Айқын да жарқын әр беті,
Әрдайым өмір жазары.
Үлкендер, жастар газеті,
Сүйікті «Арқа ажары».
…Уақыт шіркінде тоқтау бар ма?!
Күндегі әдетімше жинақталып қалған қағаздарымды реттеп отырғанымда, қолыма табиғат аясында түскен редакция қызметкерлерінің суреті ілікті.
– Апыр-ау, тайлы-тұяғымыз қалмай, түгелге дерлік фото суретшінің назарына ілігіппіз. Байыппен қарап, әр қатарын сүзіп шығып отырып қалыппын. Иә бұл сол кездегі дәстүрлі коммунистік сенбіліктен кейінгі жиналған сәтіміз еді. Ол да бір дәурен еді-ау.
Иә содан бері де қырық жылға жуық уақыт зымырап өтіп кетіпті. Бейнелері көз алдымдағы ағаларымыздың түгелге дерлігі бақилыққа сапар шеккен. Қыздарымыз бұл күндері немерелерін көз қуаныш етіп отырған қадірменді әжелер. Құрдас әріптестерім зейнеткерлер сапында.
…Ертеңінде газетіміздің бас редакторы Қайырбай Зейноллаұлы қоңырау шалды. Дәстүрлі мерекемізге орай, осы ұжымда ат ауыстырмай қырық жылдан астам еңбек еткен байырғы қызметкер ретінде төл мерекемізге мақала жазып беруімді өтінді.
Редакцияның ілтипат көрсетіп, ықылас білдіргеніне мың алғыс. Бір ғасырдан астам шежіре тарихы бар облыстық басылымның жай-жапсарына тереңірек бойлауды мақсат тұтпадым. Өйткені, бұл жағын газеттің 100 жылдығына арналған мерекелік нөмірінде кеңірек қаузаған болатынмын. Бұл жолы өзім куә болып, бірге араласқан оқиғалардың кейбір сәттерін ғана еске түсіріп отырған жайым бар.
…Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы қатарындағы облыстық газет табалдырығын 1971 жылдың 16 маусым күні аттадым. Алғашқыда корректор, арада үш ай өткен шамада кіші әдеби қызметкер лауазымына ие болдым. Кейін бас редактордың орынбасары ретінде қырық жылдан астам еңбек өтілімен зейнет демалысына шыққан едім.
Осы уақыт аралығында жеті редактормен қызметтес болыппын. Әркімнің өзіндік қарым-қабілеті, шығармашылық жолы, ұжымды басқару тәсілдері бар дегендей… Бұл шағын мақаламда оларды алға тартуды мақсат тұтпадым. Шындығында өзім нағыз шығармашылық ортада шыңдалдым. Үлкен өмірлік тәжірибе жинадым. Қаламгер болып қалыптастым. Соған ризамын.
Журналист болуды мектеп қабырғасында мақсат тұтқан өзім аудандық, облыстық, республикалық газет, журналдарға хат-хабар, мақала жолдап, олар жарық көргенде бір жасап қалатының өз алдына, шығармашылық ұжымда әріптес аға, әпкелеріңмен бірге қызмет етудің жөні бөлек екенін және бір тереңнен ұғатын дәрежеге жеттім.
Ол кезде газет аптасына бес рет шығады. Бейне бір конвейер дерсің. Материалдарды жұтып жатқаны. Қазіргідей компьютер, қаттау дегенің қиялдағы елес еді. Жазушы ағам Мәди Хасенов басқаратын мәдениет бөлімінің қызметкерімін. Күн сайын он-он бес хат келіп жатады. Соларды өңдеп, тиісті дәрежеге жеткізіп, секретариатқа тапсырып жатамыз. Өзге бөлімдердегі әріптестерімнің міндеті де осы.
… Жоғарыда айтып өткен сурет, ондағы қызметкерлер жайлы ой толғанысыма қайта оралмақпын. Өткен кезеңді еске алсақ, жиырмасыншы ғасырдың жетпісінші жылдары осы «Арқа ажарында» қазақ баспасөзінің небір жайсандары, бейнелеп айтсақ, кемеңгерлері қызмет етті. Олардың есімдері елімізге кеңінен мәлім. Әнуар Ипмағанбетов, Сапаржан Хайдаров, Әмірғали Нүркішев, Естай Мырзахметов, Шәмшиден Дәуітов, Еркеш Ибраһим, Мәди Хасенов, Қажымұрат Рахимов, Әскен Нәбиев, Нұрғожа Ораз, Рамазан Ахметов, Октябрь Әлібеков, Жұмамұрат Тұяқбаев, Рафық Фазылов, Тұрсынбек Тасқожин, Мәлік Нүрпейісов, қыз-келіншектер қатарынан Әлима Сақтағанова, Рахия Нысанқызы сияқты сөз зергерлерін атауға болады.
Есімдері аталған аға-әпкелердің біразымен қызметтес болғанымды мақтан тұтамын. Ал, олардың орнын кейінгі лекте Жомарт Әбдіхалық, Төлеген Қажыбай, Жабал Ерғалиев, Амангелді Жұмабек, Жылқыбай Жағыпарұлы, Алдан Смайыл, Мұратбек Тоқтағазы, Қайырбай Төреғожа сынды көркем әдебиет айдынындағы қаламгерлер қонысына бет бұрған басқа да әріптестерім басты.
… «Арқа ажары» қай кезеңде болсын оқырмандарының ілтипатына бөлене білді. Облыс экономикасының өсіп-өркендеуіне шығармашылық ұжым лайықты үлес қосты. Бір атап өтерлік жай, облыстық газет республика бойынша «Гектар берекесін арттырайық» деп бастама көтеріп, Нұрғабыл Мәлгәждаров пен Михаил Довжик есімді екі бригадирдің жарысын ұйымдастырды. Бұл бастаманы республиканың барлық астықты өңірлерінің қаламгерлері қолдап, қызу үн қосты. Газетіміздің беделі артты. Басшылық тиісті дәрежеде қолдау көрсетіп, қызметкерлеріміздің марапатталған кезі де болды.
Сол жылдары облыс орталығына еліміздің әр аймақтарындағы шығармашылық ұжымдар жиі келетін. Оның басты себебі, менің пайымдауымша, көрермендер көп жиналатын орынның болуы дер едім. Қаладағы сол кездегі Тыңгерлер және Жастар мәдениет сарайларына 2-3 мыңнан астам адам сиятын. Көптеген қалалармен тікелей әуе жолының да ықпалы болды. Ақмолалықтар Мәскеудің көптеген шығармашылық ұжымдарының өнерлерімен танысты. Республикамыздың академиялық қазақ театры, Қарағандының қазақ, орыс театрлары, павлодарлық сахна шеберлерінің гастрольдік сапарлары жиі өтіп тұратын.
Сол кезде редакция қызметкерлерінің көптеген майталман өнер қайраткерлерімен жүздесіп, пікір алмасып, қолтаңба алуымыз да дәстүрге айналған еді. Даңқты жерлесіміз, Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев, жұлдызшы Назарбек Қожамсейітов, атақты тайэквондошы, Түркиядан көшіп келген қандасымыз Мұстафа Өзтүрік, халық әртістері Ыдырыс Ноғайбаев, Қапан Бадыров және тағы басқа да өнер тарландарының ұжыммен кездесуін ұйымдастырған едік.
Одан бері де егеменді ел атандық. Заман өзгерді. Ақмола ел ордасы атанды. Көкшетау қаласы Ақмола облысының орталығы мәртебесіне ие болды. Көштің соңын ала «Арқа ажары» Астанадан Көкшетауға қоныс аударды.
Редакция басшысының екі шылбыр, бір тізгіні қарымды қаламгер, белгілі қоғам қайраткері, жазушы-драматург, ел азаматы Жабал Ерғалиевтің қолына тиді. Басылымда жаңа серпін, жаңа ой орамдары, идеялар дүниеге келді. Газетіміздің бет-бейнесі өзгерді. Бояуы түрлі түске боялды. Таралымы көбейді.
…Бір мақала көлемінде басылымның өзім еңбек еткен кезеңдегі барлық көтерген мәселелерін, небір проблемалардың оң шешімін табуына қол жеткізгенін, алған марапат-мақтауларымызды тізбелеп жатуды мақсат тұтпадым. Қалай дегенмен де газетіміз әр аудан, әрбір ауылдың, өндіріс орындарының, құрылыс мекемелерінің, білім ордаларының, басқа да нысандардың жылдың төрт мезгіліндегі тыныс-тіршілігін көрсетіп, таныта білді. Оқырмандарымыздың толғаныстары, ой-пікірлері ұдайы назарда болды. Қаперге алынды. Жарияланды. Шешімін тапты. Шығармашылық ұжым осы мақсатта жұмыла еңбек етті. Жергілікті тілшілермен тұрақты түрде байланыс орнатқанымызды да атап өтер едім.
Өзіме тәлім-тәрбие берген, қалам иесі болып қалыптасуыма тікелей ықпал еткен абзал ағаларым Әнуар Ипмағанбетов, Әмірғали Нүркішев, Ибрагим Қапаров, Шәмшиден Дәуітов, Нұрғожа Ораз, Октябрь Әлібеков, Жомарт Әбдіхалық және басқа да о дүниелік болған жақсы-жайсаңдарымыздың аруақтарының алдында басымды иіп, жандары жәннатта болсын деп тілеймін.
Жабал Ерғалиев пен Қайырбай Төреғожа бастаған қара шаңырағым – «Арқа ажарының» бүгінгі шығармашылық ұжымын төл мерекемен құттықтап, өмір керуенінің көш алдында болыңдар деген ақ тілегімді жеткіземін.
…Бір ғасырдан астам тарихы бар, қазақтың біртуар тұлғасы Сәкен Сейфуллин ұйымдастырған «Тіршіліктен» бастау алған төл басылымымыздың бүгінгі заман талабына сай жаңа бағытпен келе жатқанының куәгері болып отырған оқырман ретінде айтарым, егеменді еліміздің өсіп-өркендеуіне лайықты үлес қосып отырған басылымның алда да абыройы биіктей берсін.
Бәдуан ИМАШҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі,
Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері