2014 жылдың 30 қазанында 57 жасқа қараған шағында Көкшетау қаласының әкімі Жомарт Мирасұлы Нұрғалиев кенеттен қайтыс болды. Ол 1958 жылы Қостанай облысы Қарабалық ауданының Новотроицк селосында дүниеге келген. 1981 жылы Қостанай педагогика институтын тарих және педагогика мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1975 жылы Қостанай облысы Камышинский ауданына қарасты «Уркашский» кеңшарының құрылыс учаскесінде жұмысшы болып бастады. 1981 жылдың қыркүйегінен 1988 жылдың маусымы аралығында Қостанай облысының комсомол, партия және кеңес органдарында әртүрлі лауазымдарда істеді. Одан кейін шаруашылық және коммерциялық құрылымдарда басшылық қызметтер атқарды.
1994 жылдың қаңтарынан бастап Қостанай облысы бойынша сыртқы экономикалық байланыстар жөніндегі комитет төрағасының орынбасары болды. Ал, 1998 жылдың наурызы мен 2003 жылдың қазаны аралығында Қостанай облысының «Иволга-Холдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде басшылық қызметтерде істеп, «Садчиковский» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін басқарды.
2006 жылы Қостанай облысы Меңдіқара ауданының әкімі болып тағайындалды, ал, 2009 жылдың қаңтарынан 2012 жылдың қаңтарына дейін Қостанай қаласы әкімінің лауазымын атқарды.
2012-2013 жылдары осы облыстың Әулиекөл ауданының әкімі болып қызмет істеді, ал, 2014 жылдың маусымында Ақмола облысы Көкшетау қаласының әкімі болып тағайындалды.
Осы қызметтерде елге сіңірген еңбегі үшін «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалімен
марапатталды.
Жомарт Мирасұлы Нұрғалиев Көкшетау қаласында жұмыс істеген аз ғана уақытта Ақмола облысының бас қаласын дамытуға өзінің елеулі үлесін қосты. Ол қашанда тапсырылған іске деген адалдығы, жауапкершілігі және қарапайымдылығымен ерекшеленді, адамдардың мұң-мұқтажына сергек қарады. Осы қасиеттерінің арқасында зор бедел мен құрметке ие болды.
Жомарт Мирасұлы Нұрғалиевтің жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгілік сақталатын болады.
Ақмола облыстық әкімдігі.
Ақмола облыстық мәслихаты.
Ақмола облыстық ардагерлер кеңесі.