Жаңа автобекет жұмысын бастады
Маусым айының алғашқы күнінде Біржан сал ауданының орталығы Степняк қаласында жаңа модульдік автобекет пайдалануға берілді. Оның ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Ермек Нұғыманов жергілікті тұрғындары көптен күткен елеулі оқиға – автобекеттің ашылуымен құттықтап, осындай әлеуметтік нысанды пайдалануға беруге зор үлес қосқан жергілікті кәсіпкер Валерий Лебедевке ризашылығын білдірді.
Жалпы, елімізде Кеңес Одағы тарағаннан кейін халыққа қызмет көрсетіп тұрған көптеген жұмыс орындарымен қоса, автовокзалдар да құрдымға кеткені шындық. Жолаушылар болса, арнайы орын болмағаннан кейін жауын-шашында, қыстың көзі қырауда қиыншылық көріп, біраз қолайсыздықтарға тап болғаны жасырын емес. Міне, осы тұрғыда жерлестерінің қамын ойлаған жергілікті кәсіпкер Валерий Лебедев өз қаражаты есебінен 10 миллион теңгеге автобекет салып берді. Бұл осынша ауқымды қаражатты қайда жіберерін білмегендіктен емес, керісінше, жолаушылар тасымалы жолға қойылуына жанашырлық танытуынан.
– Қалаға, басқа да бағыттарға бет алған жолаушылар үшін автобус-тарды күту қаншалықты қиын болғанын мен жақсы түсінемін. Өйткені, менің Көкшетау және Степняк қалалары мен Үлгі кентіне жүретін автобустарым бар. Сондықтан, бұл жағдай мені көптен мазалап жүрген. Бүгінгі таңда осы істің жүзеге асқанына өзім де қуаныштымын. Жақында Нұр-Сұлтан қаласы бағытында жолаушылар автобусын шығаруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, біздің Степняк қаласы арқылы Степногорск, Макинск қалаларына баратын автобустар бар. Мен өзім осы жерде туып-өскендіктен, автобекеттің жоқтығына шағымданған жерлестеріме көмектесуді парызым деп санаймын, – деген Валерий Лебедев өз кәсібінің өрістеуіне де үлкен жол ашуда. Қазіргі таңда жеке таксилер, индрайвер қызметі бар дегендей, жолаушылар тасымалы тиімді бизнес деп айтуға келмес. Ал, бірақ қаражат жағынан жолаушыларға тиімді болуын көздеген Валерий Лебедевтің автобекеті қаланың дәл ортасында бой көтерген. Мұнда 55 адамға арналған күту залы мен кассалық аппарат, бақылау камералары, тұрмыстық және жеке жуынатын бөлмелері бар. Модульді автобекетке дүкендер мен әкімшілік ғимараттары жақын орналасқан. Жолаушыларға тарту етілген жайлы да жарық ғимараттың айналасы жуырда гүлзарлармен абаттандырылатын болады.
Степняк қаласының әкімі Өміртай Жомартовтың айтуынша, қала тұрғындарының көптен күткен қуанышы жүзеге асты. Нәтижесінде, аз уақыт ішінде жаңа ғимаратқа арналған жерді тіркеу жұмыстары жүргізіліп, мамыр айының соңында нысан пайдалануға беріліп отыр. Жаңа автобекетте қалалық автобус жүргізушісі, кондуктор, екі кассир және техникалық қызметкерлер жұмыс істейтін болады. Мұның бәрі кәсіпкердің жүйелі шешімінің арқасы. Өйткені, ол қандай жағдай болса да, автобус жолаушыларының үнемі болатынына сенімді. Әрине, мемлекеттік қолдау болып жатса, оны да қуана құптар еді. Осыған орай, қала әкімі:
–Қазіргі уақытта біз осы қызмет саласын субсидиялау мәселесін қарастырып жатырмыз, өйткені, бірқатар белгілі себептерге байланысты бір жағынан тиімсіздеу болғанымен, негізінен бұл мәселе іс жүзінде шешілді, – деді. Кәсіпкердің сөзінше, жол ақысын арзандатылған. Мәселен, қалалық автобуста 50 теңге болса, қаладан сегіз шақырым жерде орналасқан Үлгі ауылына 80 теңгеге баруға болады. Өйткені, осыған дейін тұрғындар қала ішінде 70 теңгемен, ал, Үлгі ауылына бару үшін 120 теңге жолақысын төлеп келген. Сондықтан, Степняк қаласында жұмыс істейтін үлгіліктердің көпшілігі бұл жаңалықты үлкен ризашылықпен қабылдап отыр. Бұл тұрғыда өз ой-пікірін білдірген ақсақалдар кеңесінің мүшесі Қадырбай Нұралин:
– Көптен бері тұрғындар үшін жаңа автовокзал салу қажеттілігі туындаған болатын. Бұрынғы Кеңес Одағы кезінде салынған жаңа автовокзал да өте жақсы еді. Бірақ, заман ағымымен оны сақтай алмадық. Енді екіншісі іске қосылып, бұдан былай жолаушылар бұл мәселеде қиындық көрмейтініне қуаныштымын. Өткен олқылықтардың орнын толтырып, өз қаражаты есебінен автобекет салып берген жергілікті кәсіпкер Валерий Лебедевке деген алғысымыз шексіз, – дейді. Біз де ел игілігіне тарту етілген жаңа автобекеттің ғұмыры ұзағынан болсын демекпіз.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Василий Устьянцев.
Біржан сал ауданы.