Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы мен «Қоғамдық келісім» орталығы біріге отырып, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Уақыт пен тағдыр» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Іс-шара «ZOOM» алаңында онлайн форматта өткізілді.
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық тобының төрағасы Ардақ Қапышевтың төрағалығымен өткен онлайн-кездесудің мақсаты – жалпыұлттық тарихи сананың қалыптасуы, біртұтас тарих негізінде қазақстандық бірегейлікті нығайту және болашақ ұрпақ үшін тарихи жадыны сақтау бойынша азаматтарды шоғырландыру.
Арнайы қоныс аударушыларды сауықтыру мәселесі сауалдарына Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің аға оқытушысы Ермек Елжанова жауап берсе, Көкшетау техникалық институтының әлеуметтік-гуманитарлық пәндер, тілдер және психологиялық дайындық кафедрасының профессоры Сандуғаш Қасымова көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқай жайлы «Ұлт тәуелсіздігі жолындағы тарихи тұлға» атты баяндама жасады.
Ұлт тарихы халықтың жадында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра ретінде таралуы Қазақстан халқының біртұтас бірлігін нығайту жолында үлкен рөл атқаратыны жайлы пікір дөңгелек үстел қатысушыларының ойынан шықты.
Жалпыұлттық тарихи сананы қалыптастыратын, ұлттық бірлікті нығайтатын факторларды іздеу – ел болашағы үшін, тарихи мұралардың баға жетпес құндылығына кепіл болады.
Ботакөз БАҚБЕРГЕН,
Еуразия Ұлттық университетінің
журналистика факультетінің студенті.