Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев облыстағы саяси партия филиалдарының жетекшілерімен кездесті.
Кездесу барысында өңірдің төтенше жағдай барысында қолға алынып жатқан ауқымды шараларына тоқтала келе, Қазақстан коммунистері халық партиясы облыстық филиалының төрағасы Бейсенбай Мәжитовтың зейнеткерлікке шығуына байланысты ұйым саласындағы қызметіне алғысын айтып, сый-сияпат табыс етті. Одан әрі сөз алған «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов және жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы облыстық филиалының төрағасы Валерий Смоквин Бейсенбай Дайырұлының бүгінгі қоғамда толеранттылықты дамыту барысында жастарды бейбітшілік пен келісім тұрғысындағы құндылықтарға жетелеу жолындағы еңбегіне жоғары баға беріп, әріптестік ақ ниеттерін білдірді.
Саяси партия жетекшілерімен кездесудің соңында өңір басшысы Бейсенбай Дайырұлының саяси плюрализм тұрғысында демократиялық қоғамдағы пікірсайыс, билік партиясы мен өзге партиялардың өкімет билігін іске асыруға қатысудағы еңбегіне тағы бір мәрте ризашылығын білдірді. Өз кезегінде Бейсенбай Мәжитов облыс әкімінің жүргізіп отырған саясатына Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан шынайы алғысын айтып, өңір басшысына
партияның мерекелік медалін табыс етті.
Ермек Боранбайұлы Ақмола облыстық Қазақстан Коммунистік халық партиясының төрағалығына жаңадан сайланған Олжас Сыздықовты және «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы облыстық филиалының жаңадан сайланған төрағасы Борис Мельниковты таныстырып, еңбектеріне сәттілік тіледі.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.