Үйден шыққанымда күн арқан бойы көтеріліп қалған екен. Үйдің жанындағы картоп егетін шарбақтың қасында інім Нұрбол қабырғалары ырсиып, жамбас сүйегі шодырайған арық көк атты ерттеп жатыр екен. Жайлап басып жанына жақындадым.
– Тал түске дейін найқалып жүргенің не?–дедім ініме.
Бетіме қарап әнтек жымиып күлді.
– Жалғыз мен дейсің бе? Бүкіл ауыл жаңа тұрып жатыр. Адам түгіл мал да кеш өруге үйренген. Тұрғызбасаң түске дейін үйелеп қалған көтеремге ұқсап жата береді,–деді інім.
Шынында да, ауыл жайбарақат, селсоқ. Күреңітіп күз келгеннен кейін қабарып қыс келмейтін тәрізді. Ештеңеге алаңы, шаруасы жоқтай.
Інім қайыңның діңінен кесілген жаңғырыққа салып тоқымның шоқтықты жабатын жерін өткір бәкімен дөңгелетіп ойып жатыр екен.
– Не істеп жатырсың,–деп сұрадым.
– Өткенде, қойдың кезегін баққанда балалар көк атты таң асырмай ыстықтай ертоқымын алған екен. Шоқтығы күлдіреп қалды.
Жарықтық жылқының терісі өгіз терісі талыстан сынық сүйем жұқа болмаса да, суытпай алса жауыр болып қалады. Ал, дөңгелете кесіп жатқаны тоқымның алақандай тесігі жауырды қажамауына жақсы. Тек төсайылын қаттырақ тартса болғаны.
–Аз күнге босатып жібермейсің бе? Қоң жинасын, жауыры жазылсын,–деймін мен.
–Жоға, төрт-бес үй бетіне қарап отырған жалғыз атты дәл қазір қайтып босатарсың. Жауырын жаба тоқымдап, қар түскенше жүре тұрамыз,–деді інім.
Дәл осы арада «жауырды жаба тоқымдап» деген сөз санама сақ ете түсті. Біз ғой қалам ұстаған жазармандар қаншама жылдан бері «жауырды жаба тоқып» деп жазып келеміз. Анығында оның дұрысы жауырды жаба тоқымдап екен ғой. Қалай білмегенбіз. Інімнің логикалық қисыны бар, реті де солай бір ауыз сөзін жадыма тоқып алдым. Бірақ, өзіне тіс жарып айтқаным жоқ. Білместігімізді білсе, қарекетімізден түңілер деп қымсынғаным ғой.
– Кеше балалар Қамысақтының арғы бетіндегі Ақтастың төбесіндегі борсықтың ескі апанын қазыпты. Иттер жабыла қуған. Бірақ, ауыз сала алмапты. Мен барып көрдім де нәтиже шықпайтынын көріп, кері қайттым. Ақтөс пен Жолбарыс ескі апанның аузын тырмалап, ашуын содан алып жатыр екен,–деді інім.
Тағы ойладым. Біз ғой «ит ашуын тырнадан алады» дейміз. Көк аспанда қалықтап ұшып жүрген тырна қайда, жердегі ит қайда. Шамасы, оның дұрысы алдындағы аңды көргенімен, қуғанымен не апанға енгізіп алған, не қалың жыныста жоғалтып алған аңсақ иттің тұла бойындағы долырған ашуын жерді тырмалап алуы шығар. Ит ашуын
тырналап алады. Тырнадан емес. Тырна жарықтық біздің жақта үш-төрт-ақ болады ғой. Әгәрәки ит қысты күні ашуланса ашуын кімнен алар еді. Әрі бірі аспанда, бірі қара жерде болған соң бір-бірімен ешқандай байланысы, алты аласы, бес бересі жоқ қой.
Аңшылық жайлы әңгімені інім әрі қарай қаузады.
– Біздің ауылдың балалары шетінен аңшы. Ірі фирмалар егін егуді қойған соң анау Жалғызтаудан бері қарайғы, Қарағаштың бауырындағы қалың ағаштың етегі, Жарқын көлінің оң қабағы мен сол қабағы тусырап бос жатыр. Қазір сол жерлерді алабота, арамшөп басып кетті. Құтты киіз дерсің. Арасында түлкі, қоян тәрізді ұсақ аң, елік жыртылып айы-
рылады. Басқа істейтін ермегі болмаған соң ауылдың жігіттері жүйрік ит ұстап, аң аулауға көшкен. Бұрын ілуде бір кездесетін түлкі дегеніңіз қойдай өріп жүр. Қыз-келіншектің көңілі құндызға ауып кеткен соң, түлкі терісі қадірсіз болып қалды ғой. Жүні жетіліп, түбіттенген алғашқы қансонарда да ешкім аулай бермейді. Илеп, тымақ тігетін де ісмер жоқ. Тек қызық үшін иттерге алдырып, әйтпесе, атып кетеміз. Өткенде түлкінің бір апанын қазып едік, үш тауық, екі жабайы үйрек шықты. Күшіктеріне әкеліп тастаған жемі болуы керек. Бір ғана түлкінің кесірін көрдіңіз бе?–деді інім, – қазір біздің ауылдың балалары аң дегенде ішер асын жерге қояды.
Аң туралы аңыратып айтқан әңгіменің арасынан сүзіп алғаным «ішер асын жерге қояды» деген сөз. Ал, біздің жазармандар «ішкен асын жерге қояды» деп жазады. Өзіңіз ойлап қараңызшы, ішкен асыңызды қанша тырыссаңыз да жерге қоя алмас едіңіз. Ішіп қойдыңыз ғой.
Ауылдан олжалы оралдым. Рас, баяғыдай қоржыныңның екі басын толтырып жіберетін қомақты сыйы жоқ. Есесіне үш сөзді түзетіп, анығын ала қайттым. Қалам ұстаған адамға аз олжа емес қой.