балалық шағы қиындыққа толы әкей екі жасында анасынан, тоғыз жасында әкесінен айырылады. Балалық шағы кәмпескелеу, колхоздастыру, ашаршылық, қиыншылық жылдарына тура келген. Бұйра атай әкесінің туған ағасы Бөдештің қолында тәрбиеленеді. Тумаса да туғандай болған Қазина әжеміз шеше орнын басып, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай тәрбиелеп өсіреді.
1932-1934 жылдары Шәкей ауылындағы Жаңатұрмыс жетіжылдық мектебіне барып, 1940 жылдары бітіріп шығады. Жуырда ғана дүниеден өткен, жасы 90-ға келген ел ағасы Тәлімұлы Тасмағамбет ағай сол Жаңатұрмыс жеті жылдық мектебінің есігін ашқанын, алды он екі-он бестегі, соңы жеті-сегіздегі менің әкем Атай Кәрісмағұлұлы Бөдешев, Ыбырай Төкин, Хамит Қапашев ағайлар, апалы-сіңілі Сағира, Жазира Рақымжановалары және Бәтима Төкішева апайлармен өзінің бірге оқығанын сағынышпен еске алған еді. Мұғаліміміз Қабыш деген кісі әйелімен бірге сабақ берген еді дейтін. Сол мектептің алғашқы түлектері, ел басына күн туған 1941 жылдың қанды соғысына қатысып, жеңіспен елге оралды. Әкей сол кезде қолдың қысқалығынан әрі қарай оқи алмай, колхоз жұмысына араласады.
Соғыс басталған жылдары әскерге кеткен мұғалімдердің орнын басып, мектепте балаларды оқытады. 18-ге жасы толған бозбаланы Еркіншілік әскери комиссариаты 1943 жылы 1 ақпанда әскерге шақырады. Әскерге алынған жерлесі Серікбай Смағұлов екеуі Қиыр Шығыс әскери округіндегі Чита қаласындағы жауынгерлік бөлімге түсіп, онда әскери дайындықтан өтеді. Сол жерде 76-мотоатқыштар полкының атқышы ретінде 1943 жылдың 15 наурызында ант қабылдаған. Қытай, Маньчжурия жерлерінде, жапон басқыншыларының таңдаулы Квантун армиясын талқандауға қатысады. Сол шайқастарда ауылдан Өмірбай Исмағұловпен қалай кездескенін әкей дастархан басында жиі еске алып отырған.
Неміс фашистері тізе бүгіп, Берлиндегі рейхстагқа жеңіс туы тігілгеннен кейін олардың жақтастары – жапон милитаризмінің күні бітуіне санаулы уақыт қалған кез еді. Жоғарғы Бас қолбасшының мұғалімдерді әскерден босату жөніндегі бұйрығымен 1945 жылдың тамызының соңғы күндері елге оралып, бейбіт еңбекке араласады. Мылтығын қаламға айырбастаған әкей мұғалім қызметін атқарады. Моңғолияның шөл даласымен, Үлкен Хинган тауынан өтіп, Маньчжурияның батпақты өлкесінде ерлікпен шайқасқан жауынгер «Маньчжурияны азат еткені үшін» медалімен марапатталады. Кейін «Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 20 жылдығы», «КСРО Қарулы Күштеріне 50 жыл», «Тың және тыңайған жерлерді игерудің 10 жылдығы» медальдарымен марапатталып, бейбіт еңбектегі жетістіктері үшін Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарын иеленді.
Соғыстан кейінгі жылдары Қарағанды облысының Осакаровка ауданындағы Қорық бөлімшесінде, Жансары ауылында мектепте жаратылыстану пәнінің мұғалімі болып қызмет етті. 1955 жылы күзге таман туған ауылы Шәкейге келіп, өзі оқыған, қызмет істеген Жаңатұрмыс жетіжылдық мектебіне мұғалім болып орналасады. 1959-1964 жылдары Қарағанды мұғалімдер институтын сырттай бітіреді. Ұстаздық қызметте жүріп, Ерейментау аудандық, Целиноград облыстық білім бөлімдерінің Құрмет грамоталарымен, Қазақ КСР халық ағарту министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Бірнеше мәрте ауылдық кеңестің депутаты болып сайланды.
Ысқырған оқ пен жалындаған оттың арасынан аман шыққан жан әкемнің жүрегі 1973 жылдың қаңтар айында соғуын мәңгі тоқтатты. Әкей бұл кезде небары 49 жаста болатын.
Жан әке! Ұлы Жеңістің 10 жылдық мерейтойынан кейін туған тұңғыштарыңыз маған аяулы анам Айтжамал Қошанқызы екеуіңіздің Жеңіс есімін берулеріңізде үлкен мағына бар шығар. Отан үшін отқа түсіп, толарсақтан қан кешкен, соғыстан аман қайтқан майдангердің ұлы – Жеңісінің ғұмыры ұзақ, баянды болғай деп осы есімді жаратушы Алладан тілеп қойған шығарсың, әке! Ұлы Жеңіске 75 жыл, балаңыз Жеңіс 65 жасқа толады, жан әке. Өзің қойған атыңды ардақтап, көлеңке түсірмей, кіршіксіз таза ұстап келемін. Оған адал еңбегім арқылы жеткен жетістіктерім, Ереймен елінің «Атайдың баласы» деген ризашылығы куә.
Жылда 9 Мамыр – Ұлы Жеңіс күні өзің көрмеген келінің мен немерелеріңді, шөберелеріңді дастархан басына жинап, аталары жайлы айтамын. Астана қаласында тұратын үлкен шөберең Нұрай Қуантайқызы мектеп оқушылары арасында КТК телеарнасы жариялаған «Ұлы Жеңіске 75 жыл» байқауына қатысты. «Менің атам майдангер» тақырыбымен өзіңіз туралы шығарма жазды. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген халық нақылына сай, өзіңіз ұстаз болған Жаңатұрмыс сегізжылдық мектебінен басталған менің де ұстаздық өтілім 48 жылдан асып барады.
Егемен ел атандық. Қазақ елін әлемге танытқан Елбасымыз бар, ашық аспан астында бейбіт өмір сүріп жатқан халқымыз бар. Осының бәрі Ұлы Жеңістің арқасы, Отан үшін от кешкен миллондаған азаматтар мен сіздің де арқаңыз, әке!

Жеңіс БӨДЕШОВ,
Торғай орта мектебінің директоры.

Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар